Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақтың түбі (І нұсқа) (4-бөлім)

Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу

Оуыз хан жетпіс екі жыл Моғұл, Татармен жауласып, жетпіс үш жылда бәрін өзіне бағындырып, пұсырман қауымына кіргізді. Сонан соң жүріс қылып Қытайды алды. Қара қытай атанғаны кісілерінің өңі-түсі һүнді халқындай қара түсті болады деген. Һүндістан мен Қытайдың аралығында болады екен. Бұлардан ары дүние айналған. Мұхиттың жағасында, заңғар биік тауларды қоныс-тұрақ қылған жұрттар бар екен. Патшаларының аты Итбарақ екен. Солармен соғысты. Итбарақ хан басым шықты да, Оуыз хан қосыны бәсең тартып, жеңіліп бара жатқан соң, қашты. Ұрысқан жерінің бір жағында ағатұғын екі дария бар еді, сол дарияларды көрген соң Итбарақ хан қосыны қайтып кетті. Оуыз хан қосыны есін жиып, етегін жауып, дем алып қашқан-босқан, қалған-құтқанын жинады.

Ол заманда соғысқа аттанғанда қатын-қалаш, бала-шағасын қалдырмай бірге алып жүреді екен. Оуыз ханның бір өзіне жағымды жігіті бар екен, соғыста өлген екен де, қатыны қашып құтылып, ел соңына келіп орын тапқан екен. Өзі буаз екен, толғақ тұтып, күн суық, бас паналауға үй жоқ. Бір іші қуыс шірік ағаштың ішіне қорғалап босанып, ұл тапты. Ол заманда іші қуыс ағашты «қыпшақ» деп атайды екен. Оуыз хан бұл баланың атын Қыпшақ деп қойып, өзі бала қылып алды.

Осы бала өсіп, жігіт болған соң қолбасы қылып, көп жігіт-желең беріп орыс, ұлақ, башқұрт, мажар жақтарына жауласуға жіберді. Бұл айтылған жұрттар Тең деген судың бойында болады екен. Қыпшақ келіп орыс, ұлақ, башқұрт, мажарды өзіне қаратып алып, үш жүз жыл патшалық қылды. Бұған қараған ел—«Қыпшақ елі» атанды. Тең, Еділ, Жайық—осы үш судың өлкесінде төрт жүз жыл тұрақ қылып, тарихтарда «Дешті- Қыпшақ» атанды.

Оуыз хан Итбарақ ханнан жеңіліп қашқандығын ар-намыс көріп, он жеті жыл арада өткеннен кейін қайта қам қылып, аттанып барып ұрысып, Итбарақ ханды өлтіріп, елін жер-жебір қылып шауып, «пұсырман болдық» дегенге тимей, болмағанын қырып, қиратып, ордасына қайта келіп түсті. Сондағы орда деп жүргендері—керегесіз ағаш шаншып, кигіз жапқан жұлым үй.

Оуыз хан моғұл-татар елінің азаматын жинап, Талас, Сайрам, Ташкентке аттанды. Ол заманда бұл айтылып отырған шаһарлар шаһар болып аталған емес. Басы—Қожакент, аяғы Өзкент, Шыршықтың бойында тоқсан мың Қыбрай дүрмен деген жер бар екен. Бір шеті—Шымкент, Сайрам. Отырықшы болған халықты «кент халқы» деп атайды екен. Не десе, о десін, осы аталған жер-суды, отырған жұрттың бәрін өзіне қаратып, алты айда апа-сапа қылып, Зарапшан, Аму суының бойындағы жұртты жайластырып, Құндыз, Талқан, Балқ, Бадақшаннан арман асып, Ғұр уәлаятының үстіне барды.

Зымыстан қыс түсіп, күн суық болып, қар қалың жауып, қос-қолаңды қосын жүруге жол ауырлық қылып, жұрт жүдеубас болайын деді. Өктеп отырып, жұрт барып Ғұрды алды. Жыл шығып, жаз болды, қосын санына қараса, бұрынғыдан аз болды. «Бұл қайда қалды?» десе, қардан жүре алмай тау басында қалған екен. Жаз шыққан соң келіп қосылды. Хан оларға: «Сендерге қарлық тисін!»—деп қарғады. Қарлық деген жұрт—солардың жұрағаты, үрім-бұтағы. Бұл күнгі атымен атай берейік. Кабул, Ғазауин, Кашмирді де алды. Бәрін өзіне қаратып, Балқ, Бадақшан үстімен Бұхара, Самарқан топырағын басып қайтып келіп, Моғолстан жұртына орнықты. Бір жыл жатып тынығып, екінші жыл Иран, Шам, Мысыр жұртын ойға алып аттанды.

Ол күнде Талас бойы отырықшы жұрт болған екен. «Талас» шаһарға қойылған ат екен. Таласта жатып алды-артын қоғамдап жинағанда, жұрттан кейін қалған бір үйлі-баранды болған, өзі жалғыз үй қалған. Біреуі тауып алып, ап келді.

Шежірелік аңыздар

Барлығы: 341 аңыз

Тағы оқыңыз