Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қайролланың туыс шежіресі (3-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Сөйлесем, сөзім жақсы қиылысқан,
Табылар білімпаздар жиылысқан.
Баласы үш қазақтың басын қосып,
Бұл күнде атанып тұр—Қазақстан.
«Қалайша жүз дегеннің мәнісі көп»,
Бұл сөзге ақындарым көп таласқан.
Ақарыс, Жанарысты былай қойып,
Азырақ сөз бастайық, Бекарыстан.

Үлкені Бекарыстың—Сәдірқожа,
Жетісіп немеремен көп болыпты.
Бұлардың ең кішісі—Қыдырқожа
Бай болған төрт түлікке жеткілікті.
Қыдырдың балдарының саны он екі,
Кішісі он екінің Сұлтансиық,
Қалыпты үлкен үйде түпкілікті.
Біреуі он екінің—Есентемір,
Қыз алып Байұлыға қосылыпты.
Аттарын теріп айтып, не қылайын,
Беріштен аты шыққан ер шығыпты.
Сөйлесем тілім сүйер, еркім епті,
Сәдірдің бір баласы Қаракесек,
Айтайын осы арадан біраз кепті.

Қаракесек баласы—Байсары, Әлім, Шөмен-ді,
Осы әлеумет біледі Қаракесек дегенді.
Байсары—үлкен баласы, бір анадан жеке еді,
Әлім мен Шөмен анасы—екеуінің бір еді.
Байсарыдан туған Кете еді,
Кетенің екі баласы—Бозанша мен Майлыбай,
Кетеңнің өскен жері еді.
Қаракесек баласы Байсарыдан өрбіген,
Тойқожадан Дүреген.

Үш таңбалы Майлыбай,
Кете атанған ел едік.
Жетіру, Әлім, Байұлы—
Үшеуіне де тең едік.
Қонысым жақын болған соң
Он екі ата Байұлы
Бізбен он үш деп едік.
Нағашым Беріш, Бәйсейіт
Адайменен бөле едік.
Ар жағым бөле болған соң,
Қонысым жақын қонған соң,
Жақыным Адай деп едік.
Есет пен Есен Алтайға
Ажыбай атам бас болып,
Қалмақпенен қас болып,
Ойыл, Қиыл,Жем, Сағыз,
Елек пенен Қобдадан
Қалмақты қуып, бастырып,
Сол қонысты алған соң
Мекен етіп келеміз.
Көк орайлы, көк шалғын,
Өзен-судың саласын.

Сөйледім осылай деп сөз шамасын,
Қазақтың айтып жүрмін үш баласын.
Жоғары шеті—Бұқар, бұл жағы—Еділ,
Мекендеп отырыпты су саласын.
Дәулетін ерлігімен мақтасам да,
Қайтейін қарғадай-ақ аузы аласын.

Әзіреті Түркістан
Атаңның өскен жері екен,
Қозғала көшкен бір істен.
Жау жағадан алған соң
Олар қандай арыстан,
Әрмән де бермен үркектеп.
Сол заманда атанған,
Еңіреп жүрген ер екен.
Жау бар десе, қуанған,
Жау жоқ десе, суалған.
Үйді көрмей жау жақта,
Найзаның сабы қуарған.
Қиын-қыстау іс болып,
Сарыарқадай төс көріп,
Әзіреті Түркістаннан
Ел бастап келген көп кісі,
Бәрі бірдей мәрт кісі,
Сол кісінің біреуі
Ар жақта өткен Саңқыбай.
Саңқыбайдың жүр ме едің,
Әлі естімей даңқын-ай.
Қарақұстай Қалқыбай.
Мен сөйлейін, құрбылар,
Ақ теңіздей шалқып-ай.
Бойым отыр балқымай,
Даусым отыр аңқымай,
Мерекеге келген соң,
Мен салайын талқыға-ай.
Сол батырдың біреуі—
Кетеден шыққан Әжібай
Әлі күнге келеді,
Әруағы қажымай.
Қажымаған себебі—
Біздің сөздің орнағы-ай,
Майлыбайдың қазығы-ай.
Мұны тыңда, әлеумет,
Бар ма сөздің жазығы-ай.
Кесіп таста тілімді
Сөзімнің шықса жазымы-ай.
Сол батырдың біреуі—
Тама Есет, Бөкенбай,
Асау, Барақ, Бұқарбай
Жауды көрсе ақырған,
Азуын көпке теңеген,
Аламанға дем берген.

Асан ердің ақтығы,
Төлей батыр тағы бар.
Исатай батыр өлгенде
Көзінен төгіп жас алған.
Тайсойғаннан өткенде
Көзінен төгіп жас алған.
Тайсойғаннан өткенде
Қуып жетіп соңынан,
Құлын-тай, жылқы айырып,
Ақсақалдан бата алған.
Сүйкімді болып халқыма,
Ерлігі шығып атанған,
Алаша, Сатай тағы бар.
Шежіреден алып сөйлесем,
Керегің бізден табылар.
Байбақтыдан Әділбай,
Байұлыдан Шағыр-ай,
Беріштен шыққан Ағатай,
Таздан шыққан ер Бақай,
Адайдан шыққан ер Шабай,
Атын атап бер десең,
Осылар екен көшкен ел.

Арқаның саласына
Түйенің қомын шешкен жер.
Мырза мен жайсаңдар
Манаурай басып жүрген жер.
Сапырулы қымыз, салқын үй,
Сәске түсте тұрған жер.
Ұрандап, бедеу ат мініп,
Той, мереке қылған жер.
Бәйшешектей шоқ болып,
Ұлы жиын көп болып,
Қыз-келіншек күлген жер.
Шаруалар мал бағып,
Саяға шығып тұрған жер.
Қарасай, Қази, Қанды Орақ
Қабырғадан қан кешіп,
Толарсақтан саз кешіп,
Қалмаққа ойран салған жер.
Асан Қайғы, Мырза Абат
Қазасынан өлген жер.
Байтақ атын қалдырып,
Шора шұбап өткен жер.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз