Сатыпалдин Файзолла қаридің өлең шежіресі (5-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Ақкөбік содан соңғы бір атамыз,
Тарихтан көрген сөзді таратамыз.
Неше ру, неше тайпа ел боп кетті,
Ендігі сөздің артын ұзартамыз.
Қыпшақтың бір атасы Ойбас болып,
Ұраны қыпшақтың болғаны анық.
Елін жауға алдырмай қалың қыпшақ,
«Ойбастап» жауға шапқан, ұран салып.
Мұнан соң Мейірман мен Абызсары,
Атаның түскен бұған оң назары.
Бір өзінен төрт бала жедел туған,
Құлан, Қытай, Қара, деген Сары.
Қарадан—Исламсейіт, бай Тоқтарбай,
Болыпты дүние-мүлік, дәулеті сай.
Зар болып бір балаға жүрсе керек,
Тарихта бізге қалған, міне, осылай.
Тоқтарбай көптен жүрген, бала көрмей,
Тілеген, жатып-тұрып ұйқы келмей.
Келгенде сексен жасқа қабыл болып,
Көріпті бір ұл, бір қыз—жүргенде өлмей.
Қуанып Тоқтар ата, қылды тойды,
Қайғысын көңіліндегі бәрін жойды.
Ел-жұртын жиып алып, шашу шашып,
Баланың Қобыланды деп атын қойды.
Туыпты Тоқтарбайдан батыр Қоблан,
Құтылар уақыт жетсе, кім ажалдан.
Жауына күш көрсетіп, болып өткен,
Жан екен бір сәруар, сайыпқыран.
Дәуірлеп, ел-жұртын билеп өткен,
Жауына алдырмаған келген шеттен.
Он екі бір өзінен бала туып,
Кенжесі—Тоқтар деген би болып өткен.
Тоқтардан Бұлтын, Торы, Қарабалық,
Көлденең, Ұзын—бәрі өскен халық.
Баяндап сөздің артын ұзартпаймын,
Әркімнің ендігісі өзіне анық.
Құлан, Қытай, Қыпшақ, деген Сары,
Ойласақ, Арқада емес мұның бәрі.
Біразы Башқұрияға кеткен сіңіп,
Әр елдің арасында басқалары.
Көп елмен бұрыннан даулы Қыпшақ,
Қоймапты бетіндегі жауды Қыпшақ.
Баласы бір Тоқтардың бес таңбалы,
Дейді екен: «тоқсан екі баулы Қыпшақ».
Туысқан Жарбасты мен Құттық, Күшік,
Бұлар да іргелі ел болып кеткен.
Күрлеуіт, Мейрам қыпшақ деп атайды,
Жазылған шежіреде осылай деп.
Жаңбыршы—Қалдан, Болат, Алтыбастан,
Алтынсарин Ыбырай жұрттан асқан.
Еңбегі тарих болып қалды артында,
Қараңғы қазақ баласының көзін ашқан.
Үшінші, Нәдірқожадан туған—Найман,
Бұлар да өсіп-өніп қанат жайған.
Кешегі батыр туған ер Қабанбай,
Шығыпты ұран салып Боранбайдан.
Қаптағай бәйбішеден Қызай Найман,
Көкжарлы, Садыр, Матай, Қаптағайдан.
Туыпты Балталы мен Бағаналы,
Найманның кіші әйелі Наймантайдан.
Таусылмас айта берсем, сөздің түрін,
Ұсақтап кетсем болмас, сөздің құнын.
Түбі бір атадан Қоңырат, Найман,
Осымен тоқтатайын, енді мұны.
Ал енді Смағұлдан Бақты Ошбай-ды,
Айтайын Керей, Уақ болған жайды.
Туады Ошабайдан жалғыз Керей,
Керейден—Абақты мен Ашамайлы.
Бірталай аралықта жылдар кесіп,
Қытайға Абақ, Керей кеткен көшіп.
Олар енді қайтып келіп қосылмады,
Сол жақта рулы ел болып кетті өсіп.
Ашамайлыдан Таңат би жалғыз туған,
Өтіпті дүниеден көрмей ұлдан.
Жүргенде үміт етіп бір баланы,
Жалғыз-ақ, әйелінен бір қыз туған.
Мінекей, сол қызынан Сыбан туған,
Жиенін туысымен бала қылған.
Көзінің тірісінде сол Сыбаннан
Екі бала—Балта, Көшек деген туған.
Ал енді Кіші жүз—Бекарыстан,
Мұны да таратайын көп алыстан.
Ұсақтап, өз алдына көп таратып,
Жазуға күш жетпейді қалдырмастан.
Бекарыстан—Алшын мен Құдияр тентек,
Бұлар да қалған емес, өспей келтек.
Құдиярдан төрт қожа болып туған,
Жазылған шежіренің сөзіне ерсек.
Қыдырқожадан Байлы мен Қаракесек,
Бұлар да өскен халық, болмай есеп.
Қаракесектен белгілі—Әлім, Шөмен,
Сөзімді артық болмас, туды десек.
Әлімнен Төртқара мен туған Шекті,
Ақкигіз бір баласы болған Текті.
Кете мен Жағалбайлы және туып,
Бұларда алты аталы Әлім депті.
Шөмекейден Тоқа, Бозғыл, Аспан,
Бұлардан Қаракесек ажырасқан.
Ішінде Кіші жүздің тентек ел боп,
Дау-жанжал төбелеске араласқан.
Қоңырқожадан туады Байұлы бай,
Байұлынан Қызылқұрт, болады Адай.
Белгілі Алаша, Таз, Тана, Шеркеш,
Машқара, Шектемір мен һәм Бақтыбай.
Осылай он екі ата Бай баласы,
Бұлардың көз жеткісіз айналасы.
Ішінде рулардың Кіші жүзде,
Тең келер, еш адамның жоқ таласы.
Сәдірқожадан туады Жаппас келіп,
Бұлар да жатыр шалқып, өсіп-өніп.
Жаппастың бір өзінен бесеу туып,
«Бес Жаппас» деп атапты есім беріп.
Нәдірқожадан тарапты Жетіру кеп,
Айтайын сұрасаңыз, мұны кім деп.
Жағалбайлы, Рамазан, Тама, Табын,
Керейт пен Төлеу және Атайсеміз.
Нәдірден жеті бала таралады,
Жетіру жеті ата боп саналады.
Арты өсіп, көпшілігі Кіші жүзден,
Осылай Нәдірқожадан таралады.
Тамам