Шежіре (3-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Мөңкеден—Арғымақ пен Алау батыр,
Туыпты ол дұшпанынан алып теңдік.
Ұрпағы Арғымақтың—Нәдірқожа,
Өскен ел, ол да ешкімнен көрмей кемдік.
Керейт пен Қарақатыс, Жауырыншы,
Көрсеткен кереметін жұртқа жөндік.
Одан соң бір баласы Рамадан,
Рулы ел Жетіруда, бір көлемдік.
Кенжесі Арғымақтың Телеу-Мырза
Атаның қара орнында қалған кеңдік.
Нәдірден Тама, Табын, Кердерімен
Ұрпақтап байтақ ел боп, өсіп-өндік.
Алаудан Құдуар тентек атаныпты
Мінезі болып шалкез солай дерлік.
Құдуардан Алшын жалғыз туған екен,
Дәріпті данышпан боп кемеңгерлік.
Алшыннан Сәдір менен Қадырқожа
Бірі—бай, алған атақ, біреуі—ерлік.
Атамыз—Қадырқожа заманында
Дәулетпен бай атанып, еткен серілік.
Сәдірден Қаракесек туып жалғыз,
Белгілі би болыпты, басы—төрлік.
Байсары, Әлім, Шөмен туып одан,
Өскен ел, ұлан-байтақ ескерерлік.
Кете боп атанады Байсарыдан,
Қонысы болғанменен қайбір жерлік.
Алты Әлім, бес Шекті, төрт Төртқара
Бөлінеді әр атаға дәріп етерлік.
Шөменнен Дөйт, Шөмекей туған екен,
Секілді бірі Сүтін, біреуі Өрлік.
Өскен ел—Дөйт ұранды, төрт Шөмекей,
Алшында терезесі тең келерлік.
Атанып Тоқа, Көнек, Аспан, Бозғұл,
Болмаған бір-бірінен кем көрерлік.
Ер шықты осы елдерден мақтағандай,
Айтуға адам ебін таппағандай.
Әлімнен атақты би, шықты Әйтеке,
Ел арын, ер намысын сатпағандай.
Көтібар, Жанқожа мен Есет батыр
Дабысы жердің жүзін қаптағандай.
Кем емес, Құлбарақтың Сердәлісі,
Айлықты алты басып аттағандай.
Шөменнен Қыстаубай мен Бәйтік шыққан,
Қан алмай қасарысса, қайтпағандай.
Шобдарда Алмат, Досек, Жанай батыр,
Ерлер еді, бетіне ешкім қақпағандай.
Алматты тентек кісі деп айтады,
Талайдың үстіне аунап таптағандай.
Қашқымбай, Сарман менен батыр Қалдан
Қорғалап қысылғандар жақтағандай.
Талқамбай, Сарыбай, Сәдір, би Төребай,
Қарсы сөз айтып адам батпағандай.
Жабағы жиырма-отыз жыл болыс, би боп,
Ер еді елдің тұзын ақтағандай.
Бекмырза, Дәуімшар мен Бегім де өтті,
Айнытпай ата жолын сақтағандай.
Қабылан батыр менен Зарқұм, Қара,
Олар да ерлер емес, айтпағандай.
Аттарын әруақты ердің тебіренттім,
Талапкер болса жастар жаттағандай.
Алшында Қадырқожа атанған бай,
Болыпты дәрежелі дәулетке сай.
Деп айтады он екі ата Байдың ұлы
Серкеш пен Алтын, Жаппас, Беріш, Адай.
Алаша, Байбақты, Ысты, Тана, Таздар,
Қызылқұрт, Есентемір, Масқар, Жанай.
Түгелдеп осыменен Бай баласын
Қысқартып түсіндірдім көп ұзатпай.
Есеке—Алашаның әулиесі,
Табылған Тұрғанбайдан сөз жүйесі.
Сырбойлық Алашадан Шайман шықты,
Бергенсін бақ пен дәулет ақ иесі.
Тараған әулетіне үлгі болып,
Олардың қалған нұсқа, өнегесі.
Алтыннан Науша, Қалша, батыр Барақ,
Ерлердің сыртқа мәлім шама-шарқы.
Алтынның болып белді босағасы,
Жалғасып, жеті атаға жеткен арты.
Кішкембай белді кісі батыр өткен,
Жайылған атырапқа шығып даңқы.
Әлібай болыс, Тобжан би атанып,
Артылған абыройы, сыйлап халқы.
Жаппаста жүзге мәлім Мәмбет, Мырқы,
Өткелбай, Аппаз, Қозақ, Қымбат нарқы.
Мұңайтпас, Жүсіпбек пен Басығара
Олардан сескен үш рет сайлап сарты.
Итқара, Жамантайдай жүйрік өтті,
Тік тұрған, тізгін беріп Серкеш жұрты.
Адай да айбатты ел деп айтады,
Секілді, жауатұғын қардың бұлты.
Ысықта Орман өткен—атақты адам,
Елінің егес жерде болған құлпы.
Таздарда Сауытбайдың Тоқтамысы,
Неше жыл болыс болған сыйлап ұлты.
Тәуірін таба алмадым төрт атаның,
Қонысы басқалықтан, болып «мүлті».
Аз емес, Жетірудың жақсы адамы,
Ойға алдым, оларды атап, бастағалы.
Батыр мен билері көп үздік шыққан,
Деместей ешкім, қалай—мақтағаны.
Төлеуден Есенгелді, Әймен шықты,
Айырған алжастырмай ақ-қараны.
Аққошқар-Жағалбайлы, Дербісәлі—
Дәреже, дәулетке сай, бақ қарады.