Шежіре өлең (3-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Шақырған соң жиналады адамдар көп,
Ақсарбас айтып, сойған етінен жеп.
Жиылған қарт, қария, ақсақалдар,
Баланың атын қойды «Қобыланды» деп.
Қобыландыдан он екі ұл туған екен,
Ту тігіп, ен далада қылған мекен.
Шежіреге осылай жазылыпты
Ырым қылып, кенжесін «Тоқтар» деген.
Қобыланды көп дұшпанды сыйлап өтті,
Күшімен көп елдерді билеп өтті.
Тоқтардан туған бала—бесеу болар,
Аттарын айтып жазсақ. миға қонар.
Торы, Ұзын, Қарабалық, Бұлтың, Көлденең—
Осылай деп жазыпты бұрынғылар.
Мен көппін,—дегенменен,—даулы Қыпшақ,
Ерегессе, қоймаған жауды Қыпшақ.
Баласы бір Тоқтарбайдың бес таңбалы,
Демей ме «тоқсан екі баулы қыпшақ».
Бұл Қыпшақ—ел іргесі деп айтады,
Сары мен Құлан, Қытай өзі бөлек.
Бұларды Қарақыпшақ деп атайды,
Бұл Қыпшақ төрт атаға бөлінеді,
Жазбадан бұлар солай көрінеді.
Сары мен Құлан, Қытай былай қалып,
Баршасы «Қарақыпшақ» делінеді.
Бұдан былай өз атамды жазайын,
Керей, Уақ—екі тайпа ел бірге.
Туған Қасымқожа, Смайылқожа,
Қасымқожа баласы—ер Жаубасар,
Жақсы сөз айта берсең, көңіл ашар.
Ол кезде ұрлық, зорлық, ел тонаушы өнер болып,
Ұл болып туса, мойнына қару асар.
Жаубасар атам—батыр жауда өліпті,
Солай,—деп айтылады,—кім көріпті.
Панасыз жесір қалған жесір анам,
Қорлықпен жылап-сықтап күн көріпті.
Бір соғыста Жаубасарға ажал жетті,
Дүниеден теріп жейтін дәмі бітті.
Панасыз жастай қалған сорлы жетім,
Ерінен қалған екен жүкті.
Атам—Уақ Жаубасардан іште қалған,
Кімге тұрақ болады мына жалған.
Туғанда атам уақ, нашар туып,
Атанып «Уақ ата» содан қалған.
Ошыбай жүреді екен, болып нала,
Қалдым деп Жаубасардан жеке, дара.
«Жеңгем менің жүкті болып қалған»,—
Дейді екен «ұл берсін,—деп,—Хақ Тағала».
Толғатып, анам сорлы қырда тұрған,
Сорлы жетім көз жасымен бетін жуған.
Шуылдап, көп әйелдер отырғанда,
Барылдап, анамыздан бір ұл туған.
Бір әйел жүгіріп келіп, есік ашып,
Ошыбайды қуантпаққа асып-сасып.
«Сүйінші, жеңгең ұл тапты» дегеннен соң,
Ошыбай жүгіреді аттай басып.
Баланы әкеп берді «мінекей» деп,
Ошыбай қолына алды жас иіс деп.
«Уақ болып туған екен» деп,
Әйтеуір қуанады ұл екен деп.
Жаубасар атам—батыр жауда өліпті,
Солай,—деп жазылыпты,—кім көріпті.
Панасыз, жесір қалған анам сорлы,
Аздан соң ерленуді жөн көріпті.
«Уақ» деп ат қойылған соныменен,
Басқаның ісі бар ма мұныменен.
Жеңгесін Ошыбайға тигізеді,
Атаның бұрын салған жолыменен.
Уақ өсіп, ержетіп жүре берді,
Үйреніп жас болса да әр өнерді.
«Әкең сенің жауда өлген» деп айтуды,
Шешесі баласына мін көреді.
Өседі күннен-күнге тұлғасы асып,
Жүргенде жерді ойғандай қадам басып.
Бір күні қарт-қария, шал мен кемпір,
Сөйлейді қуанышпен көңілі тасып.
—Мына бала батырдың нағыз өзі,
Оттай лаулап, жанып тұр екі көзі.
Бұрынғының айтқаны келді, міне,
«Орында бар оңалар» деген сөзі.
Жас бала мұны сезіп тұра қалды,
Жүрегіне бір түйсік кіре қалды.
Түнеріп, түсі қашып, үйге келіп,
Мәнісін шешесінен сұрай қалды.
Уақ бұрын әкесін білмейтұғын,
Әкем деп Ошыбайды жүретұғын.
Керей мен Уақты бірдей көріп,
Ошыбай да көңілін бөлмейтұғын.
Анасы айтты: «Кімді алмас мына жалған,
Әкең өлгенде бала едің іште қалған.
Әкең аты, шырағым, ер Жаубасар,—
Төменшік болмасын деп айтпадым бұрын саған».
Уақ өсіп, ержетіп болды мықты,
«Ақбалтыр палуан» деген аты шықты.
«Әкем атын қалайша атаймын» деп
Бір түйін жүрегінде болды күпті.