Шежіре өлең (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Қазақтан Ақарыс, Бекарыс әм Жанарыс,
Бұлармен болғаным жоқ бұрын таныс.
Өсіп-өніп бірталай ел болғаннан соң,
Болыпты бір-бірімен шалғай, шалыс.
Ақарыстан—Ұлы жүз деп атайды,
Білмесе, бұрынғылар неге айтады.
Бекарыстан Орта жүз тарап жатыр,
Жанарыстан—Кіші жүз деп айтады.
Алты Алашпыз деген сөз—бос сөз болар,
Ойласақ, осы арасы миға қонар.
Естекті қосып айтқан «алтаумыз» деп,
Естектің бөлінуі—бұрын болар.
Алаштан өскен жанды санап алсақ,
Түрікпен, өзбек, қырғыз, қарақалпақ.
Бесеу болып санаққа қосыламыз,
Ен дала еркін өскен—сорлы қазақ.
Естектің қосылмауына мынау дәлел:
«Сарт—садағам, өзбек—өз ағам»—
Деген сөзі қазақтың анықталмақ.
Бекарыстан туған бала алтау екен,
Жағасын Каспий теңіз қылған мекен.
Алтауы—үш әйелден,—деп айтады,
Бұрынғылар осылай айтқан екен.
Бәйбішеден Қарақожа, Ақтамқожа,
Екіншіден—Нәдір мен Момынқожа.
Атасы бір болғанмен ана бөлек:
Кіші әйелден Смағұл мен Қасымқожа.
Арғын атасы болады—Қарақожа,
Қыпшақ атасы болады—Ақтамқожа.
Надырқожа баласы—Қармыс, Қоңырат,
Найман атасы,—деп айтыпты,—Момынқожа.
Тарақты,—деп Смағұлдан Ошыбай жеке, дара,
Ошыбайдан Керей туды жалғыз ғана.
Керейден—Абақ пенен Ашамайлы,
Ашамайлыдан—Танаш би жалғыз ғана.
Танаштан Сибан, Балта, Көшебе туған,
Бұлар да атасының жолын қуған.
Тоқалдан Тарыша жалғыз туып,
Бөлініп төрт атаға бұлар тұрған.
Арғыннан алты бала,—деп айтады,
Білмесе, бұрынғылар неге айтады.
Ақсопыдан Қанжығалы—ол бір ата,
Арықсопыдан Тобықты деп айтады.
Қарасопыдан Қарауыл—ол бір ата,
Сарсопыдан Тарақты деп айтады.
Баласопыдан Тоқтауыл мен Бектауыл,
Момыннан Мейрамсопы деп айтады.
Мейрамның үш әйелі болған екен,
Көңілі мал мен басқа толған екен.
Қуандық, Сүйіндік, Бегендік, Шегендік—
Бұл төртеуі бәйбішеден туған екен.
Елемес—тоқал шеше Айнакөзден,
Өсіп-өніп, Торғай жақты қылды мекен.
Елеместен Өсімбай туған бала,
Өсімбайдан Шағыр батыр болған жана.
Шағыр баласы Аманжол деп айтады,
Аманжолдан Шақшақ батыр—туған дана.
Бұл Шақшақ өз тұсында болған батыр,
Шақшақтан Қошқар туып келе жатыр.
Соғыста Шақшақ батыр «Аманжолдап»,
Ұран боп, сонан бері келе жатыр.
Мейрамның үш әйелінен Болатқожа,
Өсіп-өніп, көп ауыл болды бұ да.
Кім көп болса, сол мықты болған кезде,
Иығын көтерді ғой бұрын бұ да.
Қаракесек—деп атапты мұның атын,
Қалмақ қызы—деп айтады шеше затын.
Өзге Арғыннан өздерін артық атап,
Көтеріп сөз сөйлейді, ата даңқын.
Ақтамқожа баласы—Қыпшақ батыр,
Жаза берсем, бірталай сөз боп жатыр.
Қыпшақтан Ойбас туып аты шықты:
Дұшпанға орнаттым,—деп,—заманақыр.
Ойбастан Сүйін туып, болды мықты,
Дұшпанын ерегескен жерге тықты.
Сүйін батыр «Ойбас» деп ұран салып,
Әркімге Ойбас батыр ұғынықты.
Ақкөбік сол Сүйімнен туған екен,
Атасының бұ да жолын қуған екен.
Ақкөбіктен Мейірмалы деген туып,
Жау қайда, деп байлаған белді бекем.
Мейірмалыдан туыпты Абыз сары,
Абыздан төрт бала туған жана.
Құлан, Қыптай, Сары—бұл үшеуі,
Төртіншінің аты,—дейді,—батыр Қара.
Қарадан туған бала Ісләм деген,
Қамқор болып бұқараның қамын жеген.
Осылай шежіреде жазылыпты,
Ісләмнан туған бала Сейіт деген.
Сейіттен туған бала—бай Тоқтарбай,
Малы көп, көңілі жарым, бала болмай.
Сексен жасқа келгенде бала көріп,
Той қылып, ел жиналды бірі қалмай.