Шежіре (6-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Байкел мен Өтепберген оза туып,
Жасқанып жауды есептеп санамады.
Баһадүр басы туған сол ерлердің
Тауысып тағдыр демін қазалады.
«Атадан сондай сендер, кем тудың» деп,
Көп айтып, Бекжан аға мазалады.
Үркімбай, Дуанадан Оңғар, Пірім,
Пірімнің қатарынан сөзі шырын.
Қызмет етті дейді Көшербайға,
Оңғармен жүргенінде келіп қырын.
Аяғын әркімдер де аңдап басты,
Көпшілік көргеннен соң ердің түрін.
Кейбіреу үйде отырып еліреді,
Кетірмей жағасының жұққан кірін.
Өмірқұл шаңырақ түйе секілді еді,
Басқасын айтып өттім бұдан бұрын.
Қаражан, Жамантықтан Маман шықты,
Белгілі халық білерлік адам шықты.
Аттарын термешілеп көп айтпадым,
Өз атам болғандықтан Жамантықты.
Алтыншы—Өмірқұлға келіп кезек,
Былайғы бес Есембай тамам шықты.
Өтейден туған екен Өмірқұл бай
Асулы ет қазанында, қайнаулы шай.
Қареке, Қараман мен Құлшық туып,
Сәркені үшеуінен көріпті жай.
Былайғы үш баласы момын болып,
Әркімдер бір билепті олжасындай.
Осыны Өмірқұл бай азар көріп,
Сопының тынышын алған барып қоймай.
Келеден бура, айғыр, қойдан қошқар,
Тірілей тізіп барған бірін соймай.
«Тілегің осы болса,—депті пірі,—
Қыз бердім, көш бастайтын қарқарадай.
Ұл бердім, қол бастайтын Сәрке деген,
Кідірмей қайт,—депті,—енді мазамды алмай».
Ол Сәрке батыр болған халыққа мәлім.
Талайдың таңырқатып төккен қанын.
Қалмақтың, Қоқан менен Қарақалпақ
Күйзелткен қайырлатып суға салын.
Қалмақпен қарсыласып неше жылдай,
Аударып алған екен жер мен малын.
Сопы өзі берген соң кем болсын ба,
Дұшпанға тарттырыпты қайғы-зарын.
Ақайдар, Бекайдармен туып одан
Аузына қаратыпты халықтың бәрін.
Байқадам, Ақайдардан туып Татан,
Ерліктің еркінше алған ықтиярын.
Ақсақал, Байсақал мен Сейіл туып,
Бұлардың біледі үш жүз сырт хабарын.
Бекқұлы Кіші жүзге мәлім болды,
Бұрынғы батырларға тартып сарын.
Бекеңнен Әбіләкім туып еді,
Жас қыршын, жанып тұрып, сөнді жалын.
Ұранға аты шыққан атақты ердің
Аяғын Жанұлымен тамамдадым.
Аннастан отыз екі ата боп тұр,
Шежірені шамалайтын ерге мәлім.
Саркеден сегіз ата жерге келді,
Батырдың білгің келсе, бергі жағын.
Жанкісі, Қарекеден Өтеулі, Ұзақ,
Жетіп тұр, жеті атаға олар да ұзап.
Жанкісі әулие боп кереметті
Көргендер қойыпты ден күмәнсіз-ақ.
Жайнамаз берген екен Қосымқожа
Наза боп, алдына әуел барған жолы-ақ.
Ұзақтан қайқы туып, қандай болды,
Қалған жоқ, кімнен шіркін, дүние шолақ.
Артық боп абыройы әркімдерден,
Пәниге келіп қайтты, болып қонақ.
Қайтпайтын Қараболат, қайран ерім,
Жай бергей, жаннатыңнан Зұлжалал Хақ.
Батырдың Бекжан, Нарша орнын басты,
Ұстаған ата жолын белгілі әруақ.
Наршаны кім кемітед қатарынан
Маңызды білімге сай мінез салмақ.
Ескеріп екі адамды айрықша айттым,
Қалдырмай білгенімше әбден талдап.
Мақамбетқали менен Нарша жолдас,
Бір жылғы төл ішінде туған саңлақ.
Жалғанда жан сенерлік опа бар ма,
Аңдулы адам—балық, ажал—қармақ.
Аннастың әкесінен санағанда,
Отыз үш келді атаға осылар нақ.
Жан барда, қызыл тілім, қарыштап қал,
Тапжылтпай тағдыр бір күн алатыны хақ.
Алқымнан аңсызда ажал алған кезде,
Сан соғып дегізбеген кімдерге қап.
Бейне бір адам—жалын, ажал—нөсер,
Сөндіріп сағатында ететін сап.
Халайық, қате жерін айып етпе,
Қисындап құрастырдым әлімше шақ.
Домбыра жастан қолға алып едім,
Көз көрген көп жерлерге мәлім едім.
Қарайтын облысым—Қызылорда,
Жалағаш ауданының Табыны едім.
Есембай тайпасынан, атым—Шоңбай
Жиналған жиын-тойдың сауығы едім.
Бұл жазған шежіренің әнжамына,
Қайқының Бекжанынан қанып едім.
Кейінгі жастар оқып үйренсін деп,
Оралтып өлең сөзге жазып едім.
Жүйрігі Жетірудың кетті небір,
Мен текке, шайырсымақ қалып едім.
Қатарға қосылмасам сөзімменен,
Қайрат кем, бір аяқтан жарым едім.
Жата алмай, жайға қарап, жас жетсе де,
Бәйгіге баса көктеп шауып едім.
Ерікті ел, байлығы мол—Қазақстан,
Білім мен кеннің көзін тауып едің.
Аттанып, отан қорғау ұраныңмен,
Жан қиып, жауға ерлерім шауып едің.
Ұшырып дұшпаныңның күлін көкке,
Сүйегін сырқыратып шағып едің.
Қорғаған халқын жаудан гөзелдерім,
Ерліктің төске орденін тағып едің.
Жас жайнап, қарт жасарып, халқы өркендеп,
Қайта өскен Қазақстан ауылы едім.
Тілектес жаңа талап достарыма,
Туысқан, түбім бірге—бауыр едім.
Артымнан алдым жақын секілденіп,
Жүрер жол ортасынан ауып едім.
Алдымда аға-жеңгем көп кезінде
Именбей еркін сөйлеп, тәуір едім.
Бір үйге бара қалсам, бәрі кіші,
Өткен күн, жеткен жедел дәуір едің.
Ерлерім есіткенде ескерсін деп,
Сөз соңын соза бермей, жауып едім.