Қазақтың түбі (ІІ нұсқа) (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Первый человек—Адам Ата топырақтан жаратылды. Второй человек—Нұх пайғамбар Топан суынан үш баласы, үш келінімен аман қалды. Басқа қалғандар [ы] бәрі қырылды.
Нұх пайғамбардың үш баласынан өрбіп-өніп өсті: Хам, Сам, Иафас. Бұл үшеуін өзі тірісінде үш жаққа жіберді. Хамды Һиндстан жаққа, Зәңгі Хабаш қара түсті жұрттар мұның нәсілінен өсті. Самды оңтүстікке—Иран, Зминге жіберді. Ғараб, Ғажам мұның нәсілінен өсті. Иафасты солтүстікке жіберді. Мұның нәсілінен отыз алты түрлі жұрт өсіп-өнді. Сегіз баласының аты тарихшыларда қалды: Түркі, Хазар, Сақлаб, Рус, Мың (Мен), Шын, Кимер, Тарф.
Бұл Иафас тұңғышы Түрікті өз үрім-бұтағына хан сайлады. Басқа балаларына: «Бұған бағынып, қараңдар!» деп бұйрық қылды.
Сонымен Түркі первый (перуай) хан атанған, ханның толық дөкейі болды. Бұл Түркі ақылды, милы, әдепті, ибалы жан болды. Сонда ұнатып орныққан жері Ыстықкөл болды да, керегесіз төбе қосты баспана қылуды бұл Түркі шығарды. Төрт баласы болды. Тұңғышы—Түтік. Бұл Түтікті өз қолынан хан сайлап, үрім-бұтағына басшы қылып, ахирет сапарына кетті. Түтік ғақылды, дәулетті, жақсы патша болды. Түркі жұртында көп жол-жобаны жұрт көзіне түсірді. Ғажам патшалары әуелі Кеймарыспен замандас болды.
Күнлерде бір күн аң аулап, киік етін жейді, аузына сүйкімді тиді. Сөйтсе, ол жер тұзды жер екен. Тұз асты ләззатты қылатұғынын сезіп, асқа тұз салуды бұл Түтік шығарды. Екі жүз қырық жыл жасап, баласы Елші ханды орнына отырғызып, «Барса келмеске» кетті.
Елші хан көп жылдар патшалық қылып, асарын (ашларны) асап, жас жасап, баласы Деб Бақой ханды орынға отырғызып, бабаларының соңынан бұ да барды.
Баласына «Деб Бақой» деп ат қойғаны: «Дебтің» мағынасы— «тақ үсті», «бақой» мағынасы «ас ағасы» деген екен. Бұл Деб Бақой көп жылдар (иллар) патшалық қылып, достысы күлгендей, дұшпаны жылағандай іс қылып, баласы Киік ханды орнына отырғызып, «көші-қоны жоқ, жайлы орынға» бұ да барды.
Киік хан тағында отырып, неше жылдар дадғыдыллық қылып, баласы Алтыншы ханды орнына қойып, «халық баратұғын орынға» бұ да барды. Алтыншы хан көп жиллар (жылдар) елге патшалық қылды.
Нұх пайғамбар заманынан бұл Алтыншы ханның заманына шейін Иафас үрім-бұтағы мұсылман еді. Алтыншы заманында жұрт абадан, ел дәулетті болды. Өзбекте айтыла қалған сөз бар: «Ит семірсе, иесін қабар» деген. Әркімнің бір сүйері өлген болса, я ұл, я қыз, я аға, я іні—соған ұсатып (ұқсатып) үйлерінде қуыршақ жасап, өзіне бөлек сыбаға ас қойып, соны құшақтап сүйіп, солай қыла-қыла өршіп, ұлғайып, шытпырситлық (пытшырситлық) күшейді. Бұрынғы ата-бабаның ізінен, соқпағынан айырылды.
Алтыншы хан екі баласы егіз туып еді. Бұрынғы туғанының аты—Татар, соңғы туғанының аты—Мұғыл. Алтыншы хан қартайған соң елін екі баласына бөліп беріп, бұл екеуі бірімен-бірі тату-тәтті болып, екі жерде патшалық құрды.
«Татар кім болды?» деп ешкім сұрамайды. Біз Мұғыл кім болғанын таратайық. «Мұғыл» мағынасы: «мұңлы, қайғылы» делінген сөз. Бұл Мұғылдан тоғызыншы атаға дейін ханлық (хандық) үзілмей келді. Әуелі—Мұғыл хан, ақыры—Елхан. Түркі халқының ішінде рәсім, үлгі, өрнек болып қалды. Әр нәрсені тоғыз-тоғыздан қылмақ. Ол «тоғызы»—Мұғылдың тоғыз ханының соқпағы.
Мұғыл хан көп жылдар патшалық қылды. Төрт ұғлы бар еді: Қарахан, Өзхан, Көзхан, Көрхан. Мұғыл хан Қараханын өз орнына хан сайлап кетті. Қарахан атасынан соң тамам елге патша болды, Ұлытау, Кішітауды жайлады. Қыс болғанда, Қарақұм, Сыр суының жағасын қыстады. «Қарахан заманында жұрт сондай кәпір болды, орталарында бір пұсырман қалмады» десе, өтірікші болмайды.
Қараханның бәйбішесінен бір ұл туды: көрерге көркі айкүннен әдемі болып туды. Үш күн, үш түн емшек берсе, ембеді, анасының қарасын егіз-екі көрмеді. Жұрт дағдарды, састы. Құдайдың құтты күні бала шешесінің түсіне кіріп:
—Ай, анажан, мұсылман (пұсырман) бол! Сені, мені жаратқан Біреу бар, сен соны бір біл. Сен солай қылсаң, емшегіңді емемін, әйтпесе, ембестен, тіл тартпай өлемін!—деген соң, шешесі баласын өлімге қимағандықтан, баланың «айт!» дегенін айтты. Бала сонан соң шешесін емді.