Қайролланың туыс шежіресі (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Ау, жиылып келген, жастарым-ау,
Құлақ салып тыңдасаң,
Біз қазақ деген ел едік.
Қариясынан бата алған,
Асыл туған қарт едім,
Өсіп-өнген қатардан.
Үйсін, Арғын, Алшын боп,
Ессіз боп, ісқой атанған,
Әзіреттің ойына
Ағын су бойына.
«Қазақ» деген ана ауыл,
Қытайменен жау болып,
Көтеріліп, көшкен іргесін,
Жинаған ноқта, сіргесін.
Қыранға салып көшіпті-ау,
Қытай деген залымның
Жау екенін білгенсін.
Жауларының төбесі
Төмен қарай ығысып,
Келіп жеткен секілді
Алатауға жылысып.
Үйсін, Дулат—Ұлы жүз
Алатаудың төсіне,
Ағын судың шетіне,
Қаптата барып салған жер.
Бізде бөліс болған дер,
Өздері қалап алған жер.
Арғын болсаң Орта жүз,
Орта жүз де қыр болып,
Бізге қоныс болар деп,
Өздері қалап қалған жер.
Сырдан бері кең қоныс
Арқаның кең даласын,
Еділ, Жайық, Жем, Сағыз,
Елек, Қобда жанасып
Қалмақтың қуып бастырып,
Мекен етіп қалыпты-ау,
Кіші жүздің баласы.
Шежіреден қарасам,
Осылай екен-ау шамасы.
Әуелі, сұра, тілім, медет Ақтан,
Неше жан медет тілеп, жәрдем тапқан.
Қарасам, шежіреге көзім салып,
Халық еткен бұ ғаламды барлық жоқтан.
Неше жыл Адам ата сурет болып,
Бейіштің есігіне бейнет тартқан.
Иесі бұл жалғанның Пәруардигар,
Жаратты азаматты топырақтан.
Кәнеки, сөйле тілім, ікаяттан
Тыңдаушы айтушыға құмартқан.
Адамзат жалғандағы бөлім-бөлім,
Көбейген әрбір түрлі мемлекеттен.
Үстінде жеті ықылымның талай патша,
Жүргізіп, әмірімен тақ орнатқан.
Жазуы бір Алланың түрлі-түрлі,
Қарасаң, бөлек-бөлек—дін мазһабтан.
Одан соң өз өмірін баян қылып,
Сөйлесін білімпазың ғибраттан.
Ау, тілім, өнеріңді ашып сөйле,
Кейінгі жасқа қалсын нақыл сөзің,
Алтындай ел сүйсініп жерден тапқан.
Бір күні ажал келіп, сапарлансаң,
Тілей гөр «сақтай гөр» деп тозақ оттан.
Өнермен өз жұртына аты шыққан,
Көтеріп өз жұртымның дабылды ерін
Сөйлесін, білімпазың ішкі азаптан.
Ау, көңілім, сен бір сандық алтындатқан,
Кім білед қандай алтын затың шыққан.
Ойласаң, тілің сүйер сөз табылар,
Нақыл сөз—осы кеңес дабыл қаққан.
Тыңдаушы құмартып отырғанда,
Айтушы, неге керек, сөзін сатқан.
Кәнеки, сөйле тілім, судай тасып,
Аяма, өнеріңді азаматтан.
Мен жүйрік, тілге шешен ақынымын
Алқалы жиын, дауда жорғалатқан.
Үлкенге шын қызмет зияпаттан
Әлеумет, бұл сөзімді қабыл алсаң,
Бұйырғын жұмысыңды, тілді тартпан!
Сөйледік бисмилла деп әуел бастан,
Асыл-дүр, дүрі жауһар, бөтен тастан.
Он сегіз мың әлемнің пайдасы үшін,
Жаратқан ең әуелі жер мен аспан.
Дүниеден талай кісі өтіп жатыр,
Расулының құрметіне жұмлә ғалам,
Жаралған ғарсы-гүрсі, лауқы-қалам!
Жұмақтан дүниеге келіп енген,
Атасы бұл халықтың сопы Адам.
Пайғамбар, жүз жиырма төрт мың сахабалар,
Айтуға бірталай сөз—бәрін тамам,
Сахаба отыз үш мың, он екі имам.
Олардың мал-мүлікпен талабы жоқ,
Уақытша Омар патша дүние жиған.
Алаңсыз, дүниеге көңлін бұрмай,
Он екі жар өтіпті күтіп иман.
Құдайға «тәуекел» деп белді буған,
Мен жүйрік ақыныңмын сөзді қуған.
Нұхтың Япыс деген баласынан
Әнес, Қытай, Түрік, Моңғол содан туған.
Түріктің Силан деген туған жері,
Қан тамып, кіндік кесіп, кірін жуған.
Мұхаммед халифаның заманында
Ұрысып түрік халқы үш жыл жүрген.
Жеңіліп түрік халқы халифадан,
Бағынып, мұсылман боп дінге кірген.
Араптан Әнес келіп, имам болып,
Түрікке ислам дінін—сол үйреткен.
Түріктен үш бала:
Ең үлкені—Ұрым-ды,
Ортаншысы—Қырым-ды.
Жазып кеткен секілді,
Мүсәнаптан бұрынғы.
Ең кішісі—Алаулы,
Байқасаңыз, әлеумет,
Біз—Алаудан тараулы.
Алаудың екі ұлы: Алаш, Наурыз,
Алаштың Мағаз деген бір баласы,
Қазақтың содан туған—Алты Алашы.
Қалдырмай жоғарыдан айта келсек,
Табылар білгендерге сөз шамасы.
Айырып Алты Алашты көрсетейік,
Ақылды сұрай қалса ел данасы.
Алты Алаш бірі—Түрікмен, бірі—Өзбек,
Үшінші Қазақ, Естек, Қырғыз, Қалпақ,
Осымен алты болады жатқан жалпақ.
Сөйлейін, білгенімше бергі жағын,
Халыққа мына сөзім болса ортақ:
Милатты жетпіс екі халайық бар,
Айтуға баршасын да емен шорқақ.
Бәрінен қазақ халқы өскен бөлек,
Алмаған ешбір жұрттан бөтен көмек.
Падиша Абат, Алмұрт заманында,
Жүріпті Хорезмге бажын төлеп.