Қазақтың түбі (І нұсқа) (2-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
—Ай, анажан, мені өлмесін, жасасын десең, Құдай бар— соны бір біл, пұсырман қауымында бол! Бұл айтқанымды мақұлдамасаң, өлсем, өлемін, өлдә-білдә, сенің емшегіңді ембеймін,—деді.
Анасы баласын өлімге нағып қисын, Құдай—бір деп, бірлігіне сенім келтірді. Бала емшек емеді. Анасы түсінің мәнжәйін жанға айтпады, жасырды. Алтыншы хан заманынан бері қарай бір пұсырман жоқ еді, баласы пұсырман болса, әкесі өлтіріп тастайды. Әке пұсырман болса, бала өлтіріп тастайды.
Ол шақта Моғұл жұртының рәсім-ғадеті—бір жасқа толмай балаға ат қоймайтұғын еді. Бала бір жасқа толды. Басқаның баласының он жастағысындай толық болды. Қарахан жұртқа сауын айтып, ат шаптыратұғын зор, тамаша той қылды. Той күні баланы мерекеге келтіріп:
—Міне, баланы сынап, ат қойыңдар!—деді.
Бала жұрттан бұрын өзі сөйлеп қоя берді:
—Атым—Оуыз, лақабым—Қысырау,—деді.
Естіген, көрген жұрт таң қалды. Бір жасар баланың сөйлегенін кім көріпті.
«Мынау өзі туысы бөлек бала болды, уысы ұзарған, жаны жайылған, ұзын өмірлі, зор бақытты патша болады екен»,— десті. «А» деп тілі шыққанда «Алла, Алла!» деп тілі шықты дейді. Естіген жанның бәрі: «Жас бала тілі орамға келмегендіктен, өзіне айтуға оңай болғаны—сол ғой»,—дейді.
«Алла»—араб тілі. Жеті атасынан араб тілін оғыз жұрты естіген емес. Құдай өзі Оуызды жаратуда Оуыз қылып жаратқан екен. Оуыз ержетті, жігіт болды. Қарахан өзінің туысқан інісі Көрханның қызын алып берді. Оуыз кісі жоқта қатынына айтты:
—Айдай әлемді, сені, мені жаратқан біреу бар, оның аты— Алла, сен оны бір біл!—дейді.
Қатыны:
—Ол жағымда, бұл жағымда естіген сөзім емес, жұрт айтпаған сөзді айтпаймын,—деді.
Оуыз бел шешіп қойнына жатпай кетті. Жұрт аузында сөз бола бастады. «Оуыз қатынын менсінбей, жақтырмай қойнына жатпай кетті» десіп, бұл сөз Қараханның құлағына тиіп, «оны менсінбесе, онан да сұлу қыз алып берейін» деп, тағы өзімен бір туысқан Көрханның қызын алып береді. Оған да айтып еді, о да «алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба соның ізімен жүреді» деген сөз бар ғой, солай болды. Мұның да қойнына жатпай кетті.
Айлардан айлар өтті, жылдардан жыл өтті. Оуыз бір күні ит жүгіртіп, құс салып, күні бойы аң аулап үйіне қайтып келе жатса, әкесінің інісі Көрханның тағы бір бойжеткен қызы көп қатындармен, өзімен бастас қуыршақ дос қыздарымен бір көлге кір жуа барып, қайтып келе жатқандарында Оуызға оқтай ұшырасып, Оуыз қызды оңаша шетірек шығарып, бұрынғы қатындарымен тұз-еңбегі жараспағандығын айтты.
—Сен менің айтқаныма көнсең, айдауыма жүрсең, мен өзіме басыбайлы жолдастыққа сені алар едім,—дейді.
—Жарайды, сен өл десең, өлейін, тіріл десең, тірілейін, сен өлген жерде бірге өлейін,—дейді.
Үйге келе әкесіне кісі салды.
—Әкем маған қатын алып беретұғын болса, өзім сүйген Қалдықызды алып берсін,—дейді.
Әкесі:
—Жарайды, мен жалғызымнан не жанымды аяймын,—деп, зор, тамаша той қылып, өзі сүйген қызды алып берді.
Оуыз мұны жанындай жақсы көрді, бір-екі жыл өтті. Бастапқы екі келін төркіндеп келген әйелдер: «ханның келіншегі» дегенге мәз болып, сөйлеп, отырып қала берді.
Оуыз өзінің бала күнінде асық ойнап атысқан, бір үзім нан болса, бөліп татысқан құрбы-құрдастарымен елсіз жерден аң аулап келеміз деп кетісті. Аң көздің құрты ғой, көрінген аңды қуа-қуа ел-жұрт, үйлерінен шығып кетіп, жуырда қайта қоймай, кешікті. Қарахан баласы жуырда келе қоймаған соң іші пысты. Қатын-қалаш, келін-кепшіктерін қонаққа шақырып, «шүлен тамақ» деген тамақ берді.
Хан бәйбішесінен сұрады: