Шежіре (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Жараттың жанның бәрін Жаппар Халық,
Жеткерсең, рахметің көп қазыналық.
Адамға ажал мирас болғаннан соң,
Бара жатыр: біреу—кетіп, біреу—қалып.
Білгенге баяны жоқ бұл дүниенің,
Әркімге-ақ еткен жоқ па би-опалық.
Алланың сүйген досты—Ақ Сәруары
Көркейткен ислам жолын шамдай жарық.
Шаһариар Әбубәкір, Омар, Оспан,
Күш берген Әлі шерге қаншамалық.
Іскендір Зұлқарнайын, Рүстем Дастан,
Сүлеймен сүрген дәурен падишалық.
Жалғанның опасызы ойлағанға:
Дегізген соқтырып сан, оһы дарық.
Өлшеулі өмірің бітіп, таусылса дем,
Болмақшы бір күн набыт, кемең ғарық.
Құрулы жүретұғын жолда тұрған,
Ажал—ау, мысалында, адам—балық.
Артында өзге қалмайды, сөз қалады,
Тыңдарлық болса, нұсқа, тек жаңалық.
Алпыстан асқан соң жас айналдырды,
Шырмалтып отбасында шаруашылық.
Құнанбай, Мырқы, Шабдан, Досжан хазірет
Меккеден келген екен бір шежіре алып.
Сарапқа салыстырып қарағанда,
Осыны өзгесінен көрдім анық.
Бастадым Ансариден бермен қарай,
Аңлатып ата жолын ескі тарих.
Атамыз Ансариден туған Мәлік,
Кісі екен тура жолмен еткен талап.
Толығып жасы ортаға жеткен кезде,
Аннасты берген екен, Құдай қалап.
Аннастан Жабал туып, одан—Мағаз,
Кезінде қадірлепті халық бағалап.
Мағаздан ер Сүһайыл туған жалғыз,
Алты ата Ансаридан, көрсең санап.
Құрай, Ақшолпан мен Сүһайылдан,
Ұрпақтап осы арадан өскен тарап.
Туыпты Атар, Татар бәйбішеден,
Бағдарын олардың да, біл шамалап.
Екінші анамыздан Қырым туып,
Батыр боп қол бастапты, күнге жарап.
Атардан Естек, Башқұрт туған егіз,
Татардан Ноғай жалғыз, туған дарақ.
Қурайдан туды Аламан, бәйбішеден,
Тоқалдан туған Тете, Серкеш, Жанап.
Үшінші әйелінен шешен, үңгіш,
Сол жерден ажырапты бермен қарап.
Сейілхан баласы екен Аламанның
Жүретін жалғыз өзін, көпке балап.
Түрікпен сегіз жүйе Сейілханнан,
Жауынгер алған атақ, жұртты қанап.
Жайылхан Ақшолпаннан туған екен,
Данышпан болып артық, ақылы сарап.
Болыпты Жайылханның екі әйелі,
Таңдаулы қалап алған халықты аралап.
Майқы би, Мүйтен туып бәйбішеден,
Көрмеген кемітіп дос, жат табалап.
Майқыдан Түмен дара туған екен,
Секілді көлеңкелі гүжім дарақ.
Туыпты тоқалынан Жайылханның,
Әлеуке, Шақшақпенен іле-шала-ақ.
Түменнен Өзбек пенен Жаһан туып,
Кіргізген шежіреге үлкен санақ.
Түменнен Өзбек, Жаһан екі бала,
Айрықша Жаһан бопты, ақыл-дана.
Тәжіктен бір сұлу қыз алып Өзбек,
Бөлініп өз алдына шыққан дара.
Бұхара, Самарқан мен Тәшкен, Қоқан
Өзбектер еткен мекен қоныстана.
Жаһаннан Келмек пенен Айырқалпақ,
Екеуі бір анадан, туған жана.
Келмектен қырғыз жалғыз туған екен,
Ыңғайлап Алатауды жадына ала.
Қырғыздар екі арысқа бөлінеді,
Атанып бірі—сары, бірі—қара.
Туыпты Қазақ пенен Созақ бірге,
Әкесі Айырқалпақ, бір дейді—ана.
Созақтан Толағай мен Сүйір туып,
Мекені атанады деп «Бес қала».
Үргеніш, Төрткөл, Шымбай, Тақтакөпір,
Қонысы Толағайдың тап сол ара.
Толағай әуелде аты болғанменен,
Атанған «қарақалпақ» бара-бара.
Ескеріп, есіткенде білетіндер,
Түзетер кем-кетігін, болса шала.
Тоқтатып осыменен өзгелерін,
Қазақтан бастайын сөз, келсе шама.
Қазақтың алдым қолға өз баласын,
Айтпаққа ажыратып шекарасын.
Айырып аталарын айтып өтем,
Тыңдаушым, көрсе қолай сөз саласын.
Қазақтан Наурыз, Алаш—екеу туған
Наурыздың деп атайды, үлкен жасын.
Ұрпақсыз өлген Наурыз жазғытұры,
Келер жыл көктемде беріпті асын.
Қазақтың балалары содан бері,
«Наурыз» деп қойыпты атап, жылдың басын.
Кезінде Алаш батыр болған екен,
Ерлікпен жайған жұртқа ауазасын.
Жапырып жеңіп жауын талай жерде
Таңданған көрген халқы тамашасын.
Ұранға аты шығып заманында,
Жаңғыртқан жазираның ен даласын.
Тәшкеннің дариясының жағасында,
Қазақтың қалды дейді қанағасын.