Адай шежіресі (4-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 1 мин оқу
Азайып жүргенге ұқсайды
Бірге оқыған қатарың.
Дәулетбай, Абыт екеуі—
Демесіннің баласы.
Иманғали—үшеуі,
Дүниеге келген адамның
Біліне ме есебі.
Сөзім пұлға жарасса,
Ер жігітті кемітпес
Дұшпанның сыртта өсегі.
Төрт жалпақ тіл болғанда,
Бес арық оқшы болғанда,
Екеуі бір жалпақ тіл саналған,
Бұған бар ма таласың.
Ал енді Келімбет атамыз,
Екі әйел алғанда,
Бірінші алған әйелден
Құлман мен Қошқар болады.
Қошқардың екеу баласы-ай—
Мәмбет пенен Бораншы.
Атамыз Құлман және де
Екі әйел алған-ай.
Бірінші алған әйелден
Жантеке менен Малай-ды.
Екінші алған әйелден
Сөкей менен Жаңбыршы,
Жауар атам болыпты.
Өнген-өскен өркендеп
Құлман атам балдары.
Заманында өзінің
Билерім өтті кемеңгер,
Бетіне ешкім келмеген,
Ұстасқан жерін меңдеген,
Екі талай болғанда
Дұшпанға теңдік бермеген.
Малайдағы атам Төлеміс—
Ердәулет батыр жиені.
Жауар атамнан Тәждәулет—
Құлашын кеңінен сермеген,
Намысын қолдан бермеген.
Сол адамдар тұсында
Елдің аузы бір болған.
Айта берсем, азамат,
Ата-текті танытқан,
Кіммен кімнің туысы
Шежіре өлең жыр болған.
Төрт жалпақ тіл болғанда,
Біздер—оның Құлманы,
Басына бақыт қонғаны.
Қызмет етсе халқына,
Ақынның болмас арманы.
Сөкейден Бигел туған-ай,
Бигел—біздің бабамыз,
Екі әйел алған-ай.
Үлкенінен туылған:
Бесімбай, Шақа, Құланбай.
Екінші алған әйелден:
Орман менен Арқабай,
Мен—Бигелдің Шақасы,
Қабыл болған батасы.
Ордабай мен Орынбай,
Ең кенжесі—Марашық.
Ордабайдан туылған:
Алакөз қажы, Тауданбай,
Ауыл болған аудандай.
Ордабай атам кенжесі
Боранбай «Бояу мырза» атанған.
Боранбай ұлы Қылыш-ты.
Мен Қылыш ұлы Қартбай-ды,
Халыққа сөзін сатпайды.