Сатыпалдин Файзолла қаридің өлең шежіресі (4-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Шығады Тобықтыдан қажы Құнанбай,
Аға сұлтан атанып, болыпты бай.
Соңында айтарлықтай хаты қалған,
Ұлы еді Құнанбайдың—ақын Абай.
Ел болып келе жатқан мақтаулы боп,
Өскен ел басы бірдей мықты ауыл боп,
Бұлар да неше сала ел болып кетті,
Қарадан Қарауыл мен Тоқтауыл боп.
Қарадан Бәсентиін, туған Мейрам,
Іргелі ел болыпты дәулет жиған.
Мейрамның бәйбішесінен төрт ұл туып,
Бәйбіше Арғын баласы деп атаған.
Бәйбішеден Бегендік, ер Шегендік,
Болады Қуандық пен би Сүйіндік.
Орта жүздің баласы бас қосқанда,
Тұрыпты осыларда боп үлкендік.
Сөгіліп іргелері кетпей кеміп,
Жайылып, ел боп кетті өсіп-өніп.
Қуандық, Алтай, Қарпық, Тоқа болып,
Тыналы, Көзған, Қақсал туды келіп.
Мейрамның бір баласы Қаракесек,
Сөз келсе, ел дауына берген есеп.
Осылардан деп жазған шежіреде,
Белгілі—қаз дауысты би Қазыбек.
Мейрамнан Елемес кеп туған жана,
Шежіре жазылған соң болмас шала.
Мейрамның бұл үшінші әйелі екен,
Елеместен туады екі бала.
Бұларды Есенбай, Дәуіт деп атайды,
Дәуіттен туғызады Жақанайды.
Таратып бұл Дәуіттен он екі ата,
Туғызып әкетеді Атығайды.
Жазылған бұл шежіре, емес жайдан,
Жазылып келе жатқан, бірталайдан.
Ақташы, Алпыс, Байытжы деп,
Таратқан осы үшеуін Жақанайдан.
Есенбайдан Шағыр туады Бөлтірікпен,
Бұлар да өсіп-өніп ел боп кеткен.
Әрқайсысы өз алдына тарап жатыр,
Сырлыбай, Сары туып Бөлтіріктен.
Шағырдан Сомжүрек пен ер Аманжол,
Аманжол батыр болып, бастапты қол.
Мұра боп, жауға шапса кейінгіге,
Ұран боп, көп Арғынға қалыпты ол.
Аманжолдан—Әлімбет, Бейімбет, Қуат, Шақшақ,
Жазылмас, шежіреде болмас жаңсақ.
Бұл арасы қатесіз көрінеді,
Жарар еді бұзып алмай, тура барсақ.
Шақшақтан тарайды екен Бақай, Дүзей,
Ақназар, Бекназар мен туған Көшей.
Тоқалдан жалғыз бала Томай туып,
Атанған алты Шақшақ, алты дүлей.
Сомжүректен туады Айдарке кеп,
Айдаркеден—Өтеміс, Ожан, Қадірімбет.
Бұлар да алты ата болып бөлінеді,
Бөдене, Жылқыайдар мен Татан, Інбет.
Бөлтіріктен Сырлыбай, Сары туған,
Шежіре бірден-бірге жолын қуған.
Мұны да білгенімше баяндайын,
Несіне тоқталамын енді бұған.
Сырлыбайдан Қараман, Төлек, Мәмбетәлі,
Бір атадан тарайды мұның бәрі.
Сарыдан Қырықмылтық туады деп,
Сонымен тоқтатайын мұны дағы.
Шаржетіммен туыпты Бекіс батыр,
Бекістен Тоқымбет боп келе жатыр.
Үш бала Тоқымбеттен туады екен,
Құлтума, Құланшы,Тағышы деген ел болып жатыр.
Шағырдың Апайы мен Жолдыбайын,
Бір сөзбен тұжырымдап мен жазайын.
Сүгір, Жиенбет туады Жолдыбайдан,
Аяғын көпке созып, ұзамайын.
Апайдан туды енді төрт бала кеп,
Ақымбет, Бекімбет, Жауғашты боп.
Шымболат кенже бала—бұл да Апайдан,
Жазыпты шежіреде осылай деп.
Ақымбеттен Қаламбай, Өтей, Жолтай,
Бекімбеттен Баубек, Жәдік туды осылай.
Дейді екен бұларды ел төменгі Шекті,
Баубектен жалғыз болып туған Құлқай.
Жанарыстың баласы, екінші үлкен,
Көбейіп, неше тайпа жайған өркен.
Бар еді жиған-терген өз атамнан,
Сара жол бола қоймас, мұнда ілкем.
Қыпшақты Ақтам ұлы Кете бастап,
Артына тарих етіп, нұсқа тастап.
Ақтамнан туғандарын таратайын,
Біркелкі жүйесімен сөзді бастап.
Қыпшақтан туған бала—Сүлімалып,
Дабысы шыққан ердің жерді жарып.
Елін қорғап, жауына қарсы шығып,
Қатардан артық болып, шыққан алып.