Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Сатыпалдин Файзолла қаридің өлең шежіресі (2-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу

Жабилден туады енді Мағаз,
Белгілі болды жұртқа айтып уағыз.
Мағаздан дейді атамыз Ақшолпан
Шежіре бірден-бірге қалған қағаз.

Ақшолпаннан Ақмар, Аққурай, туды Аламан,
Ноғай халқы Аламаннан кеп тараған.
Жұрт болып бұлар дағы өз алдына,
Орнығып шаһар болып, қала барған.

Тарихты оқысаңыз, жіті қарап,
Ақмардан моңғол жұрты кеткен тарап.
Олар да өз алдына өскен тайпа,
Өздерін бір жауынгер елге балап.
Асан мен Алаш туды Аққурайдан,
Сөйлейін бір азырақ осы жайдан.
Асаннан атасы Естек жалғыз туып,
Олар да өсіп-өніп, қанат жайған.

Атамыз Алаш ханнан екі ұл туып,
Шежіре келе жатыр түбін қуып.
Көбейіп өз алдына ордалы ел боп,
Олар да өз алдына тіккен уық.

Ат қойған үлкеніне Сейілхан деп,
Атаған екіншісін Жайылхан деп.
Айырылып, Сейілханнан бөлек кетіп,
Жайылхан кеткен екен көшпелі ел боп.

Шежіре бірден-бірге түбін қуған,
Бір өзі Сейілханнан сегіз туған.
Ал бұлар сегіз арыс түрікпен боп,
Шаһар боп жата берді қозғалмастан.

Жайылхан атамыздан Майқы туған,
Жері екен сахарада кіндік жуған.
Майқыдан екі ұл туып өз алдына,
Атанып кеткен екен Өзбек, Сапиян.

Майқыдан Өзбек, Сапиян—екеу туды,
Екі ұлы бөлісіпті жер мен суды.
Бөлініп, Өзбектен Сапиян кетті,
Өзбек сарттан қыз алып, шаһар болды.

Сапияннан белгілі екеу туған,
Аққалпақ, Айырқалпақ деп атаған.
Аққалпақтан он екі ата қырғыз туып,
Ел болып, өз алдына кете барған.
Баласы Айырқалпақ—Қазақ, Созақ,
Созақтан жатыр өсіп қарақалпақ.
Мал айдап, сахараны еркін жайлап,
Көшпелі ел болып кетті, біздің қазақ.

Тексерсек, жолын қуып шежірені,
Қазақтан үш арыс болып бөлінеді.
Ақарыс, Жанарыс пен Бекарыс деп,
Ат қойған үшеуіне көрінеді.

Жүргенде біздің қазақ, желдей ығып,
Көшпелі жолын сақтап, ата ғұрып.
Ен жайлап, Каспий бойын отырғанда,
Кенеттен қозғалыпты, бір жау шығып.

Болмаған жауға қарсы басын құрау,
Шұбырып қаша берген, көзде жылау.
Қазақтың шұбырынды жол үстінде,
Айтылған сол кездегі жыры мынау:

«Тайсойған, Орал, Жайық өскен жерім,
Кір жуып, кіндік-тамыр кескен жерім.
Қазақ боп, ноғайлыдан біз бөлініп,
Жарты құрт татулықпен жескен жерім.

Тайсойған, Ойыл, Қиыл, Индеріміз,
Ен жайлап, мекен қылған жерлеріміз.
Сағыз деген жерлерді көшіп жайлап,
Қуа қайта оралушы еді елдеріміз».

Бытырап кеткен қазақ, әрбір жерге,
Шұбырып кірген барып, әрбір елге.
Сіңісіп Кавказ, Башқұрт, Иран, Алтай,
Өзбек, түрікпен боп, кеткен бірге.
Әр елге біраз қазақ сіңіп кеткен,
Арада талай ғасыр жылдар өткен.
Қазақтың баласының көпшілігі,
Қаратау деген жерді мекен еткен.

Жер еді біздің қазақ кемелденген,
Ұрпақтан ұрпақ туып, өсіп-өнген.
Қосылып береке, құт қотанына,
Жататын сыймай малы, асып белден.

Жауласқан бір кездері қазақ-қалмақ,
Күш жетсе, бірін-бірі шауып алмақ.
Үш арыстан үш батыр адам жинап,
Болыпты, қазақ елін қорғап қалмақ.

Үш арыстан шығыпты үш жүз батыр,
Қайратты ерлер болыпты мыңға татыр.
Беріліп үш арысқа «үш жүз» есім,
Атанып, содан бері келе жатыр.

Алатау шығыс жағы мекен-жайдан,
Ханы екен жоңғардың Даудан-Сыбдан.
Жеріне ондаған мың жоңғар келіп,
Қазақтың баласына салған ойран.

Болыпты Тобықтыда Әнет бабаң,
Көңілінде ешбір қауіп, болмас алаң.
Бес баласы соғыста садаққа ұшып,
Орнапты, басына кеп ақырзаман.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз