Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шежіре (4-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Кердері Әбубәкір көпке мәлім,
Сарқылмас сөздің кені қаптамалы.
Басылған қисса қылып өлеңдері
Жыраудың толып жатыр, жаттағаны.

Рамадан Жиренше мен Алдаркөсе,
Талайдың сөзбен сұлқын басқан неше.
Айрықша үздік шыққан заманында
Ділмарлық ерлер екен, еткен неше.
Хабардар қариялардан сұрай берсін,
Шоңбайдың бұл айтқанын бекер десе.

Тамадан ерте шыққан Есет батыр,
Кісі екен қысылғанда мыңға татыр.
Қалмақ пен қарақалпақты жер аударып,
Салыпты бастарына заманақыр.

Өмірбай, Боранбай мен Борбастардың
Аттары әлі ескірмей бара жатыр.
Сейітін Қоңырбайдың кім білмейді,
Талайдың болып кетті орны тақыр.

Арқада Қаражүсіп қандай еді,
Ұрпақсыз ол да жөнеп кетті пақыр.
Тамамдап Таманы әзір осыменен,
Керейтке Шоңбай жаңа келе жатыр.

Ортадан Әйтеке алып кеткеннен соң
Пір болып Қаракесектің дәмін татты.
Керейттен шыққан пірдің күмәні жоқ,
Нандырған намі қазақ уәлаятты.

Керейтте би боп өткен батыр Манақ,
Қуантай жастай кеткен жауға жарап.
Аманжол, Дәулет, Мәмбет, Бедер,
Қасым мен алты атаға келді тарап.
Жартайдың болды бұлар босағасы,
Секілді бірі—қару, бірі—жарақ.

Бегалы, Тынымбай мен Әбет болыс,
Шаған мен Аламесекті еткен қоныс.
Ел еді жатқан жалпақ жерге сыймай,
Бір шеті—Самырат пен Қарақуыс.

Кішкембай, Сегізбайдай өтті ақсақал,
Қайырлы ерлер еді, елге ырыс.
Дөңмұрын, Қосназар мен Келдібай би,
Солар ед сөз егесі сахып құрыш.
Атсейіс, әруағы мол адам еді,
Қалғаны Қоқыбайдың болмас дұрыс.

Аманбай бай өлмесе, неге өледі,
Өлгенсін жарлыға бай теңеледі.
Сұлтанға осы тұрған апармас па,
Бозай мен Қасаболаттан не көреді.

Қолы оның көкке қарап жатқанында,
Бір шайқы үйге кірген неден еді.
Қайтерін біле алмай жұрт тұрған шақта,
Әлгіні айта салып жөнеп еді.

Сол кезде қолы орнына түскен екен,
Құдірет қандай күшті шебер еді.
Кетіпті халық ішінен ғайып болып,
Жай адам болса, қайтып келер еді.

Бозайдан Айқара мен Сасық туды,
Үш ата Амандыққа шөбере еді.
Майлыбай Итқарадан Әбет болыс
Жеті ата Қожахметке келер еді.
Бұл дағы болған аға бес Бексанға,
Ерлерді еттім баян өнегелі.

Мырзабай Арбалыдан ақын шықты,
Әрі емес, күні кеше—жақын шықты.
Әбжәли әулиенің ақыры еді
Тақырда жазылған дем ғапыл шықты.

Табынды әр атаға айыруға,
Өзімше ойластырсам, мақұл шықты.
Үш бала: Ағым, Бозым, Шаңқан туып,
Ішінен небір қазел, батыр шықты.

Ағымнан туған екен алты бала
Үлкені Айдар, Таушан, Теке жана.
Қожантай, Қаракөңке, Дандаменен
Алтауы түгел шығар, аңлап қара.
Таушанның тауып айтар тұқымы жоқ,
Қатардан қалғанменен тап осы ара.
Айдардан Дүзей, Дербіс, Бегалімен
Тоқберлі деп айтады туған дара.

Аралбай, Тоқберліде батыр Қабан,
Тұрғанбай, Досым, Топан сөзге маман.
Қуанбай, Досымбет пен Нүрке, Досжан
Кем болмай, қатарынан өткен адам.

Елеусіз үш атаға келіп еді,
Қалайша Адамбайды айтпай қалам.
Біреу кеш, біреу ерте жөнеп жатыр,
Өлшеулі өмір беріп Ақ Тағалам.

Би Мысық Тартулыда ел ағасы,
Ас тойда бұрын келген сыбағасы.
Текеден Күскен мен Тоқай туған,
Ешкімнің бұл сөзіме жоқ таласы.
Төрт бала туды дейді Күйекеннен:
Бердіғұл, Шал, Сасай мен Қалдау жасы.

Сасайдың бес баласы бірі—Сары,
Текенің тұқымынан болды жары.
Атанша, Ақыл, Төлек, Тоқтамыс деп,
Айтады білетұғын қариялары.

Бұқарбай батыр шықты Атаншадан,
Үш арыс біледі оны, жүздің бәрі.
Барғанда Баһауадинге берген екен,
Ықыласпен қабыл болып қылған зары.

Өлгенше бетіне жан келмей қарсы,
Болды ердің өз еркінде ықтияры.
Балалары Көтібар мен Алданазар
Ем болды ел қысылса, сөзі дәрі.
Әулеті атақты ердің сондай болсын,
Кеткен жоқ ешбір жанға намыс-ары.
Аннастан бермен қарай отыз екі,
Атаға келді олардың ұрпақтары.
Сенбесе, санап көрер, білетіндер,
Әрине, білмеске айтып, жоқ дәркары.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз