Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қызқұлаған (4-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Жібектің шешесімен көрісуі

—Қош, ана, аман сау бол, аттанамын,
Сапарға барса келмес мен барамын.
Емізген ақ сүтіңді еркелетіп,
Сізді ойлап, қайран ана, қайғырамын.

Қызығым көретұғын болды қысқа,
Жазуға тағдыр дағы ризамын.
Өзіңді-өзің мықты ұста, анам,
Мен үшін күйік тартып қажымағын.

Жалғызын он төрт жасар малға сатып,
Әкемнің қарасаңшы ақымағын.
Қызығып жүз байталға, құлға берді,
Осы ма дәурен сүрер менің теңім.

Әкемнің менде аласы өші болса,
Айрылып жалғызынан алсын кегін.
Кемтігін мені сатып жетілдірсін,
Жүз-жүзден айдап алып малды тегін.

Алдында ағасы жоқ, артта інісі,
Жаралған жалғыз болып мен сорлымын.
Он төртке жаңа шыққан жас балапан,
Қызығын бұл жалғанның аяқтаймын.

Мені ойлап күйік тартып жүдемеңіз,
Осыны сізден сұрап, көп тілеймін.
Емізген ақ сүтіңді қарызың бар,
Мен үшін кешіріңіз, өтінемін.

Өсірген ақ сүт беріп қарызыңды,
Күнінде таңла мақшар бір өтермін.
Тірлікте мен сізге жоқ енді, анам,
Барғанда о дүниеге кездесермін.

Қош, ана, тіршілікте мен сізге жоқ,
Өсіріп, еркелетіп, қададың шоқ.
Ес біліп он төрт жасқа келгенімде,
Опасыз өткен екен дүние боқ.

Осындай болар ма едім туысым болса,
Айрырып алмас па еді аға-іні боп.
Қызығын бұ жалғанның аяқтаймын,
Жүргенше өмір сүріп бұған қор боп.

Қолқалап сізден, анам, өтінемін,
Күйік пен кәріп көрме соқыр болып.
Емізген ақ сүтіңді қарызың бар,
Кешіргін мойныма артпай, қарыз қылып.

Қызығым көретұғын болды қысқа,
Кетемін ойлағанда от боп жанып.
Жалғызын он төрт жасар шырқыратып,
Жаралды малға тоймас әкем нағып?!
«Ажырат! Кеш боп кетті, аттансын!»—деп,
Жұмаш бай айқайлады шетте тұрып.

Екеуі құшақтасып қалған екен,
Зорлықпен ажыратты біреу келіп.
Жібек қыз көріспеді әкесімен,
Әкесі қолын жайды бата беріп.

—Батаңмен өзіңді өзің жарылқа,—деп,
Бұрылып Жібек кетті қолын сермеп.
Көлденең бір жеңгесі атын тартты:
—Еркежан, кеш боп кетті, атқа мін,—деп.

Қолтықтап жеңгелері мінгізді атқа,
«Қош, қалқам, аман-есен сау болғын»,—деп.
Жібек қыз атқа мініп, қош айтысып,
Шешесін беттен сүйді, мойнын бұрып.

Шешесін ойлағанда егітіліп,
Кетеді от боп жанып іші күйіп.
Осылай Жібек сұлу атқа мінді,
«Қош, ана, сау болғын,—деп,—тартпа күйік».
Түс қиып бара жатқан уақты еді,
Ертемен артқан түйе кеткен жүріп.
Жүргенше өмір сүріп бұған қор боп,
Өлімге бел байлады жанын қиып.

Қоштасып анасымен арыздасып,
Құзарға аттың басын алды бұрып.
Қыз түсі байқағанға өзгерісте,
Құбылып бір қызарып, бір қуарып.

Қыз бұрды аттың басын құзар жарға,
Құзардан өзін-өзі ұзатарға.
«Құзардан құлап өлер күнім жетті,
Қош бол!»—деп жөнелді қыз тұрғандарға.

Жөнелді шапқан бойы құзға қарай,
Артынан тұра қуды атты-жаяу.
Жеткізбей жеке шығып жөнелді қыз,
Бәріне қуғандардың іле шалау.

Мінгені Мұқаш күйеу қара қызыл,
Артынан қуып жетіп келді таяу.
Жарысты Жібекпенен қатарласып,
Ойда жоқ қызды ұстап, алдын орау.

«Есі жоқ мал секілді ақымаққа,—
Ойлайды:—не істесем?—деп,—япырым-ау.
Ілгері озсын,—деді ойлады да,—
Әурелеп жіберейін мақұлықты-ау».

Ілгері Мұқаш озды, Жібек кейін,
Ойлаған, қараңызшы, ақылын-ау.
Артынан үдей шауып қуып жетіп,
Мұқашты қамшыменен топырлаттау.

Аттандап қамшы өткен соң «тәтетайлап»,
Жөнелді өз жөнінше бақырып-ау.
«Тәтелеп» Мұқаш кетті қыздан бөлек,
Жарына сырғанайтын келді тақау.
Секіріп аттан түсіп шешінді де,
Жұмысын орындады қыз сырғанау.
Сырғанап ақ құзардан суға түсіп,
Жібектің күні бітіп орындалды-ау.

Әлі тұр сол күйінде Қызқұлаған,
Сондықтан «Қызқұлаған» аты қалды-ау.
Айрылып жалғызынан Ақжан ана,
Ерте-кеш қызын жоқтап әнге салды-ау.

Байлықты жалайырдан асырмақшы,
Неше жыл Жұмаш байға болыпты дау.
Екі бай неше жылдай даулы болып,
Араға ел кірісіп бітіріпті-ау!

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз