Қазақ қай уақытта «үш жүз» атанған? (VІ нұсқа) (2-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Бұл жорықшылар Қаратаудан асып, Шу мен Сарысудан көктей өтіп, Майқы бидің айтқан жерлеріне келіп, ұйқыны бұзып, жылқы алды, күймені бұзып, қыз алды. Көш елді көш-жөнекей шапты, еру елді отырған жерінде шапты. Асулы қазан, тігулі үйге дап-даяр ие болып, орныға бастады. Өз алдына мал малданып, жан жанданып, үйлі-баранды болды. Сауынсыз да дүние алған соң, қалыңсыз қатын алған соң, ел болмасқа немене, жұрт болмасқа немене?! Бұлардың мұндай болғанын баяғы Қызыл Арыстан хан естіді. Қотан, Қоғам, Құндыкер, Қобан, Майқы билерге елші жіберді:
—Менің баламды жігіт-желең беріп, желіктіріп жібергені не қылғаны?! Баламды өзіме алып келіп тапсырып, менен қалағанын алсын!—деп.
Сонан соң ақсақалдар жүз жігітпен Қотанұлы Болатты жіберді: «Барып, шақырып келіңдер!»—деп. Бұлар келген соң, бұрынғы келгендер:
—«Қайт!» деген сөзді бізге айтпа, өздерің де қайтпа! Аты бестісінде қартаятұғын, жігіті жиырма бесте қартаятұғын, тауықтан басқа құсы жоқ, көк шөпті жұлғаннан басқа ісі жоқ, еркегі ат болатұғын, әйелі жат болатұғын, тымақты тақияға айырбастап, пышақты қасыққа айырбастап, тәлімі бидайдың (бұйдайдың) нанын жегенге, тары көженің суын ішкенге әлдеқандай көріп, мас болып, біттей бөдененің бір санын жеумен күпті болып қалатұғын сарттың жаз болса тұзын, қыс болса отыны мен көмірін тасып, бейнет тартқаннан басқа көрер қызығы жоқ жерде не ақыларын қалды?!—деген соң:
—Рас-ау, рас!—деп, шақыра келгендердің өздері де қайтуды керек қылмады.
Қызыл Арыстан хан қайта-қайта кісі жібере берген соң, Қоғам ұлы Алшынды жүз жігіт қосып тағы жіберді, он үш ақсақал қосты: «Есеп сан үш жүз он үшке жетсе, дүние жүзі жиылып, жау болса, бетіне келе алмайды деп айтылған сөз бар еді»,—деп. «Үндемесе де, үйден шықпаса да, Бабыр еңбегі» дегендей, ақсақал шал жұмысты жатып, жайлап жасаса керек. Бұлар да кеп, орнығып тұрып алды.
«Енді біз ел болғанымызды, жұрт болғанымызды жұрт көзіне түсірелік!»—деп, баяғы ала баланы алашаға салып, Ұлытаудың басына алашамен көтеріп шығарып, хан көтерді. Оған: «Алаша хан» деп ат қойды. Бастапқы бірге келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы—Үйсін «Ұлы жүз—Үйсін» атанды.
«Түп қазық салықшы. Жауға шапқанда, бұлар шаппасын, тас-түйін боп тұрсын!»—десті.
Ортаншы келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы— Болатқожа. «Бұл жүз жігіт тосқауылшы. Орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын!»—деп, оны: «Орта жүз—Ақ жол» атады.
Соңғы келген жүз жігіт, оның қолбасы, мырзасы—Алшын. «Беті қайтпаған, жаужүрек, жан қадірін білмейтұғындар. Бұлар кезеуілші болып, қарсы алдында жүріп, жауға шабатұғын осылар болсын!»—деп, «Кіші жүз—Алшын» деп ат қойды.
Кезеуілші қашса, тосқауылшыға; тосқауылшы қашса, салықшыға; салықшы қашпайды тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға көндімбай, көнтерілерді қойса керек. Қазақтың: «Үш жүз» аталған жері—осы.
Бұрынғы заманда қазақтың «Жүз» деген де аталарының аты болса керек. «Алаш» деген де аталарының аты болса керек. «Жүз» деген атты—руға, «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, «Алаш, Алаш!» деп, шабыңдар! «Алаш, Алаш!»— демегенді әкең де болса, ұрып жық!—деп бата қылысыпты.
«Кеше Алаш Алаш болғанда, Алаш хан болғанда, үйіміз— ағаш, ұранымыз—Алаш болғанда, Үш жүздің баласы қазақ емес пе едік?!»—деп айтылған сөз сонан қалды.
Бұл Алаша ханнан бұрын қазақ ел болып, жұрт болып өз алдына отау тіккен емес. Әр жұртқа бұратана қоңсы болып жүрген. Біреу «Болатқожа» дейді, біреу «Ақжол» дейді. Екеуі бір кісіге аталған ат деседі. «Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс—үш жүздің аталарының аты» деседі.
Ақсақ Келімбет, Қара Келімбет, Сары Келімбет, Науан, Шуан деген аталар бар» десіп жүрді. Бірақ олардың ар жағы кім, бер жағы кім екенін біліп сөйлеуші жоқ болды. Түбірлі сөз қылып, туынды қылып айтушы болмаған соң, біз ондай сөзді нұсқа қылып сөйлеуге еріншектік қылдық.