Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қызқұлаған (3-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Осымен тиянаққа келісті де,
Түнгі ұйқы мезгіл жетті демін алар.
Төсек сап қызды әкеліп ырым алмақ,
Күйеуге екі жеңгей төсек салар.

Қызды күйеуіне апаруы

Отауға жеңгей салды төсек,
Мамықты көрпелер мен жұмсақ төсеп.
—Әдейі, күйеу, сізге еңбек еттік,
Көп ақша бере ме деп жетпес есеп.

Әкеліп қалыңдығың көрсетеміз,
Асықпа, үйдің іші ұйықтасын деп.
Көрімдік қыз көрсетіп тағы аламыз,
Ақшаны дайындай бер бірер кесек.

Бұрынғы үлкендердің жолы солай,
Ырым көп ақша алуға бізде еселеп.
Үй іші ұйықтады ма әлде жоқ па,
Білер ме ептеп барып үйге кірсек.

Төсекке шешінді де күйеу жатты,
Осылай ақылдасты қос келіншек.
«Әр-бері бергенін ап кетер едік,
Күйеуге қызды әкеліп бір көрсетсек».

Осылай қос келіншек ақылдасар,
Қыз жатқан үйге қарай қадам басар.
Азырақ сырттан тыңлап «ұйықтады» деп,
Екеуі ептеп келіп есік ашар.

Білдірмей дыбыстарын үйге кіріп,
Төсекке қыз жататын кеп жармасар.
Ақырын ептеп сипап қызды оятып,
Далаға алып шықпақ енді бұлар.
—Бұлар кім, неғып жүрсің? Кет ары,—деп,
Жөніне Жібек көнбей біраз тулар.
—Тілге көн, жүр, еркежан,—деп жалынар,
Амалын біз табалық күйеуді алдар.

Ақылға Жібек көнді, түрегелді,
Киініп қос жеңгейдің соңына ерді.
Ақырын ептеп басып тысқа шығып,
Үшеуі ақ отауға барып енді.

Күйеуге қызды апарып дүз көрсетіп,
Көрімдік күйеу үш сом ақша берді.
Қысқа түн жазды күнгі аясы сол,
Ағарып шығыс жақтан таң білінді.

Жібекке жеңгелері «қайтқын» деді,
Үй іші біз шыққанда бәрі білді.
Жайымен жайлап айтқан тілге түсіп,
Мұқаш та мақұл көріп, тілге көнді.

«Қош болып осыменен жата бер»,—деп,
Үйіне Жібек сұлу қайтып барды.
«Біржола Мұқаш менен күдер үзіп,
А, шіркін, күн болса!»,—деп жатып қалды.

Мұқашқа Жібек айтты:—Мен сенікі,
Аулыңа алыс емес жақын барар.
Аз күнде өз үйіңнен табысармыз,
Қош бол,—деп оған дейін жатып қалар.
Мұқашқа жеңгелері түсіндірді:
—Бес күнде қызды алатын тойың болмақ.
Күндерің алыс емес, арыс салар,
Жай сөзге алдап айтқан көңілденіп,
Ақымақ алдағанға риза болар.
Неше күн болса дағы Жібек тыныш.
Мұқаштан алдауменен тез құтылар.
Той жасап ұзататын күнін естіп,
Жібек қыз қайғыланып от боп жанар.
Әр ойды үйде жатып Жібек ойлар,
Күніне жақын қалды тойы болар.
«Біржола Мұқаш менен күдер үзіп,
А, шіркін, болар ма күн ұмытылар».

Той малды айдап келді үш күн бұрын,
Барлық ел шақырылып хабарланар.
Күн өтсе аттануға күн жақындап,
Жібекке қасыреттік қайғы толар.

Ойлайды қайғыланып әрбір ойды,
Той үшін нан пісіріп, малын сойды.
Арасы бес шақырым ақ құзар бар,
Өлуді содан құлап ойлап қойды.

Той болып, күн сәтіне ел жиылып,
Тамаша жайлаудағы ел думан құрды.
Шабылып құнан бәйге, көкбәр алып,
Екі күн жайлау үсті сауық болды.

От жанған маңлайынан нұрлы Жібек,
Бес күнде қайғыменен солып қалды.

Той тарқап, қызды ұзату күнге жетті,
Қайғылы Жібек қыздың есі кетті.
—Жібекжан, не қалайсың?—деген екен,
—Сарқызыл бәсіремді мінем,—депті.

Сарқызыл даңқы шыққан жүйрік еді,
Көрікті, өзі сұлу дүлдүл еді.
«Мінемін Сарқызылды» дегенінде,
Жұмаш бай іштен тынып ренжіді.

Ерттетті Сарқызылын амалсыздан,
Бала жоқ мұнан басқа, бір қыз еді.
Қоштасып ауыл аймақ Жібекпенен,
Түйеге жасауды артып жүргізді енді.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз