Сатыпалдин Файзолла қаридің өлең шежіресі (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Нұх нәби түп атамыз саналады,
Үш нәсіл үш ұлынан таралады.
Есімі Хам, Сам, Япыс—үш ұлының
Жер жүзі халықтардың бабалары.
Қаптаған жердің жүзін болған топан,
Кемемен сол апаттан қалған аман.
Таралып үш ұлынан барлық халық,
Сондықтан деп атаймыз—екінші адам.
Хамнан нәсіл тараған қара халық,
Бұл арасы тарихта болған анық.
Бұл нәсілден көп халық өсіп-өніп,
Жер құрлығын Африка жатыр алып.
Атасам, білгенімді—Негрия,
Үндістан, Араб елі және Индия.
Міне, осылар болады Хам нәсілі,
Жапон, Бостан, Ангола, Эпопия.
Бір туысқан мешер мен яһуд, араб,
Афин халқы араман, берсем санап.
Африка, Америка жер құрлығын,
Мекендеп өсіп-өніп кеткен тарап.
Ақ нәсіл кеп тарайды енді Самнан,
Көбейіп, өсіп-өнген бұлар да жан.
Неміс, испан, ағылшын, Италия,
Белгия, Швеция және Руслан.
Туғызар, білген жандар сөздің дауын,
Ертеден құрған бұлар бірлік қауым.
Патшалық құрған олар іргелі ел боп,
Өздері шешкен ойлап, тайпа дауын.
Ал енді сары нәсіл—Жапония,
Қытай мен Түрік, Татар, Моңғолия.
Бұларды тұс-тұсына таратайын,
Иран, Ирак, Саклап, Жангория.
Тарихта көрінеді, міне, осылай,
Түрік, түрікпен, тараншы, құмық, алтай.
Қарашин, ұйғыр, қашқар, қарақалпақ,
Өзбек, қырғыз, қазақ, құмық, балқар.
Естек, Ноян қалдырып жаздым тарих,
Бұл арасы шала емес, бәрі де анық.
Тарайды сары раса нәсілінен,
Азияда тұратын барша халық.
Табылар оңай жұмыс талас деген,
Өтірікті жарамайды рас деген.
Түріктен Мәдинаға көшіп барған,
Бір адам болған екен Аннас деген.
Біз, міне, сол түріктің бір баласы,
Атамыз Аннас деген бар таласы.
Сары араб болмақ ол—ғажап іс
Секілді жер мен көктің екі арасы.
Осылай Аннас болудың себебі бар,
Сенімді бос сөз емес, тіреуі бар.
Дәл келіп дәлелсіз сөз айтылмайды,
Рас сөздің айыратын реті бар.
Атасы бұл халықтың Аннас екен,
Адамның қатардағы данасы екен.
Болыпты сол кісінің үш қатыны
Атамыз кіші қатын баласы екен.
Сары адам қара адамға жанаса ма,
Есті адам болмашы іске таласа ма?
Сол кісі Мәдинадан көшіп келіп,
Жүз жаста опат болды Басрада.
Өлерде балаларына хабар салды,
Шақырып қатындарын жиып алды.
Өзінің тірісінде енші айырып,
Бөлдірді алтын, күміс, дүние-малды.
Еншілеп балаларын риза қылды,
Босатып, азат етті құл мен күңді.
Төрт түлік малын алып кіші қатыны,
Қоныс қып сахараны көшіп жүрді.
Екі үлкен қатын алды, дүние-пұлды,
Алтын, күміс болады деп, малдан құнды.
Ел болып отырықшы қала берді,
Көбейтіп, мал орнына құл мен күңді.
Малды алып, кіші қатын кетті көшіп,
Көбейіп, төрт түлік мал кетті өсіп.
Халыққа қайырымды болған жомарт,
Жетім мен жесірлерге жәрдемдесіп.
Басрадан шығып кетті көше-көше,
Арада жылдар өтті әлденеше.
Келді де Түркістанды мекен етті,
Түрікше болып кетті әмме көші.
Көп халық Түркістанға ауып келген,
Дұшпаннан қаша көшіп қауіптенген.
Малға жай, жері жақсы сахараның
Тұруға жайлы орынды тауып келген.
Кіші қатыннан Сахил, Қабил, Жабил туып,
Бұл тарих келе жатыр түбін қуып.
Қабилдан бірсыпыра халық тарап,
Айырылар осы арада, қалмақ келіп.
Бөлініп Сахил кетті осы арадан,
Жұрт болып, бұлар да өсіп көп тараған.
Жүгінсек, тарихшылар жазған хатқа:
Хакас, тараншы, құмық, алтай—осылардан.