Қызқұлаған (1-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Бір-ақ жер «Балдырғанды», «Қызқұлаған»,
Ақ құзар құлап өлген ізі қалған.
Құзардың табанында «Шажа» өзені
Қыз құлап суға түсіп, ісі тынған.
Жазайын бес-алты ауыз түсінік сөз,
Себебі қыз құлаудың қалай болған.
Қызы екен Жұмаш байдың, аты—Жібек,
Он төртке өткен жылы жасы толған.
Он төртке жаңа шыққан жас баланың
От жанған жүзі нұрлы маңлайынан.
Бала еді сөзі сынық, өзі әдепті,
Бал тамған, аузын ашса, таңлайынан.
Тыңлаңдар көңілменен әңгімені,
Жібектің сөз бастайын жағдайынан.
Көрген ел көзі түсіп таң қалысты,
«Тумас,—деп,—мұнан артық жас баладан».
Екі бай көк жайлауға қатар қонар,
Жүз-жүзден құлын байлап, бие сауар.
Жұмаш бай андас екен Жалайырда,
Мырзадан Сәдібек бай көрші болар.
Көк жайлау сәнін түзеп, сейіл құрып,
Соны шөп, тегіс жерді қоныс қылар.
Әйелі Жұмаш байдың екіқабат,
Жайлауда мезгіл жетіп бір қыз туар.
Жайлауда бала туып, той жасалды,
Сабалар қымыз толы, мал сойылды.
«Жұмаштың бала туған тойы бар» деп,
Барлық ел жайлау үсті хабарланды.
Көршісі атақты бай қатар қонған,
Ауылы Сәдібектің шақырылды.
Шабылып құнан бәйге, көкпар алып,
Тамаша жайлау үсті сауық құрды.
Шақырып бір молданы той артынан,
Жібектің—туған қыздың атын қойды.
Баласы Сәдібектің аты—Мұқаш,
Жібектен екі жылдай бұрын туған.
Қызығып бір-бірінің байлығына,
Екі бай қыз бен ұлға құда болды.
Бата аяқ мал алысып, киіт киіп,
Жібекке осылайша сауда жүрді.
Келісті қалың малға Жібек үшін,
Жүз байтал бермек болып Сәкең көнді.
Қатысып ақсақал мен жақсы адамдар,
Мал сойып, құда түсіп, уәде болды.
Қыз өсіп, он үш-он төрт келді жасқа,
Бұл байда бала да жоқ мұнан басқа.
Әртүрлі жеңгелері әңгіме айтып,
Болмайды құлақ қойып тыңламасқа.
«Мал берген күйеуің бар, келеді» дер,
Баласы о да байдың он бес жаста.
Айыбы көзі қитар, басы жара,
Болыпты іштен туа әуел баста.
Жібекті бұл әңгіме ойландырды,
Болмайды ақылменен ойламасқа.
Жібектің жеңгелерге айтқан сөзі,
Солқылдап көзі толып ыстық жасқа:
«Тірі боп таз, қитарға мен бармаймын,
Онан да ұшып өлем шығып тасқа».
Көрерсіз тірі жүрсең болған істі,
Барар деп тірі болып ауыз ашпа».
Он төрт жасар Жібектің көркі
Қара қас, қара торы, жазық маңлай,
Қара көз, жіңішке бел тартқан сымдай.
Жайнаған екі көзі, қыр мұрынды,
Келбеті жүзі нұрлы таң қалғандай.
Көзі өткір, асылы бар деп айтады,
Жарық қып қараңғыны шам жанғандай.
Сүйегі денесіне біткен түзу,
Солқылдақ сазға жаңа шыққан талдай.
Қара шаш, бұрымы ұзын, қиылған қас,
Шашбауы бұрымында жер соққандай.
Қыз еді орта бойлы, оймақ ауыз,
Тізілген тісі қатар ақ маржандай.
Тәртібі, мінезімен халыққа ұнап,
Мінезі, тәртібіне жұрт таң қалды-ай.
Көз нұры қараңғыда жарқыраған,
Нұрланып нұрын шашып таң атқандай.
Жібектің күйеуі
Бір күні жайлау үсті келді күйеу,
Жанына күйеу жолдас ерген екеу.
Ентікпе аламыз деп жеңгелері,
Алдынан жүгірісті үшеу-төртеу.
Күйеу кеп, кешікпей-ақ тігілді отау
Шетіне ақ орданың оңашалау.
Басы таз, көзі қитар болғанменен,
Мақсаты бай ұлының тамашалау.
Шот маңлай, бүйрек бетті, кертік мұрын,
Қыз көрді өз күйеуін аласалау.
Қитар көз, шойын қара байдың ұлын
Жібектің ынтызары—әбден байқау.
Көрген соң байдың ұлын Жібек сұлу,
Қайғымен енді басты анық жылау.
Байлықтың мақтанышымен құда болған,
Байлардың мақсаты ма түбін ойлау?!