Қазақтың түбі (І нұсқа) (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Адам ата, Хауа ана. Күллі адамзат осы екеуінен өрбіп-өнген. Бұл Адам ата мың жасап, ұрпағының қырық мыңға саны жеткенін көріп өлген. Бел баласы Шиыш тоғыз жүз он екі жыл жасап өлген. Оған белбала—Анұш. Бұл Анұш та тоғыз жүз он екі жыл жасап өлген. Мұның белбаласы Қайнар сегіз жүз қырық жыл жасап өлген. Қайнардың белбаласы Майлауыл тоғыз жүз жиырма жыл жасап өлген. Майлауылдан туған Жарты тоғыз жүз алпыс жыл жасап өлген.
Бұл Жартыдан бүтін болып Ыдырыс пайғамбар туған. Бұл жалғанның жүзінде төрт жүз жыл тұрып, тірілей аспанға ұшып, өрлей-өрлей Ұшпаққа барып, сонда тұрып қалған. Бұл Ыдырыстан мұнда қалған бала—Мөтешалық, мұның қандай жасағанын білген жан жоқ.
Қазақтың айтып жүрген «Нұх пайғамбар дарақтан кеме жонған, кемесінің түбін тышқан тескен» деп жүрген жарапазаны—осы жарықтық. Мұның заманында бұл дүние малға да, басқаға да толған, онан соң қайтып ондай толған, жетілген емес. Тіпті дүниенің жүзіне сыймай кететін болған соң топан суы тасып, бір наубіт болған. Бұл Нұх пайғамбардан үш бала қалған: Хам, Сам, Жаппас. Хамның ұрпағы: Һинді, Зәңгі. Қасы көмірдей қара жұрттың бәрі мұнан өсіп-өнген. Сам ұрпағы—араб. Ажам жұлдыздай көп пайғамбарлар арабтан шыққан. Тарихта зор атақ алған патшалар Ажамнан шыққан. Бұл айтылғаннан басқа адам ұрпағы Жаппастан өрбіп-өнген. Тарихтан көрген, атын білетіндеріміз Түрік, Хазар, Сықалба, Рус, Мин, Чин, Кимарш, Тарх—бәрі де алды-алдына ел болып, жұрт болып өсіп-өнген.
Бұл Жаппас ұрпағы, ең жасы үлкені Түрікті хан көтеріп, соның аузына қараған. Мұның тұқым-нәсілінен болған хандар «хақан» аталды. Түрік заманында көшіп-қонып жүретұғын жұрт болды, өзі Ыстықкөлді ұнатып, сонда тұрақтады. Қазақ «жұлым үй» дейді, керегесі жоқ қос—баспаналары болды. Бала-шаға, ұрпағы көп болды. Түтік деген баласын көзі тіріде орнына тұрғызып, өзі «Барса келмеске» кетті. Түтік те тұрақты, табанды патша болды. Асқа тұз салуды осы ұғындырды. Бұлардың заманы Ажам патшалары Кимаршпен тұстас болды. Бұл Түтік екі жүз қырық жыл жасап, Еділше дейтұғын баласын орнына отырғызып, ата-бабаларын іздеп кетті. Бұл Еділше де көп жасап, орнына Деб Бақұй деген баласын отырғызып, алды-артына қарамай о да жөнелді. «Деб» деген сөзі—«тақ үсті», «Бақұй» дегені—«ұлыстың ұлығы» дегені екен. Бұл Деб Бақұй баласы Киік ханды орнына тұрғызып, жөнеліс қылды. Киік хан баласы Алтыншыны орнына ие қылып, баратын жағына бет түзеді.
Нұх пайғамбардан Алыншы заманына шейін жұрт әбден пұсырман еді. Алыншының заманында алаң болды. Алаңдықпен тұрмады, елең болды. Ата-бабаларының жол-жобасынан айрылды. «Ит семірсе, иесін қабар» дегендей күй болды. Жанкүйер, жақсы көретұғын жандары өлсе, қуыршақ жасап, астың алдын соның алдына қоятұғын қылып, құшақтап сүйіп, әркім ойына келгенін қылып, жұрт бозалаңдады. Бара-бара сол қуыршақтарға шоқынатын, табынатын болды. Алыншы ханның қатыны егіз бала тапты. Екеуі де еркек ұл боп туды. Бірінің атын Моғұл, бірінің атын Татар қойды. Бұлар өсіп ержеткен соң өзіне қараған ел-жұртын екі балаға енші қылып бөліп беріп, екеуі екі жұртқа хан болды.
Татар хандығы жеті атасына шейін келді. Екі қошқардың басы бір қазанға сыймақшы емес. Моғұл, Татар балаларының бір-біріне жаулығы қазақ пен қалмақтай болды. Моғұл мағынасы «мұңлы, қайғылы» деген сөз деседі. Бұл Моғұл хандығы тоғыз атаға шейін келді. Түрік халқының ішінде әр нәрсені тоғыз-тоғыздан қылу, санның толығы—тоғыз деп, сондықтан болған деседі. Моғұл көп жыл патшалық қылды. Төрт баласы болды: Қарахан, Оғызхан, Көзхан, Көрхан. Моғұл Қарахан деген баласын орнына отырғызып хан көтеріп, «шу!» деп, зып ете түсті. Қарахан ірі дөкей хан болды. Ол заманда «Ертауы, Кертауы» дейді екен. Бұл заманда Ұлытау, Кішітау дейді. Жаз болса, сол жерлерді жайлады, қыс болса, Қарақұм, Сыр суының жағасын қыстады. Қарахан заманында бір пұсырман жан емге іздесе табылмайтын дейді. Қарахан бәйбішесінен бір ұл бала туды. Айдан әдемі, күннен көрікті, судан сұлу. Үш күн, үш түн емшек ембеді. Туған шешесін егіз екі көрмеді. Тек шешесінің көзі ілініп кетсе, түсіне кіріп: