Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қазақтың түбі (І нұсқа) (3-бөлім)

Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу

—Біздің Оуызхан бастапқы алып берген келіндерді қалай ұнатпады екен, соңғы келіннен екеуі де көш ілгері, өңді ғой,— деді.

Бәйбіше:

Жастар өзі біледі, мен қайдан білейін,—деді.

Қатын-қалаштан араға кісі жүгіртіп, келіндерден сұратты. Бұрынғы екі келіні айтты:

—Мына жақта біреу бар, мен бұл әке-шешеден туғаным жоқ, содан туғанымын. Сендер де соны бір деп біл, бар деп біл деді. Біз бала бастан, құлын жастан осы бәйбішеден туған деп естіп едік, көрінбеген біреу бар, мен содан туғанмын деген. Сөзіңе нанбаймыз, бұл тіліңді алмаймыз дедік, сондықтан бізді жек көрді. Соңғы алған нақ сүйер тоқалы айтқанын қылып, айдауына көніп, тілін алған соң оны жақсы көргендігі—сол,—дейді.

Қарахан бұл сөзді естіген соң жұртын жиып, көпке естіртті, көп жағасын ұстап шошыды. Мынау бір жұрт естімеген сұмдық екен деді. Мынау жұртты бұзар, мұның қарашығын батырып, көзін жоғалту керек десті. «Жә, бәсе» деп сөзді осыған қойды. «Мұны елге жуытпай, түзде жүргенде жайын табайық» десіп, Қарахан атқа мінер азаматқа: «Үйде бір жан қалмасын!» деп жарлық қылып, қосын қылып аттана бастады.

Бұл сөзді Оуыздың соңғы алған қатыны естіп, Оуызға хабар жіберді: «Әкесі өлтіргелі, қарашығын батырғалы бара жатыр. «Қатын ердің жеті дұшпаны», үйде қатыным қалады-ау деп алаңдамасын, басының қамын қылсын, өзі тірі болса, қайда барса, бір қатын табылар»,—деп.

Бұл хабар барған соң Оуыз да елге кісі шаптырды: «Әкем мені өлтіргелі келеді, «мен» деген маған келсін, әкемді көксеген әкеме барсын»,—деп.

Нар түйе десе, жаны құмар, бурыл бас, көк тұқыл, қауқылдаған шалдар Қараханға қарай гулесіп жөнелді. «Жас жігіттің тілеуі бір, жібектің түйіні бір» деп жастар, замандастар, құрбы-құрдастар Оуызға барды. Қараханның туысқан бауырларының бала-шаға, өндірдей жастары көп еді, көтеріле бәрі Оуызға кетті. Оларға «айғыр» деп ат қойды.

Айғыр—түркі тілі, мағынасы: «шап етіп жабысқыш» деген сөз. Ұйғыр деген халық солардың жұрағаты. Әке мен бала айдалада ұрыс-төбелес бастап, соғысты. Пір болысушы жанға көрінбей келіп, Оуызға болысты. Болысқандық белгісі сол—Қараханға оқ тиіп мұрттай ұшты. Ол заманда «оқ, жақ» дегенді жұрт көрмеген, білмеген. Қарахан құлап қалған соң, қасындағылар үркіп-шошып қашты. Оуызға ергендер сол бойымен топтанып келіп Оуызды атасының орнына таққа отырғызып, хан көтерді.

Оуыз хан болған соң:

—Алланы бір деп біліңдер, пұсырман болдық деңдер!—деп, тілін алғанды сыйлады, тілін алмағанды өлтірді, қинады.

Қараханға бағынбаған ел-жұрт та көп еді. Соларды өзіне бағындырып, қарату үшін қосын жасап аттанып, «пұсырман болдық» дегендерін аман қойып, сыйлап, қалғанын шаншып, талап, өздерін өлтіріп, қызын—қатын, қатынын—отын қылып, ұлан-ұсағын жетім қылып, пұсырман болғандарға олжа қылып үлестірді. Пұсырмандыққа мойындағандары Оуызға бағынды. Мойындамаған тоң мойын, шу асаулары татар хандарына барып қорғалады.

Татарлар да көп жұрт болып өсіп-өніп, Шүршітке жақын маңайлас отырушы еді. Шүршіт деген көп жұрт, кент салған, шаһар салып ақар-шаһар болған. Қытайдың темірқазық жағында тәжік «чин» деп атаған, патшаларын «пағфур»атап, «пағфур чин» аталған, мақтаулы жұрт болған.

Оуыз аттанып, татарды шапты. Татар көп қосын жасап, ұрысты. Оуыз қолы басым болып, татар қолы бәсең болып, Оуыз жеңді, олжа көп түсті. Айдап қайта қоятұғын мал емес, тастап кетуға көзі құрғыр қимай, көп те не жоқ, бір шебер кісі екі аяқты арба жасады. Арбаға «қаңқ-қаңқ» деп ат қойды, жүргенде қаңқылдағаннан. Оны жасаушыны «Қаңқылы» деді, бұл күнге шейін ат қалды. Қаңлы деген жұрт—ұрпақ, жұрағаты.

Шежірелік аңыздар

Барлығы: 341 аңыз

Тағы оқыңыз