Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақтың түбі (І нұсқа) (5-бөлім)

Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу

Нағып қалдың?—дегенде:

—Өзім аш болдым, атым-тоным жоқ жалаңаш болдым, қатыным екіқабат еді, босанып бала тапты, қалжаға сойып жеуге мал жоқ, емшегіне сүт шықпай баласын жарытпады. Сөйтіп, алақтап тұрғанда бір шүйебөрі анадай көз алдымда қырғауылды алды. Жүгіріп бардым, шүйебөрі қаша жөнелді, қырғауыл қала берді. Алып келіп қатыныма қалжа қылып етін асып, сорпасын ішкіздім, емшегінен сүт шығып, баласын жартты. Сонан кейін сіздің жігіт-желеңдеріңіз оқтай ұшырап келіп, жеткенімақ осы еді.

Оуыз хан бұған ат, азық, ешкі, лақ, қой, қозы беріп: «Енді сен шұбатылып жүрмей-ақ қой, қал, аш!»—дейді. Сонан «Қалаш» атанып, бұ да өсіп-өніп көп жұрт болды, «Қалаш елі» атанды. Бұл күнде «Ахлаж» деп атайды. Мауралмизде үрім-бұтағы көп жұрт болып өсті.

Ол шақта Иран, Тұранда атақты патша жоқ еді. Киамәрш өліп, Қошан таққа отырмаған күні еді. Өз үйіне әркім өзі қожайын, үй басы «Қарахан» аталған заман дейді. Бассыз елді баудай орып, қирата берді. Ирақ, Араб, Әзербайжан, Армиан, Мейіршамға шейін алды. Бір заманда дәуірі жүрген, бақ-талайы жоғары өрлеген патша болды.

Оуыз хан Шам аймағында тұрғанда күндіз-түн қасынан қалмай бірге жүретұғын бір жігіттің қолына жағын берді. «Қасыңа жан ертпей жалғыз кет, құс ұшпас, құлан жортпас шөлге шығып алтын жақты жерге көм. Көрінген тауып алып кетерлік болмасын!» деп бұйырған соң, бұл жігіті айтқанындай орындап келеді. Бір жыл өткен соң бәйбішеден туған үш баласын шақыртты. Бірінің аты—Күн, бірінің аты—Ай, бірінің аты Жұлдыз екен. «Үшеуің жігіт-желеңін көп қылып көттеріңнен жүргізіңдер. Бір шөл, суы жоқ құм бар дейді, аң көп жер дейді. Сонан барып аң аулап келіңдер, аң қуып арсалаңдап, көздерің далада болмасын, инесін жоғалтқан қатындардай екі көзің жерде болсын, істік ине, сыдырым таспа табылса, тастамай үйге алып келіңдер, жерден табылған нәрсе ырым болады, бақталайларыңды сынау үшін жіберіп тұрмын»,—деді.

Бұлар кеткен соң тоқалдан туған үш баласын шақырып алды. Бірінің аты—Көк, бірінің аты—Тау, бірінің аты Теңіз екен. Алдыңғы балаларына айтқан сөзді айтып, бұларды да аң аулауға жіберді. Бірсыпыра күн түзде жүріп, Ай, Күн, Жұлдыз алтын жақты тауып алып, адам көрмеген аңдарды мұрнынан тізіп, үйіп-төгіп алып келісіп, әкелерінің алдына қойды.

Соңғы кеткен балалары да: «күмістен жасалған үш оқ тауып алдық» десіп, бірсыпыра аңмен оларда әкесінің алдына ап келіп қойды. Хан балаларының оқ, жақ тауып алғанына қуанып:

—Бағым, тағым айдалада қалмайды екен, балаларымда қалады екен,—деп, ел-жұртын шақырып, шүлен тамақ беріп, алтын жақты тауып әкелген үш баласына берді. Үш күміс оқты, оны тауып ап келген балаларына берді.

—Жақ тауып алған сендер, хан боласыңдар, міне. Оқ тауып алған сендерге нөкер болады, алған жұрттарының бәріне, өздерінің ішінен іске татырлығын бас сайлап, өзгең осының аузына қарап тұрыңдар, сонда жұрттықтарың жоғалмайды,—деп, өзінің туған жұрты, кіндік кесіп, кір-қоңын жуған жұрты Моғолстанға қайтып келіп түсті.

«Бала-шағамен, қоңсы-қолаң, құл-құтанымен, аймақ-отанымен көп жұртты аралап, жаманын жаралап, жақсысын саралап, аман-есен келгеніме той беремін»,—деп, ұлық, зор тамаша жасамақшы болды. Сонда сол тойда жұрт көзіне түсу үшін уық, шаңырақ, керегелі киіз үйді жасатты. Ағаш біткеннің басын алтынды қылып, аяғын күмістен жасатты. Лағыл, жақұт, зумрат, фируза—бұл тастардан сол үйге қадалмай, орнатылмай қалғаны жоқ.

Абулғазы сөйлеген шежіреден жазылған сөз:

Бір үй тікті алтыннан, ол—шаһарияр,
Кім ол үйді фалак ойы қылды ғар.
Тоғыз жүз жылқы, тоғыз мың қой өлтірді,
Былғарыдан тоқсан тоғыз саба құяр.

Шежірелік аңыздар

Барлығы: 341 аңыз

Тағы оқыңыз