Адам әлейһисаламнан бері қарайғы ұрпақ, руларға дейінгі шежіре (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Бисмилла рахмани рахим
Жарандар, жәрдем тіле жалғыз Ақтан,
Бақ тайса, патша құлар алтын тақтан.
Ісіңе Құдіреттің қарасаңшы,
Жаралған Адам Ата топырақтан.
Жүріпсің бәрің дағы жігітпіз деп,
Атаңның атын білсең, сонда мақтан.
Атамыз Адамнан соң Шеш пайғамбар,
Сауап табар шежіре білген жандар.
Баласы Шеш пайғамбар Әшүш екен,
Ақылды, зерек адам, ісін аңлар.
Атамыз одан бері анық Қайнан,
Надандар ата жөнін білсің қайдан?
Ұғысып өткендерден сабақ алсаң,
Сол болар тіршілікте тапқан пайдаң.
Қайнанның баласы екен Мағұла бұл,
Атаңның атын біліп, жөнін айыр.
Атамыз одан бері Ипарып екен,
Исламға әуел бастан болған қайыл.
Ипарыптың Ақнұқ екен ұғылдары,
Ол адамдар Алланың шын құлдары.
Лақап аты Ыдырыс Хақ пайғамбар,
Жетінші атамыздың рухлары.
Хамас Ыдырыстың баласы екен,
Уағында адамның дән нас екен.
Атамыз одан бергі бәрі дапыл,
Бір Алла бұл әркімнің панасы екен.
Ысрапыл атамыздан Ырдан туған,
Қор болмас шариғаттың жолын қуған.
Ырданның баласы екен Мәулім деген,
Атамыз он үшінші келдік бұған.
Мәулімнің баласы екен Мәулім Шаллақ
Жазайын деп ойладым көңіліме ап.
Қиссаның біз сөйлейік сарасынан,
Туылған өсіп-өніп мұнша халық.
Атамыз одан кейін дейді Ғалламақ,
Мұсылман дін жолында Алла демек.
Дәмектің баласы екен әзіреті Нұх,
Аяғы топан суға болмаған ық.
Сол Нұхтан өсіп-өнген осы адамдар
Жамағат, құлақ салып, жақсылап ұқ.
Баласы Нұх пайғамбар Хам менен Сам,
Көп жалған айтқан сөзде болмайды дәм.
Және де бір баласы Япыс деген,
Атамыз он төртінші келдік бұған.
Біліңіз ата-жөнін мына кептен,
Екі ұлы Нұх пайғамбар суға кеткен.
Хам менен Сам Нұх пайғамбар тілін алмай,
Екеуіне топанда қаза жеткен.
Япыстан—Яжым, Мажым, және Қаплап,
Мәнжур, Ахтой, Мағұл, Сақлап.
Тырысып бұлар жөнге келмей кеткен,
Кетпелік қызылбасты және тастап.
Хам әулеті бұларды қарасаңыз,
Қара араб патшасы бұлар дағы.
Сам нәсілі тараған бүкіл араб,
Бар мұсылман Сам әулеті білсең қарап.
Күллі мұсылмандар Сам нәсілі—
Пайғамбардан исламды алған қалап.
Бустанда Апыл, Айсан, Әлім болған,
Самарқан күллі әммасына мәлім болған.
Жамағат, қата болса, сөкпеңіздер,
Кітаптан осылайша бізге ұғылған.
Бес бала туған екен әзіреті Самнан
Жазылған шежіре кітабынан.
Арбақша он бесінші аталарым,
Түзеңдер жақсы жандар қаталарын.
Баласы Арбақшаның Сапиан екен,
Сапиан дүр он алтыншы аталарың.
Сапианның баласы екен атты Бақыр,
Жақындар жылдан-жылға заманақыр.
Бақырдың баласы екен Айқат деген
Тәртібі осылайша келе жатыр.
Айқаттың баласы екен Хаснас,
Бисмилламен басталған сөздің басы.
Хаснастан Пашарық туған екен,
Көрінді осылайша сөз қарасы.
Туылған Пашарықтан Игі, Ақтамыр,
Білуге ата-жөнін сөз қатамыз.
Қиямарс, Нақора туған екен
Құдай-а, кешіре гөр көп қатамыз.
Пайғамбар нәсілі нұрдан жаралыпты,
Талас сөз әр кітаптан қаралыпты.
Шежіре жөніменен қуып айтсақ,
Парсы елі Қиямарстан таралыпты.
Бір сөзге біздер келдік ата қуған,
Иманды, шариғаттың жолын қуған.
Атаны бері қарай таратайын,
Нахура атамыздан Тазды туған.
Таздының баласы еді атты Тарақ,
Ол кісі сұлтан болды елі қалап.
Лақап аты кітапта Азар еді,
Жөніменен келе жатыр ата тарап.
Боламыз, ажал келсе, бір күн мазар,
Имандыға періште сауап жазар.
Азардан Ыбырайым мен Аран туған,
«Әл-әнбия» кітабында тарихы бар.
Аранның баласы екен Лұт нәби,
Хақ пайғамбар мүрсал дүр білсең анық.
Ыбырайымнан төрт бала туған екен,
Олар да шарапатты болған бәрі.
Үлкені Ысмағұл мен болған Ысқақ
Пенделер иманы бар хорлар құшпақ.
Мәдин және Мадайық төртеу екен
Айтамын аталардың атын ұстап.
Баласы Смағұлдың еді араб,
Шежіре келе жатыр төмен қарап.
Мұхаммед Смағұлдың әулетінен,
Дос болған шын ниетпен Құдай қалап.