Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақ шежіресі (2-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Аз болса да ешкімнен зорлық көрмей,
Қордай мен Аңырақайдан алған қоныс.
Терезесі тең өскен ағайынмен,
Өзінен туғаннан соң нән жолбарыс.

Бергі атамыз Сәти мен Боти екен,
Кебекбай содан туған Тоти екен.
Қазақ пенен қырғызға ақыл айтқан,
Оның сөзін нақыл деп тоқыр екен.
Бай мен болыс болғанда не қылайын,
Сарыбас атам шын жүйрік ақын екен.
Мен өзім Кебекбайдың туажаты,
Оразға ұран болған қайран көкем.

Бұқардан—Құлболды мен Тілеуімбет,
Ақыл анам айтыпты аз болар деп.
Сырымбет, Баба екеуі алты болыс,
Қасқараудың ішінде мал басы көп.

Құлболды екі старшын ел болыпты,
Бай болмаған ел екен кедейі көп.
Ішінен Құлболдының пысық шыққан
Естуші ек Ыстыбайды шешені деп.

Жүз шамалы ел болған Тілеуімбет
Ел айтады қалыпты тілеусіз деп.
«Аз болсам да терезем тең» дейді екен,
Аз ауылдың адамы—Есмағамбет.

Өтеғұл, Өткен туған Сырымбеттен,
Байы көп, батыры көп дүрілдеткен.
Өтегендей аңызды батыр туған,
Ел қамын жеп деседі, жаһан кезген.

Әділ екен деседі ел аңызы,
Сырымбет, Малдыбай би ертеде өткен.
Ноғайбайдай ақылды кісі болған,
Өз елін орыспенен жақын еткен.

Бабада да көп болған батыр мен бай,
Ел билеген жуандар ығай-сығай.
Жалшы, қоңсы, кедейі онан да көп,
Бай болған жерде болған ба, кедейі жай.
Кедей сорлы тырбаңдап еңбек еткен,
Байысам деп ол дағы арман еткен.
«Бабаның батасын ал» деген аңыз,
Ойласақ, туса керек сол ниеттен.

Албаннан батырлар шыққан ерек,
Жан сауға, ел қорғаған өңкей серек.
Хангелдіден—қаһарлы Райымбек,
Ұран болған жұртына бір бәйтерек.
Ерлерін аңыз қылған өрдегі Албан:
Дәу Қараш, Малай батыр, Қатпа, Төлек.

Суаннан—Сатай, Бөлек, Аралбайлар,
Қабандай күркіреген талайлар бар.
Тұс-тұстан қас саңлақтар атой салса,
Жау жаны кеудесінде қалай қалар.

Шапырашты шабады «Қарасайлап»,
Жасыл туы желбіреп, бөрілі байрақ.
Шамалған мен Қаскелең батырларын,
Наурызбай бір өзі кеткен жайлап.

Сұраншыдай батырдың туын байлап,
Кейін де шыққан талай небір саңлақ.
Екей, Сыйқым, Есқожа, Асыл, Шыбыл,
Ақындары шығады «Сүйінбайлап».

Төке, Төлеміс, Әжіке, Орынбет, Кеней,
Асылдың бес баласы туған саңлақ.
Ұлы жүзге белгілі Артық батыр,
Төке де туған екен одағайлап.

Келейін енді Ысты мен Ошақтыға
Өмір қусаң, жеткізбес қос аттыға.
Есім, Малай, Таз бенен Құланшы боп,
«Жауатарлап» шабады атқа шапса.
Бөлтірікті білмейтін адам бар ма,
Сөйлесе, жол бермеген тіл-жақтыға.
Қуандық ақын болған заманында
Белгілі ойда жатқан төрт Ыстыға.

Ошақтыдан атақты Майкөт ақын,
Елі шалғай жатқанмен, сөзі жақын.
Ертеде Жетісуға келіп қайтқан,
Танысып көрмек үшін елі-жұртын.

Орта жүздің баласы—Арғын, Найман,
Қыпшақ пенен Қоңырат ұрпақ жайған.
Уақ, Керей алты ата деп атайды,
Мекен алған Арқада сай-саладан.

Қанжығалы Бөгенбай батыр болған,
Қаракерей Қабанбай ел қорғаған.
Қаз дауысты Қазыбек Қаракесек
Заманында еліне ақыл болған.

Орта жүзде ән-күйдің ордасы бар:
Біржан сал, Ақан сері, Жаяу Мұса,
Балуан Шолақ, Әсеттей той басшылар.
Батырлары Қажымұқан, Амангелді,
Еңбекте де лайық баға берді.
Абай менен Ыбырай, Шоқан ғалым,
Елі үшін еңіреген—данам еді.

Батыстағы бастайын Кіші жүзден,
Арал, Жайық, Каспийде ерте жүзген.
Мекендеп Еділ, Жайық жағаларын,
Орыспенен көрші боп тілін білген.

Елге даңқы тараған Сырым батыр,
Бағынбаған өзгеге қыңыр батыр.
Исатай мен Махамбет халқы үшін—
Жанын қиған ерлер-ақ, шыны батыр.

Дәулеткерей, Мұхит пен Құрманғазы,
Ән мен күйін естиміз қысы-жазы.
Қазанғап пен Ықылас, Қашағандай,
Айта берсе, таусылмас өнерпазы.

Осындай ел аңызын өлең еткен,
Сексенді алқымдаған Кенен екен.
Ұсынған ел мұрасын ұрпақтарға,
Қордайды бұл ақының мекен еткен.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз