Шежіре (5-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Текеде Жүзжасар би, Тұржан ақын,
Ерлердің атамайын қалайша атын.
Жолдыбай, Тоқай, Досбол, би Опабек—
Заманы ұзақ та емес, өткен жақын.
Қараман қатарынан сопы болды,
Кеуліне беріп Егем қанағатын.
Кіребай, Иман менен Илияс өтті,
Асырып әркімдерден салтанатын.
Қатардан қайтып атын қалдырайын,
Белгілі, аты шыққан азаматын.
Мұқаметқали өтті Көтібардың
Өткерді ердің ғапыл дем сағатын.
«Өзгеше,—деген нақыл,—олар бала»
Көзімен көрді халқы күш қайратын.
Мөңкеде Достанбай мен Сарбай болды,
Атағы ел атына дардай болды.
Қалымбет, одан кейін Есжан шығып,
Жарқырап атқан бейне таңдай болды.
Ішінде Тартулының берекелі,
Кемімес, қыдыр қонған бардай болды.
Мөңкенің қыр жайлаған қырық аулынан
Тойынған аш-арығы қандай болды.
Ағымды алты аталық ажыратып,
Бозымға жаңа келген жағдай болды.
Бозымнан екі бала туған тең боп,
Өскен жоқ, біреуінен бірі кем боп.
Асаннан Әжім, Боқай туып бала
Боқайдан Бозжан шыққан, айтқаны ем боп.
Елімбай, жастайынан Әлжан, Дәрмен
Жалғаннан жайып құлаш, кеткен сермеп.
Әжімнен Боқтыбай мен Төлеу шығып,
Өлгенше, мал мен басы өскен өрлеп.
Жанбайды жамандауға жұрт қия ма,
Тұрушы еді, жайып-құлаш «бермен кел» деп.
Бозшадай бүтін туған адам бар ма,
Жиында жұрт басқарып, кетті жөндеп.
Тоқтамай Тоқсиыққа келдім жаңа,
Басқаның басты ерлерін мен түгендеп.
Барлыбай Есембаймен туған бірге,
Бөлейін, қолдан келсе, неше түрге.
Тұқымы Тоқсиықтың өсіп-өніп,
Көптіктен енші алысып, айрылды ірге.
Батыр, би екеуінен тең боп шықты,
Бөлгендей таразыға, тартып кірге.
Бұқар би Андағұлдан бастай шығып,
Жайылып кетті даңқы талай жерге.
Ел арын, ер намысын жібермеген,
Жарасады не деп айтса да ондай ерге.
Күдері, Барақат пен би Елубай,
Әркімнен ақылы артық, кәрі шөңге.
Әулеті азбай келді алты атаға,
Жарасып би тұқымы іргелі елге.
Қалыспай оған жалғас Қасым шықты,
Кіргенше билік айтып басы көрге.
Байтоғай Қиықбаймен өтті дейді,
Ешкімнің қақпайына жүрмей жөнге.
Пайдасы басым еді Жүнісқұлдың
Сасқанмен сиыспайтын шалғай жеңге.
Бөлеттен бала батыр Дүйсен шығып,
Ерлігі мәлім болды ой мен өрге.
Сыйлы ауыл, сыбағасы болып артық,
Өлгенше отырумен кетті, төрге.
Ырсымбек, Қарсақбай мен қабат шығып,
Еркінше еге болды, келген мөрге.
Құтым да Қойшымбай мен Пірмағамбет
Сарапта саналмаған, сөзі кемге.
Қойшымбай Түркістанда сиез болып,
Таңдатқан сап-сары ала, таққан шенге.
Тұяқсыз Пірмағамбет жастай кетті,
Кездесіп тағдыр жазған тапшы өмірге.
Құрманнан Құлшық, Бидас үздік шықты,
Бола ма басып озса, пәлен дерге.
Келгенде Есембайға еріктімін
Түйткілдеп тоқталмай-ақ түсіп терге.
Назарын салмай қыдыр құралғанды
Рет жоқ, қисынсыз құр көтерерге.
Баласы Есембайдың бесеу еді,
Бірі—ұзын, бірі—қысқа мешеу еді.
Тоқалдың бес баласы тұра тұрсын,
Үлкені—бәйбішенің Көшей еді.
Көшейден Құланбай мен Сатым шықты,
Ілікбай сөйлер сөзге көсем еді.
Мінер ат, киер киім кем болғансын,
Кедейлік ердің алдын кеселеді.
Екінші—Жақап дейді бір тарауын,
Би шыққан бітіретін елдің дауын.
Бәйтенді батыр болды деп айтады,
Ақ боз ат, көк найзамен жеңген жауын.
Қырғиды—дуалы адам,—дейді халық,
Қасына қара айналып жиған қауым.
Ақжігіт, Бақытбай мен би Шортанбай
Патшадай болған әділ Қысырауын.
Жақыптан небір жақсы шықты жігіт,
Жейтұғын көп ішінде көздің жауын.
Артында Ахметтің қалмады ұрпақ,
Тұйғындай қашқан қиып аяқ бауын.
Сол үшін шежіреге қосып атын,
Қалдырмай қақтым ердің қоңырауын.
Жақыптан сырт дұшпаны сескенеді,
Қаншама көтергенмен омырауын.
Төлейден Қырық туып таралады,
Шежіре ата жолын саралады.
Құнанбай, Дөненбайдай батыр шығып,
Әркімдер көріп күшін шамалады.