Сатыпалдин Файзолла қаридің өлең шежіресі (3-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Қырғынға ұшыратқан қазақ елін,
Шұбыртқан басып алып, су мен жерін.
Жеңіліп сол соғыста «елім-айлап»,
Таратқан біздің қазақ іште шерін.
Үш жүздің ортақ бұл жыр баласына,
Жайылған бүкіл өлке даласына.
Басталар әннің басы «Елім-ай» деп,
Тараған қазақ елі арасына.
«Басынан Қаратаудың көш келеді,
Бір тайлақ көшкен сайын бос келеді.
Айырылған туысқаннан жаман екен,
Мөлтілдеп қара көзге жас келеді.
Қай заман мына заман, азған заман,
Болар ма, баяғыдай тағы да заман.
Атадан ұл, анадан қыз айырылып,
Көл қылып, көздің жасын ағызамын.
Қай заман мына заман, қысқан заман,
Басынан бақыт, дәулет ұшқан заман.
Жолынан шұбырғанда шаң борайды,
Күн суық, қаңтардағы қыстан жаман.
Қайтемін мен нетіп ем, қатты Құдай,
Қара жер қабырғама батты, Құдай.
Табаным жаяу жүріп тесілгенде,
Бермедің тым құрғанда атты, Құдай».
Жаяулап, жер қоныстан ауған жерден,
Аңыз қып, біреу сөзін ала берген.
Жарамай Әнет баба жырын айтып,
Жүре алмай бір төбеде қала берген.
Ол кезде Ұлы жүз ханы Барақ екен,
Оңтүстік пен батысты қылған мекен.
Бытырап, көше қашып бет-бетіне,
Біраз ел Тәшкен жаққа ауған екен.
Тәшкенге қараған ел Садыр, Матай,
Шыққан жоқ өзбектен, содан былай.
Орнығып, сол арада қалып қойған,
Таппасаң, іздестіріп сұрай-сұрай.
Орта жүз солтүстікке қарай кеткен,
Ақтау мен Көкшетауға барып жеткен.
Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман, Керей, Уақ—
Бұлар кеп, Сарыарқаны мекен еткен.
Орта жүз Сарыарқаны кең жайлаған,
Ел болып орныққан соң мал айдаған.
Бұхардан қашып келген Абылайды,
Көтеріп, бір ауыздан хан сайлаған.
Кіші жүз күнбатысқа қарай көшкен,
Белгілі Бөкейлікке барып жеткен.
Тап келген талабына осы елдің
Орал мен Жайықты кеп мекен еткен.
Ханы екен Кіші жүздің Әбілхайыр,
Ақылы, парасаты болған зайыр.
Хат жазған Россия патшасына,
Алсын деп патшасына етіп қайыр.
Хат жазған Петербург қаласына,
Жол түсіп, жаушы жүріп арасына.
Алынған Россия қарамағына
Мың жеті жүз отыз бір жыл шамасында.
Ресей ала берген содан кейін,
Бағынған барлық қазақ одан кейін.
Сарыарқа, Сырдың бойы, Шыршық, Алтай,
Түркістан, Хиуа, Бұхара—шетке дейін.
Кеткенін біздің қазақ үш арыс боп,
Қалдырмай жаза берсем болады көп.
Үш жүзге бөлінгенін айттым бұрын,
Атаған Ақарысты Ұлы жүз деп.
Ұлы жүз—Ақарыстан Дулат,Үйсін,
Қаншама жұрт екенін өзі білсін.
Жалайыр, Албан, Суан, Қаңлы, Қоңырат,
Ал енді таратайын ендігісін.
Ақарыстың бір баласы Сіргелі еді,
Қашаннан айырылмаған іргелері.
Ошақты, Шапырашты, Шанышқылы—
Осылар Ұлы жүз боп бөлінеді.
Ұлы жүз, Орта жүз бен Кіші жүз боп,
Бөлініп шежіре қалды сөз боп.
Арғын, Қыпшақ, Қоңырат, Найман, Керей, Уақ
Таралып кетті бұлар Орта жүз боп.
Келтірем ретімен сөзді таза,
Бұл сөзім шежіреде емес қата.
Таратам әрқайсысын жөн-жөнімен,
Туыпты Жанарыстан алты қожа.
Бірінші туған бала—Қарақожа,
Екінші туған Ақтам, Надырқожа.
Одан кейін Смағұл, Момынқожа,
Туыпты алтыншы болып Қасымқожа.
Қарадан Ақжол Арғын туды бала,
Ақсопы дара туып, болған дана.
Ақ, Арық, Қара, Сары туды Мейрам,
Көбейіп, ел боп шыққан неше сала.
Баласы Ақсопының Қанжығалы,
Атаның бұған түскен оң назары.
Арықтан Бәсентиін,Тобықты, Арғын,
Келеді түзеп айтсақ, сөз ажары.