Адам әлейһисаламнан бері қарайғы ұрпақ, руларға дейінгі шежіре (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Мәдинеде екі ұл туған Ауған, Ноғай,
Ел болып таралыпты бұлар солай.
Ауған, Ноғай екеуі бір туысып,
Қалыпты там жастанып бұлар солай.
Мадайықтың баласы болар Түрік,
Бұхарауи деген ел болар алсаң біліп.
Стамбул мемлекеті, Рим елі,
Тағына пайғамбардың болған мүлік.
Ысқақ еді Ыбырайымның бір баласы,
Жарандар, жаңа келді сөз данасы.
Ысқақтан Жақып, Айса екі ұл туған,
Өскен соң алыс болды екі арасы.
Екі әйел алыпты Жақып нәби,
Ләйқара, Райлә мен білсең аны.
Кіші әйелден туыпты Ямин, Жүсіп,
Сипаты туған айдай, оның сәні.
Ямин, Жүсіп болады кіші анадан
Пайғамбар нышаны бар заты нұрдан.
Әулеті жада деген ел болады,
Шамнан төмен деп айтар іштен келген.
Бәйбішесінен Жақыптың он ұл туған,
Сөйлейік шежіренің атауынан.
Тоғыз ұлының ұрпағы он жеті хан,
Қала салып, бәрі де жастанды там.
Біріншісі Руссия, екіншісі Албания, үшінші Америка, төртінші Англия, бесінші Германия, алтыншы Франция, жетінші Австралия, сегізінші Яков, тоғызыншы Бұлғария, оныншы Греция, он бірінші Шехославакия баршалары осы тоғыз ұлынан.
Он баланың біреуі Яхуда еді,
Әзіреті Жүсіптің қамын жеді.
Жақыптың тірлігінде алғыс алып,
Иманында исламның жоқ қой кемі.
Жақуданың баласы еді Талит,
Исламның дінінде болған анық.
Айтқаны шежіреден байқағанда
Тәлиттен екі ұл туған Жағлиб, Жалит.
Жәлиттің баласы екен аты Қайқат
Кітаптан ата-жөнін білсең байқап.
Қайқаттан туылыпты Мәруан ер
Дінінен айтылмаған ешбір тайқып.
Мәруан жақсы кісі дінді қуған,
Әшімпіл пайғамбар бұдан туған.
Жақыптың хазіретті дұғасымен
Әшімпіл жаралған заттық нұрдан.
Пенденің барлық сыры Құдайға асан,
Шағады күнәліні жылан-шаян.
Жалғыз ұлы болыпты Әшімпілдің
Сұрасаң ол баланың аты—Маян.
Иманды құл әр сәтте жаннан озған,
Ағайын ынтымақсыз іштен тозған.
Осылай шежіреден көргенімде,
Таралдық Мәлік деген сахабадан.
Мәліктің аты болар сопы Ахтам,
Тілейміз рақымды жалғыз Хақтан.
Медет қыл деп тілейміз пайғамбардан
Баласы сопы Ахтам Әнес екен.
Күнә болар атаны білмей жатсам,
Әнестен туылады Ғакаша кеп,
Лақап атын айтады Зәрмардан деп.
Ту ұстаған кісі екен қайыспайтын,
Сыйынған бір Аллаға тәуекел деп.
Баласы Ғакашаның аты Жапал,
Молладан сабақ алсаң шекер мен бал.
Білген бар шежірені білмеген бар,
Ескеріп білмегенің үйреніп ал.
Жапалдың баласы екен, аты—Мағаз,
Әкеңнің атын білсең, кеудеңе жаз.
Жігіттер, ата-жөнін білген жақсы,
Білмейді ата-жөнін ақылы аз.
Жігітке жаман болар пәле қуған,
Әркімнің затын таны дана туған.
Аттарын шежіреден байқағанда,
Мағаздан жалғыз бала Сейіл туған.
Сейілдің бір баласы Ақшолпан-ды,
Жаратқан Құдай артық мұсылманды.
Баласы Ақшолпанның Қырғыз, Қурай,
Жаратқан осылайша түрлі жанды.
Атамыз енді біздің Қурай атты,
Жоқтан бар ғып алуан жан жаратыпты.
Бірді кәпір, біреуін мұсылман ғып,
Жаратқан Құдірет өзі адамзатты.
Айтамыз бергі атаны Аламан деп,
Жаратқан құдіретті ғаламды көп.
Баласы Аламанның Алаш екен,
Иманға дін мұсылман талас екен.
Сейілхан, Жайылханмен ағайынды,
Алаштың бұл екеуі баласы екен.
Баласы Сейілханның сегіз арыс,
Білмесе ата-жөнін, ол да намыс.
Осылай ата-жөнін таратайын
Түрікпен сегіз арыс кеткен алыс.
Тойда өлең білген адам көп айтады,
Ешнәрсе білмегені нені айтады.
Осылай шежіреден хабар алсаң,
Майқы би Жайылхан ұлы деп айтады.
Өзбек Сапианмен одан бері
Осылай жазған екен шежірені.
Жазайын ата-жөнін білгенімше
Жамағат, сөкпеңіздер енді мені.
Мекені Өзбектің Тәшкен, Әнжан,
Сапианнан бөлініп сонда қалған.
«Біз енді сахараға бармаймыз» деп,
Өзінше қала салып, жастанды там.