Қазақ қай уақытта «үш жүз» атанған? (VІ нұсқа) (1-бөлім)
Шежірелік аңыздар · 3 мин оқу
Қырық сан Қырым, отыз сан Рум, он сан Оймауыт, тоғыз сан Торғауыт, қырық сан Қарақалмақ-Қатысыбан, он сан Ноғай бүл (ін) генде, Орманбет (Ормамбет) би өлгенде, Ноғайлының елі бір алаша тайдан бүлініпті. «Ала тайдай бүлдірді» делінген сөз сонан қалған деседі. Жұрт аузында бір замандарда осылай сөйленген.
Сол замандарда Қондекер (Құндакар), Қобан, Қотан, Қоғам дегендер болыпты. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы—Майқы би» деген болыпты. «Тоғыз ханды қолынан таққа отырғызған кісі екен!» деседі.
Сол замандарда Қырым ханның бірі болған Қызыл Арыстан хан Бұхарада тұрып, хандық қылған екен. «Бір өзінде он бес азаншы жұма күні азан айтатұғын мұнараны сол Қызыл Арыстан хан жасатқан екен!»—деседі. Бәйбішесінен бала болмай, Қызылаяқ деген бір елді шауып, ат көтіне салып алып келген бір қызға хан аяқ салып, онан бір бала туып, өзі сауысқанның аласындай ала тауып, бәйбіше өзінен тумай, тоқалдан туғандығын іштарлық қылып, күндеп:
—Бұл балаңды «балам» деп сақтама, көзін жоғалт, қарашығын батыр! Мынау өскенде, жұртыңды ала қылып, «ала тайдай» бүлдіреді!—деген соң, хан қырық жігітке бұйырыпты:
—Мына баланы, тапқан шешесін Сырдариядан әрі өткізіп, қоя беріңдер. Өлсе, өлсін, өлмесе, өз бетімен қаңғып, күнін көрсін!—деп, («бадаре» қылыпты деседі, онысы «жер аударыпты» дегені) егіз-екі қайтып бұл жұртты, мына қатын мен бала да көрмесін, сендер де көрмеңдер!—деп.
Бұлар Сыр суынан өтіп, Алатау, Қаратаудың алабына келіп, жан сақтап, күн кешіпті. Бала өз асын өзі алып ішерлік болған соң, өзінен басқа жанды жақтырмай, керек қылмай, тағы болып, жалғыз жонға шығып кетіпті. Тобылғыдан жақ қылып, жүзгеннен оқ қылып, көзіне көрінгенді қорек қылып атып жеп, оғын құралайдың көзінен өткізетін мерген болыпты. Дәл он екі жасында аң аулап жүрген Майқы бидің баласы Үйсінге оқтай ұшырап, кез болып, ләм-мим бір ауыз тіл қатпай, қала беріпті. Үйсін батыр үйіне барған соң, әкесіне сөйлепті:
—Бір ағаштың көлеңкесінде отырған бала көрдім. «Ай дейін десем, аузы бар, күн дейін десем, көзі бар», көрген кісі қызыққаннан, «бір қасық сумен жұтып жіберерлік» келбеті, сымбаты бар, құсбегі пішіп тіккен томағадай құнысып тұрған бала. Өзінде Әзірейілдің анық бір түгі бар, маңайына жан батып бара алмаса керек. Жалғыз-ақ айыбы—тілі жоқ екен!—депті.
Майқы би өзі ақсақ, өмір бойы арбамен жүреді екен. Арбасын көлікке салдырмайд[ы], жаяу кісіге тартқызады екен:
—Мені арбамен алып барыңдар, көрейін!—депті.—Баяғы «сағымнан пайда болған» Шыңғыстың шын ұлын да көріп едім. Мынау сонан соң жалғанға жалғыз қара болып келген жан екен! —деп барса, бала Майқы биді көре сала, ұшып тұра келіп:
—Ассалаумалейкім! «Хан атаулының қазығы, қара бұқараның азығы!»—дегенде, Майқы би:
—Әлейкімүссалам! Әмісе аман бол, балам! Сәтті күні туған ұл екенсің, жеріңе жетпей тұр екенсің! Кел, балам, қасыма мін!—деп, үйіне алып келіп:
Төркіл ошақ қаздырып,
Төбел бие сойдырып
Төменгі елді жидырып,
Жорға бие сойдырып.
Жоғарғы елді жидырып,
Ала бие сойдырып,
Аймақ елді алдырып, баласы Үйсінді бас қылып, атқа мінгізіп, «ердің ері, егеудің сынығы» дегендей іріктеп, таңдап, жүз жігітті қасына қосып:
—Мына баланы жыға қылып бастарыңа шаншыңдар, шеп қылып беттеріңе ұстаңдар, ту қылып төбелеріңе көтеріңдер! Қаратаудан арман қарай асыңдар, Шу мен Сарысуды көктей өтіңдер. Ұлытау, Кішітау деген таулар бар, Қаракеңгір, Сарыкеңгір, Айдаһарлы, Құдайберді деген жерлер бар. Соған барып, салық салыңдар! Ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен ел болуды, жұрт болуды ойлаңдар! Күндердің күнінде осы бала хан болады, сендер қарашы боласыңдар! «Хан әділ болса, басынан бағы таймайды, Қарашысы табанды болса, қара жерден кеме жүргізеді деген»,—деп, батасын беріп жөнелтіпті.