Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақтың түбі (І нұсқа) (6-бөлім)

Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу

Тоғызына арақ, тоқсанына қымыз толтырды, барша нөкерлерін шақырып келтірді. Әуел басы алты баласына көп өсиетті, үлгілі сөздер сөйледі. Онан ел сұрайтын билеріне: «Жол-жоба, ақыл-таразы, ақылға билетіп сөйлейтін сөзге әркім-ақ риза болмақ» деп, солайша үйретті. Әрқайсысының еңбегіне, қызметіне лайықты сыйлар сыйлап, бас болуға жарарлығын—бас, құл болуға жарарлығын—құл, аяқ болуға жарарлығын—аяқ, әркімнің сыбағасын, өзі орнын жобалады.

Балаларына:

—Жасы үлкен үшеуің алтын жақ тауып келдіңдер, өздеріңе байлап едім, бұзып, бөлектеп алыңдар. Аттарың «Бұзық» болсын. Сендерден болған үрім-бұтақты «бұзық» атасын, мүйізды қошқар бола тұра, сендер—екі қошқардың басы бір қазанға сыя ма? Бір атадан екеу тусаңдар, бір-біріңді мүйіздеп, бақ күндестікпен әуре боласыңдар.

Үш оқ тауып келген үш бала, ол пенде жұмысы емес, Алла жұмысы. Жақ патша есепті, оқ жақтың атып жіберген жұмыскері, жақ оқты қалай нұсқап атса, оқ солай кетеді. Мен өлген соң көп хан таққа мініп, менің орныма отырып әділдік қылсын, сонан былай «Бұзық» тұқымының іске жарарлығы хан болсын да, хан болмағаны оң қол болсын, үш оқ тұқымы сол жақта отырсын, сол қол болсын, бір түйеде екі өркеш, бірінсіз бірінің күші бола ма? Осы сөзді ұмытпаған—оңбақ, мұны ұқпағандар—тоңбақ.

Оуыз хан жүз алты жыл патшалық қылып, Хақ рақыметіге барды. Оуыз ханның тұңғышы—Күн хан патша болды. Ұйғыр елінен Ерқұлқожа деген кемеңгері бар еді. Соның қас-қабағының ыңғайымен іс қылды. Оуыздың алты баласында жиырма төрт немере болды.

Бұл айтылған балалар, немерелер қадірлеп айтылатын қатындарынан «Құма» деп айтылатұғын қатын болады екен. Оны қатын есепті алған емес, олжаға түскен соң сұлулығына қызығып, басқаға қимай жинай береді екен. Мұндайдан болғандары биттей быжынап, құрттай құжынап толып жатыр. Күн хан атасы жасатқан Алтын Орданы тіктірді. Тоғыз жүз жылқы, тоғыз мың қой сойдырды, былғарыдан тоқсан тоғыз саба тіктіріп, тоқсанына—қымыз, тоғызына арақ толтырды. Жұртына қырық күн шүлен тамақ беріп, «Ата көрген—оқ жонар, ана көрген—тон пішер» деген сөзді орнына Ақтан тигізгендей, оқтай келтірді.

Киіз үйді қолдан жасатып, жұртқа өрнек-өнеге қылған Оуыз хан болғандықтан, «киіз туылдырықты Оуыз үйі» атанып қалды. Және:

—Дәл өзіме ше [йін] тоғыз атаға хандық үзілмей келді және өзімнен кейін тоғызға толғанша үзілмейді,—деп, тоғызды толық сан қылды. Қазақта: «Киіт те тоғыз, сиіт те тоғыз» деген сонан жол-жоба болып қалды. Балаларының аттары: Күн хан, Ай хан, Жұлдыз хан, Көк хан, Тау хан, Теңіз хан.

Күн ханнан төрт бала: Қали, Баят, Алқа аюлы, Қара аюлы;

Ай ханнан төрт бала: Ошат, Қонақ, Дудырға, Дөкір;

Жұлдыз ханнан: Салар, Әміре, Алажонты, Өзгер;

Теңіз ханнан: Ектұр, Бектұр, Ауа, Қонық.

Көк хан, Тау ханның аты жазылмапты. Құмарларынан болған бел балалар: Кене, Көне, Төрбат, Керейлі, Сұлтанды, Оқты, Көкті, Сушыл, Арасан, Жұртшы, Жәмші, Тұрышы, Қойсорқы, Қошық, Қазғұрт, Қырғыз, Лақай, Тікен, Лала, Мөрдем, Шот. Бұл шежіре—біздің алып отырған үлес, сыбағамыз.

Оуыз хан балаларына өз пайым-парасатымен көзіне көрінген нәрсенің толымды, жарамдысын ат қылып қоя беріпті: Күн, Ай, Жұлдыз, Көк, Тау, Теңіз деп. Сол аттар күні бүгінге шейін біздің қазақта: айдың басында туған баланың атын Айбас қояды. Таң ата туған баланың атын Таңатар қояды, күн шыға туса, Күншығар қояды, түн ортасында туса, Түнқатар қояды, көл басында туса, Көлбай қояды, тауда туса, Таубай қояды, жайлауда туса, Жайлаубай қояды, қыстауда туса, Қыстаубай қояды, күзекте туса, Күзек, Есілде туса, Есілбай, Нұрада туса, Нұрабай. Оуыз ханнан ұстап қалған өнеге-үлгі осы.

Екінші өрнек үлігісі—киіз үй. Бір нәрсені біреу іздеп таба алмай келсе: «Осы Оуыз үйлі Айдаболдан таба алмағаның ба?»—дейді. Үшінші өрнек үлгісі—топырлатып жылқы сою, қой сою, қара сабаға қымыз толтыру. Төртінші өрнек үлігісі— тоғыз-тоғыздан сыйға сияпат. Өлген өлігіне мал шығарса да— тоғыздан. Байлар өлсе, жаназаға барып келушіден: «неше тоғыз шығарыпты?»—деседі.

Арғы атамыз—Ер Түрік, екінші буын атамыз—Моғол, моғолискиге қосыламыз. Үшінші буын атамыз—Оуыз хан. Ай мен Күн, Жұлдызына таласпай-ақ қоялық, үшінші оқты бізге қимай ма? Біз неге бұл күнге шейін «Үш жүз» атанып, «Үш алаш» атанып жүрміз?!

Шежірелік аңыздар

Барлығы: 341 аңыз

Тағы оқыңыз