Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Қайролланың туыс шежіресі (2-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 4 мин оқу

Бір туған қырғыз, қалпақ қазақпенен,
Атадан енші алған соң азат деген.
Жұртында Хорезмнің халқым қалды,
Жер қазып, егін егіп азаппенен.

Нанамынту арыдан келген тілге,
Жетеді кімнің көзі озған күнге.
Жүріпті қазақ халқы ең әуелі
Хиуалы Әлібимен қосып ірге.
Жүріпті Хорезмнің қарауында,
Аралас қонбаса да көшіп бірге.

Олардан пайда таппай қосылғаннан,
Әлібидің тұхметінен қысылғаннан.
Отырмай Әлібимен көшіп шыққан,
Әр түрлі істерінен шошынғаннан.
Түркістан қарауына келіп қонған,
Өкшесін көшіп қазақ ысырғаннан.

Түркістан көп қазақтың алған жері,
Үркіп Әлібиден барған жері.
Сол күнде ақсақ Темір патша болып,
Қазаққа келіп ойран салған жері.
Екі жау екі жақтан қамағасын,
Айналып, әуел Сауранның болған жері.
Сол күнде ұрыс болған шаң айналып,
Әр жұртқа араласқан дәм айдалып.

Қазақтың содан бері өскен жері
Сахара мал айдалып, бала сүйіп.
Ұрысып патшаменен он жыл көшіп,
Келіпті Түркістанға тағы айналып.

Сол күнде ел бар екен «Алаң» деген,
Адалды қосып жеген арамменен.
Қалмақтың Мұғы деген бір атасы
Көшірді Алаш жұртын амалменен.
Алаш да есітемін батыр деген,
Бір жер бар Жем басында Шыған деген.

Жандырған Ноғай халқы қайрат шамын,
Ойлаған батырлары бастың қамын.
Еділдің екі жағынан қоныс алып,
Отырды ортасынан сайлап ханын.
Ол жерді Ноғай көшіп, алған Қалмақ,
Отырды оған кезеп, жағын сайлап.
Ноғайлы—Қыпшақ Қобылан, Орақ, Мамай,
Қалмақтың ортасынан салған шаңдақ.
Қазтуған, Асан Қайғы, Абат, Ноғай
Бас болып, сапар еткен өңкей саңлақ.

Ол жерден Ноғай көшті ауаланып,
Кеткен жоқ еш адамнан жараланып.
Бұқардан көше-көше арман кеткен,
Қаңбақтай жер айналып, домаланып.

Жеріне Елібайдың көшіп барып,
Мекендеп отырыпты орын алып.
Сол күнде Ноғайлыда үш хан екен,
Шеркубті Қазтуғанмен дұшпан екен.
Қалмаңыз Шеркубті кім, кетелік деп,
Бастарын жиып алып қосқан екен.
Ол жерден Татар халқы көшпей қалып,
Бастарын басқа жұртқа қосқан екен.
Жиылып келген, жастарым,
Құлақ салып тыңдасаң,
Қазақ деген ел едік
Қариясынан бата алған,
Артық туған халық едік,
Өсіп-өнген қатардан.
Үйсін, Арғын, Алшын боп,
«Үш жүз» болып атанған,
Әзіреттің ойына,
Ағын судың бойына.
Қазақ деген аз ауыл
Қытайменен жау болып,
Көтеріліп, көшкен іргесін,
Жинаған ноқта, сіргесін.
Қарауыл салып көшіпті,
Қытай деген залымның
Жау екенін білгенсін.
Жауларымен соғысып,
Төмен қарай ағысып,
Келіп, кеткен секілді,
Алатауға жылысып,
Үйсін, Дулат—Ұлы жүз
Алатаудың бетіне,
Ағын судың шетіне,
Қаптата малын салған жер.
Бізге қоныс болар деп,
Өздері қалап қалған жер.
Сырдан бері кең қоныс,
Арқаның кең даласы,
Еділ, Жайық, Жем, Сағыз,
Елек, Қобда саласынан—
Қалмақты қуып, бастырып,
Мекен етіп қалыпты
Кіші жүздің баласы.
Шежіреден қарасам,
Осылай екен, шамасы.

Әуелі осы жұрттан Ноғай кетті,
Баласы дін мұсылман Ноғай кетті.
Қазтуған қарғабойлы Асан Қайғы,
Тесіктен бұлар өтіп, солай кетті.
Жер қарап желмаямен он екі жыл,
Асан би жердің бәрін танып кетті.
Артынан қазақ халқы кетем депті,
Соңынан Асан бидің жетем депті.
Айтса да, кетемін деп, кете алмай,
Саласын Сарыарқаның мекен етті.
Қазақтың Сарыарқаға келгеніне
Бес жүзден астамырақ жылдар өтті.

Айналып Алатаудан Адай келген,
Маңғыстау, Үштүбекті мекен еткен.
Адайдың Алатаудан шыққанына
Үш жүзден астамырақ жылың өткен.

Ел келді балдарына өкпе қылып,
Баласы Тәжікенің Нарынға өткен.
Қарасам шежіреге көзім салып,
Мәмбетбай ол заманда жазып кеткен.

Қазақтың бір баласы—Алау жеке,
Ер болып, тұлпар мінген құлан шеке.
«Құдуар» деген одан туған жалғыз бала
Зор тентек атаныпты, болып ерке.

Баласы Құдуардың Алшын деген,
Бай болып, заманында тұлпар мінген.
Өнерпаз домбырашы, ақын болып,
Сол күнде сайқылықпен дәурен сүрген.
Алшын деген атаңның
Туған жерін айтайын:
Мәдина мен Мекке екеуінің арасы,
«Салқын су» деген бұлақта
Төрт жүз үйге толғанша,
Отырған екен шамасы.
Мұсылманның ұлынан
Кәпірді жақын көрдің деп,
Бір шапқанда үш шауып,
Көшіргенге ұқсайды,
Халипа шаһар данасы.
Сол көшкеннен кідірмей,
Қырық жыл көшіп тынбастан,
Келіп қонған жерлері
Ноғайлыға қосылып,
Қалмақтың салған обасы.
Алты Алашқа мағлұм,
Үш жүз болып атанып,
Ноғайлыдан айрылып,
Енші алысқан жері еді
Қорғантөбе қаласы.
Ең үлкені—Ақарыс,
Ортаншысы—Жанарыс,
Ең кішісі—Бекарыс,
Осы болады, халайық,
Алшынның үш баласы.
Шежіреге қарасам,
Моңғол қызы Мәриям
Алшынның туған анасы.
Алшын деген атаңыз
Өзі ақын, шер болған.
Алашұбар ту байлап,
Атағы шығып ер болған.
Қыдырдан туған он екі ұл—
Байұлы болып ел болған.
Нәдірдің жеті баласы—
Жетіру болып кең қонған.
Садырқожа баласы—
Қаракесек жеке еді.
Бұлардан саны кем болып,
Немереден демесең,
Тұқымы өсіп тең болған.
Кіші жүз болып көбейіп,
Атанып тұр—ел мұнан.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз