Адайлар жайында (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 2 мин оқу
Аямай білгенімді ағайыннан,
Баяндап сөз желісін ыңғайынан.
Мәнісін «Сауран асу» айтып өттім,
Білдіріп» сол бір заман жағдайынан.
Қазағым енді маған өкпе қылмас,
Аталмай біз қалдық деп сондайынан.
Білсеңіз, ерді де айттым, биді де айттым,
Қалдырмай сөз реті қандайынан.
Айыпқа енді мені бұйырмассың,
Бастасам, бір азырақ өз жайымнан.
Кіш жүз үш алаштың бірі болып,
Байұлы, сегіз арыс Адайымнан.
Баласы Байқожаның атам Елтай,
Туылған Адай едік анамыздан.
Анадан айға жетпей жетім қалдық,
Тас түссе, көрмек деген талайынан.
Баласын көрмей кетті Елтай бабам,
Асығыс ажал келіп Құдайынан.
Моншақты, Таз-Адайды бір емізіп,
Сипапты жас сәбиді маңдайынан.
Таласып Тазбен бірге емшек еміп,
«Таз-Адай» атаныпты сондайынан.
Болғанда сегіз ауыл, сегіз арыс,
Құдайке Келімберді баласы екен.
Немере сегіз бірдей арасында
Ер Қосай ұлағатты ағасы екен.
Көшкенде елін Қосай бастайды екен,
Айтқанын інілері қостайды екен.
«Тәйт» десе тентектері сөзін сыйлап,
Құрығын қолындағы тастайды екен.
Ер Қосай ақыл айтты Құнанөріс, Ақпанына,
Тобыш пен Мұңалды алып қапталына.
Үлкен үй—Мұңалдағы үлкен келін,
Сапырып сары қымыз Мақпалына.
Тәзіке, Шыбынтай мен Әлниязы,
Ол кезде бәрі де ортақ тапқанына.
Мұңалдың кіші әйелі Тоқбикесі,
Бұрынғы шалдар айтқан әңгіме екен,
Болса да азын-аулақ бар қатесі.
Тоқбике құрмет қылып ел ағасын,
Толтырып табақ толы сыбағасын,
Жас сәби Бәйімбет пен Шоғы, Жаулы,
Әдейі ертіп келіп үш баласын,
Иіліп тізе бүгіп, қолын жайып,
Қосайдың алған екен ақ батасын.
Батасы шалдың берген қабыл болып,
Үш бала өсіп-өніп ауыл болып.
Байқасаң, пір де өзінде, би де өзінде—
Бәйімбет, Шоғы мен Жаулы болып.
Қашаннан қара шаңырақ—Мұңал аулы
Бәйімбет, Әли менен Адайына.
Көп жанның құштарлықпен көңілі ауды,
Ер Жанақ, Сармыс пенен Амантұр-ды,
Қайтарған Досан батыр талай жауды.
Бәйімбет, Жары, Мәтжан, Тілегені
Бәсеке бітірді ғой талай дауды.
Өзгеріп, ауысса да заман талай,
Әдетті ұмытқан жоқ біздің Адай.
Үлкен үй, қара шаңырақ Мұңал болып,
Келеді аға орнында әлі Қосай.
Айтқанда ерлерімді бұрын өткен,
Ерлігі аңыз болып бізге жеткен.
Ішінде алты Қосай, Есек, Мерген—
Бойына ерлік қасиет туа біткен.
Алысып айдалада ту тайлақпен,
Жабысып жезтырнаққа жүрек еткен.
Арыстан айбатындай Атағазы,
Бауыздап, Құттық Сейіт қанын төккен.
Інісі Иман, Намаз шаршы топта
Арқалап атан, нарды бәсеке еткен.
Ер Шабай әруақты батырыңыз
Айқасып, ол бәрімен жаулық еткен.
Есембет—мерген шалың Маңғыстауда,
Айтысып әйелдермен дерек еткен.
Өзі жоқ, соңғыларға аты қалды,
Баянсыз жалған еді, дүние неткен?!
Жас балдар, шыдасаңыз, тыныш отыр,
Бұл өзі кітап емес, ашып оқыр.
Айтайын аты шыққан ерлеріңді,
Әңгіме сол бағыттан толып отыр.
Баласы Қадырқұлдың Қозыбағым,
Қалмаққа қарсы шауып болды жазым.
Тастамай ағасының ақ денесін,
Өңгеріп, алып шыққан—ер Жанағым.
Дұшпанын даңқыменен сескендірген,
Жылқыайдар, Рақ, Төкен, Құл Барағым.
Қарсылас, қастасына зәрін төгіп,
Сейітті байлап алған ер Лабағым.
Белгілі Балуанияз, Тұрмағамбет,
Көтібар, Амантұрды, Қожалағым.
Тартынбай Шорбазардың ортасында,
Ханды атқан Бердәулет пен Жоламаным.