Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қызқұлаған (2-бөлім)

Аңыздық жырлар · 2 мин оқу

Шай қойып, мал сойылды қонақтарға,
Отауда Мұқаш күйеу жатыр жайға.
Мұқашты байдың ұлы Жібек көріп,
Шомылды түпсіз терең уайымға.

Жібектің ойы:

«Шешемді оңашалап шақырып ап,
Бұл не қылған күйеу деп жылайын ба?
Бармаймын тірі болып күйеуіңе,
Бергін деп күйеу тауып сұрадым ба!

Әкемнің төрт түлігі ұшан теңіз,
Он төртте мені сату ұнады ма?
Орнына еркелету малға сатып,
Көз жаспен қалмаймысың обалыма?

Өлейін мұнан дағы суға түсіп,
Обалым сіздерге деп сатқан малға.
Малының бағатұғын иесі жоқ,
Жалғызын саудалаған жүз байталға»,—

Деп жылап зарлағаны Жібек қыздың
Естілді шешесінің құлағына.
Шешесі Ақжан деген жақсы кісі ед,
Білуші ед ұнатпасын баяғыда.

Жұмаштың діні қатты, қара ниет,
Шыдамас оның ешкім таяғына.
Жұмашқа Жібек қыздан бір тай артық,
Қарамас ол Жібектің қабағына.

Жұмаш па қабағына қыздың қарар,
Жүз байтал өтіп кеткен тамағына.
Жүгіріп Ақжан келді Жібегіне,
Өсірген еркелетіп қарағына.

—Жылайсың неге, Жібек?—деді Ақжан,
Қызының басын сүйеп аяғына.
Жас кетті екі көзден алты тарам,
Бетіне Жібек қыздың қарады да.

Жұмаштың жұрттың бәрі ықпалында,
Ешкім жоқ қарсы сөйлер ағайында.
Ақжан мен Жібек отыр жылауменен,
Оңаша үй, еш адам жоқ маңайында.

Адамның қарсыласқан Жұмашпенен,
Көрсеткен қысымшылық талайына.
Зәресін елі-жұрттың алып қойған,
Бара алмас ешкім оның маңайына.

Жібекке Ақжан отыр жақын таяу,
Ақырын әлсіз шығып даусы баяу.
Сұрайды Жібек қыздан қайта-қайта,
—Бір жерің ауырды ма, япырм-ау?

Қызарған қыздың көзі жылауменен,
Күйінде жылап отыр үндемеген.
Жылайды қарайды да Жібек қызға,
Қызының жылайтынын бұрын білген.

Шешесі қайта-қайта сұраған соң,
Жібек қыз әрең зордан жауап берген.
—Қонағың кім болады? Кімге күйеу?
Осыны сізден сұрап білгім келген.

Қалайша күйеу келіп, тігілді отау,
Күйеуге қай қызың бар бергің келген?
Он төртке жаңа шыққан мен жалғызың,
Өлтірдің малға сатып қайғы-шермен.

Осыған мені бермек болсаңыздар,
Қоштасам өлмес бұрын сіздерменен.
Жалғызын он төрт жасар малға сатып,
Қысылды әкем менің неменеден?!

Қызына ешбір жауап айта алмады,
Сөзіне жауап тауып қайтармады.
—Шай жасап, тамақ әкел, қайдасың?—деп,
Ақжанға үйде Жұмаш айқайлады.

Ақжан кеп тамақтарын дайындады,
Ақылмен әрбір істі байымдады.
Толғанып қанша ойланса ақыл жетіп,
Жеңілдік Жібек үшін табылмайды.

Жүз байтал құрттай санап Жұмаш алған,
Ақ бата ақ қой сойған қаны бардан.
«Егерде Жұмаш сезсе, тірі қоймас»
Ойлайды жылап жүріп осылардан.

Ас пысып, тамақ дайын болған кезде,
Шақырып көршілерді орда толды.
Қол жуып, ет туралып әрі-бері,
Тамақты кешікпей-ақ ішіп болды.

Ас ішіп, жайбарақат қолды жуып,
Тарқасып бала-шаға, шалдар қалды.
«Құдалар, әңгімеңді айт келген мақсат»,
Жұмаш бай құдасына бір қарады.

Бастады әңгімені бұ құдалар,
Құлақ сап тыңлап отыр барлық шалдар.
Келінін сұрай келген жайын айтып:
«Күніне келіссек,—деп,—тойы болар».

Шешесі айтты:—Жібекжан әзір жас қой,
Он төртке осы күзде жасы толар.
Есептеп бермек мал мен алған малды,
Келісті тиянаққа енді бұлар.

«Келесі сәрсенбіге той болсын» деп,
Бес жылқы, он қой артты тойға сояр.
Алты күн қалған екен сәрсенбіге,
Той үшін екі жағы дайындалар.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз