Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Шежіре (2-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Айырып ата жолын аша алмасаң,
Сөзіңнен сыбағалы құр қаласың.
Аларлық ажыратып болса, шамаң,
Өзіңді үш арыстан тез табасың.

Ақарыс, Жанарыс пен Бекарыс деп,
Алаштан айтад бастап шекарасын.
Ақарыс ең әуелі, бұрын туған,
Үлкен дейді екеуінен жас шамасын.

Жанарыс ортаншысы деп айтады,
Жорықта жаудан алған сыбағасын.
Алаштың Бекарыс би кенжесі екен,
Ауқымға тартқан топтап айналасын.

Бақ қонып, қыдыр дарып әулетіне,
Ұлғайтып өсірген тең мал мен басын.
Үшеуі енші алыспақ бопты бір күн,
Ата жолы әдет солай, не қыласың.

Енші алған Таңбалытау деген жерде,
Көніспей туғызыпты сөз таласын.
«Өздерің оңысып, енші алыңдар» деп,
Әкесі берген екен патихасын.
Енді олар тура тұрсын сол бетінше,
Аяқсыз қалдырмалық сөз жалғасын.

Балаларын шақырды Алаш «мұнда кел» деп,
Мақсаты—болды еншісін өзі бермек.
Иіртіп бір шұңқырға барлық малды,
Айтыпты «бірдей қылып, төртке бөл» деп.

Бөліпті біршілікпен қой, түйені,
Бірінің айтқан сөзін бірі жөндеп.
Жылқыны бөліскенде келіспепті,
Таласып кешке дейін, бекер шөлдеп.
Келіспей келді үшеуі әкесіне,
Қарияның айтқанына, болып көнбек.
Алаштың өзі шықты ертеңіне,
Мінді де дайын тұрған, атын ерлеп.

Жүз жылқы айдап салып күншығысқа,
Айтыпты Ақарысқа: «алшы сен» деп.
Шығарып арқа бетке жүз жылқыны,
Беріпті Жанарысқа «егелен» деп.

Кенжесі Бекарысты қасына алып,
Жүз жылқыны беріпті ал деп «сен түгендеп».
Балаларға бөліп жүзден бергеннен соң,
Айтыпты «қалғанына еге мен» деп.

Ас-атау, кемпір-шалдың кәдесі үшін,
Кім айтар, сыбағасы жоқ екен деп.
Қолында қалды кіші баласының,
«Кенжесі—үлкен шаңырақ болған жөн» деп.

—Әрқайсысың беттеріңмен қоныстан,—дейді,
Ырза боп, ренжіспей артық-кем деп.
Батасын беріпті Алаш балларына,
«Көбейіп ұрпақтарың өсіп-өн» деп.

Үш бала өскен ұрпақ Ақарыстан,
Бетіне келе алмаған қарсы дұшпан.
Албан мен Суан, Дулат деп айтады,
Білетін айтушылар әрбір тұстан.

«Бақтияр» босағасы Ұлы жүздің
Іргелі ел өзгесінен, бір туысқан.
Орындап өсиетін атасының,
Мекендеп қоныс алған күншығыстан.

Әзіреті Түркістаннан өрге қарай,
Қашқармен қатар жатқан тұспа-тұстан.
Жаз—салқын, қысы—жылы, жері—көркем,
Ыссыға шөлдеп, халқы тоңбайды қыстан.

Балғын шөп, мөлдір бұлақ, жарастықты,
Бір-бірін сұлу жардай сүйіп-құшқан.
Қарағай, қайың менен арша ағаштар,
Түр беріп, тау бетіне құлпырысқан.

Ұлы жүз атамыздың орталығы—
Бұл кезде болды ордасы Қазақстан.
Суреттеп көргенімді қойса зейін,
Жастарға жаңа талап, берген нұсқам.

Баласы алтау дейді Жанарыстың,
Үлкенін Момынқожа қояды есімін.
Момыннан Ақжол менен Алатау деп,
Айтады білгендері әрбір тұстың.

Ақжолдан Арғын туып, іргелі ел боп,
Атағы Орта жүздің болған өстіп.
Қоңырат Алатаудың баласы екен,
Кем демейді, қатарынан оны да ешкім.

Ақтамыр—екіншісі, одан—Ойбас,
Бір туған баласындай алғыр құстың.
Ойбастан Қыпшақ туып, өсіп-өнген,
Бауыр боп, ол да ішінде бір туыстың.

Сымайыл—үшіншісі деп айтады,
Төртінші—Қосымқожа жалғасы үштің.
Қосымнан Жаубас, одан Керей, Уақ,
Бір туған қаласындай қатар тістің.

Бесінші—Қарақожа одан соңғы,
Кенжесі—Дарақожа дейді атамыздың.
Қаптағай Дарақожадан туған екен,
Жайылып, жұртқа даңқы қайрат-күштің.

Атамыз Қаптағайдан Найман туып,
Би бопты, ашқан кілтін мүшкіл істің.
Керейден Орта жүзде Марал шықты,
Әруағы айбатындай жолбарыстың.

Арғыннан қаз дауысты Қазыбек би,
Атақты егесі еді зор дабыстың.
Ерлер көп айта берсек аталықта,
Осымен келді реті доғарыстың.

Бастауға Бекарысты жаңа келдік,
Аталық асулардан өтіп белдік.
Мөңке би туып жалғыз Бекарыстан,
Көп нұсқа кеткен тастап байтақ елдік.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз