Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шежіре өлең (4-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Бір соғыс қалмақпенен бола қапты,
«Аттан» деп жас жігітке дабыл қақты.
Асынып қару-жарақ жас жігіттер
Жол түзеп, жауға қарай шеру тартты.

Көрінді жау қарасы қомағырақ,
Тайсалып, жас жігіттер тұрды жырақ.
Не болса да, әкем аты аталсын деп,
Ту көтеріп ұмтылды «Жаубасарлап».

Уақ кетті «Жаубасарлап» салып айғай,
Жас жігіттер жөнелді бірі қалмай.
Жастардың қол қайраты асып кетіп,
Ығысты қалмақ сонда шыдай алмай.

Қалмақты бұл соғыста қырып салды,
Олжа қылып ат-тонын қазақ алды.
Баласының ерлік қылған ісіменен
Жаубасар ұран болып сонан қалды.

Уақтан жалғыз туған,—дейді,—Әлімбай,
Мұны мен жазғаным жоқ сөз таба алмай.
Әлімбайдан ер Қамбар жалғыз туған,
Қара қасқа аттан тоқым кетпей, ері алынбай.
Қамбардан Ермен, Жусан—екі бала,
Ерменнен ер Көкше, туған жана.
Ер Көкшеден ер Қосай батыр туып,
Қалмаққа дабыл қаққан жеке, дара.

Ер Қосайдан Алшағыр деген батыр,
Алшағырдан Қызылшар, Қылды батыр.
«Қылдының қырық қасқасы» деген мақал
Сөз болып бұрынғыдан келе жатыр.

Қылдыдан—Қарамұрын, Жандалы, Жантелі,
Шөкше, Жантелі,—деп жазыпты
менің атам Жақан.
Сыбанғазы, Тоқтамыс—Жантеліден
Түзетер, білген кісі, болса қатам.

Мен жаздым өлең қылып қолда барды,
Жоғалып бір шежіре ерте қалды.
Ұмыттым, жас кезімде ерте айырылдым,
Еренше, Шұға мен Сарман бар-ды.

Тоқтамыстан Қойғабыс, Байсиық, атам Байыс,
Бұлармен болғанмын жүріп таныс.
Байсиықтан Солақай мен Қалыбай батыр,
Қалмақпен өз тұсында қылған шабыс.

Байыстан менің атам: аты—Жаркел,
Осыдан тарап кеткен бейуақ ел.
Бейуақ—атамыздың аты емес,
Байлығына ат қойған көршілес ел.

Жаркелдің үлкен ұлы Ораз болған,
Сырымнан Есенгелді бірге туған.
Ағасын мал мен жанға ие қылып,
Ту ұстап, өз тұсында бұлар тұрған.
Бұлантай сол Ораздан жалғыз туып,
Қосылып ағасына белін буған.
Есенгелді, Бұлантай аты шығып,
Қалмақты осы жерден солар қуған.

Құдайкөл, Көлбай батыр, Есенгелді,
Қалмақтан тартып алған осы жерді.
Оң қолын Құдайкелдінің оқ үзгенде,
Ту жықпай, сол қолымен жүре берді.
Ерлікпен сол қолымен туды ұстап,
Аталды «Солақай» деп содан бері.

Шайкөзден—Шотқара мен Қосай батыр,
Қол жинап бұлар дағы келе жатыр.
Өрдегі Найман, Терістаңбалы бір ауылдан
Қосылды Бөкембай мен Қара батыр.
Осылар басын қосып біріккен соң,
Түсіпті қалмақтарға заманақыр.
Шолпанқұл, Бекембай мен ер Балқыбек,
Мінеки, арттағыға сөз боп жатыр.

Қалмақты жерден қуған, міне, осылар,
Шындықты жаза берсек, сөз қосылар.
Бұл сөздің шындығына куә болып,
Қалмақтар жұртын тастап қашып кеткен.
Қалмақтан Мөңке деген садақ тартып,
Қарынын Бөкембайдың тіліп өткен.

Бөкенбай кейін қарай қайтып кетті,
Алдына Шолпанқұлдың жүгініпті.
Ішек-қарын оқ тигеннен аман екен,
Жібекпен екі жерден ілік тікті.
Бөзбенен неше қабат орап байлап,
«Бөгелмей, алға қарай ұмтыл» депті.
Шығысқа көп қалмақты қуып барған,
Көбейіп қалмақ сонда соғыс салған.
Төлеке—Бұлантайдың үлкен ұлы,
Тұтқын боп, қолға түсіп сонда қалған.
Төрт ұлы Төлекенің жетім қалып,
Әйелі—жас келіншек жесір қалған.

Көккөз, Қарасай, Қазанғап, Қожаберген—
Тұқымы бар елімізде онан өрген.
Бір мың тоғыз жүз екінші жыл,
Қалмақтағы Төлекеден хабар келген.
Әділхан «іздейміз» деп жүрген кезде,
Қажыға барып, Меккеде о дағы өлген.

Төлеке тұтқын болып, болған ғаріп,
Жамағат, өтірік емес, сөзім анық.
Сол жерде қазақтар бар араласқан—
Төлеке үй болыпты қатын алып.

Әйелінен Төлекенің төрт ұл туған,
Өзгертпей атасының жолын қуған.
Мұндағы төрт баласы естен кетпей,
Өзгертпей, төртеуінің атын қойған.

Мың сегіз жүз тоқсан сегізінші жыл,
Сол жерден біреу келген,
Өз әкем сол қазақты көзбен көрген.
Ондағы Төлекенің ұрпағынан,
Әділханға хабарды осы берген:
«Жеріміз бай, еліміз бай, тыныш тұрамыз
Елу үйміз Төлекеден өсіп-өнген».

Солай деп туыстар хатқа жазған,
Әділхан іздемек боп ойына алған.
Түс көріп, қажыға оқыс кетіп,
Сүйегі қажы атайдың сонда қалған.
Өлеңмен жаза берсек, көпке жетер,
Жазбадан көрген сөзім болмас бекер.
Ендігісін қарасөзбен жазып таста,
Шірітпей кәрі миды босқа, бекер.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз