Адайлар жайында (2-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Сөз қылсам, толып жатыр батырларым,
Бәрі де бөтен емес жақындарым.
Ерлерді жауға мақтап шаптырыпты,
Қалнияз Шалбардағы ақындарың.
Құдайке, Келімберді, Құралдарың
Ту ұстап, Асар сопы тұрады екен,
Шақырып, қалың Адай жақындарын.
Халқының көктасына қолы жетіп,
Меккеде қалған екен со шалдарың.
Дүниеден солай өткен бабаларың—
Осыны білемісің, о, балдарым?!
Жиылып, құрал болған көп Адайым,
Әлі де өткендерге ой салайын.
Елімде батыр да көп, ақын да көп—
Осындай жиналғанда еске алайын.
Үркіткен дабылымен қас дұшпанын,
Қарақой, Қаракүшік, Қонысбайым.
Ту ұстап, Өмір, Темір жүрген кезде,
Қырсықсыз қылған екен ат маңдайын.
Патшаға бағынбаған Досан батыр,
Басында Сардартөбе тұр Мыңбайым.
Бердібек, Сарғозы мен Есен, Сүгір,
Қалайша, біле тұра сөз қылмайын.
Күресіп бәйге алмаған жерім бар ма,
Барында Әли, Балта, Түрікменбайым
Ақ киік көздеп атқан құралайын.
Еске алып, шейіт кеткен ерлерімді,
Көңілдің қайғы мұңын шығарайын.
Билікте Байымбет пен Қалдыбайым
Орынды тауып айтқан сөз ыңғайын.
Белгілі Сейтімбет пен Қылыш, Құдас,
Нұрберген, Айладыр мен Медетбайым.
Әтембек, Сәтей, Сағын, жарты Мәтжан,
Тілеген, Батанияз, Айдарбайым.
Және де Досжан, Шолақ Құлшекенмен,
Қаржаубай, Қалмағамбет, Орынбайым.
Солардың осы күнде орнын басқан
Халқымның мақтанышы—қарт Ыбырайым.
Көңілінде адамдығы, ақындығы—
Білмес пе көп халайық оның жайын.
Және де Маңғыстауда Шоңай, Алшын,
Шежіре айтып өтті сол жағдайын.
Бірақ та көп пайымдап біле алмадым,
Төменгі ел кешірерсің оны, ағайын.
Елімде шешен де көп, билер де көп,
Дегендей бәрін айтып не қылайын.
Кешегі Тобанияз, Сыдықты,
Білесің, айтпасам да оны, Адайым.
Орман, Жалау менен Дауыл, Бекен,
Ұмытпай Әтекеңді еске алайын.
Атақты Абыл күйші, Есірменен
Және де Зәкария, Өскенбайым.
Есіме Есманбет сөзі түссе,
Дариядай толқын ұрған тасқындаймын.
Кенже, Қабақ пен Шалбар, Достан,
Айтылмай кімің қалды енді, Адайым?!
Байлықта Мұқат, Тілен, Оңайбайым,
Саназар, Омар, Мәтек, Қойлыбайым.
Бурабек, Сауытбек пен Матай, Шанақ,
Шам, Талпақ, Әли, Тауан, Өткелбайым.
Халық үшін кәдеге асса, бір белгі боп,
Дәріптеп, несін оның сөз қылайын.
Айтулы Абыл, Нұрым, Өгізбайым,
Қалнияз, Қалым менен Егізбайым.
Солардың толғау сөзі еске түссе,
Тұлпардай дуды көрген тұра алмаймын.
Кенже, Ақпан, Қашаған мен Қарасайым
Және де Қартан, Қожай, Әмірбайым.
Әйгілі Мұрын жырау, Мағзам, Сәтей,
Сәттіғұл, Шамғұн, Сүгір, Ұзақбайым.
Артында ұмытылмас жыры қалды—
Жас балдар жырлап бәрін қызықтайтын.
Мұсаның «Едіге» мен «Қобыландысы»,
Қалнияз, Қашаған ғой, менің бабам!
Алшында айтқыш еді-ау қорықпайтын.
Жиналған, аға-жеңге, оңды-солды,
Түсініп, тыңдасаңдар сөздің тұлын.
Білдіріп ата даңқын соңғыларға,
Жалғасам одан әрі жырдың соңын.
Қасында Жантөренің сырлас болған,
Тәзіке, Жұмағанбет, Жұмағұлым.
Және де Қожатілеу, Нұрмұқаным,
Кем емес қатарынан, осы шалым.
Жырға қос, өз еліңді, өз жеріңді,
Қызықты шаттық толы өміріңді.
Шүкірлік ақын да көп, жыршы да көп,
Жырлаған ұлы жеңіс дәуіріңді.
Бүгінде Жақсылығың есен болса,
Жоқтатпас Сәттіғұл мен Сүгіріңді.
Кенже, Ақпан, Қашаған мен Нұрым болып,
Тарқатар талай жиын-дүбіріңді.
Байұлы Шеркешімде Жасжаным бар,
Жырымен шаттандырған көңіліңді.
Жас бала Таған шықты Тәзікеден,
Атқарар, халқым, сенің сеніміңді!
Қаумалап, сөз тыңдаған, аға-іні,
Болса да ішінара сөздің міні.
Көбісі, көне әңгіме бағдарынан,
Шамадан шалғай кетсем, сөкпе мені.
Өмірзақ—мұны жазған, білмесеңдер,
Осымен аяқталсын сөзім енді.
Мен өзім ақын да емен, жыршы да емен,
Әңгіме өлең қылдым естігеннен.
Шалдарды аз да болса атап өттім,
Ағайын, ырза болың осыменен.