Адай шежіресі (1-бөлім)
Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу
Бастайын сөзді басынан,
Өлеңге құмар болып ем,
Әуеліде жасымнан.
Табылар өлең, ойлансам,
Кеуілдің шаттық хошынан.
Ата-тектен сөз қозғап,
Нағашы жұртым—Адайдың
Ата-тегін терейін.
Қатесі болса кешірің,
Білгенімше, нағашым,
Шежірені терейін.
Бөтен емес шығар бұл сөзім,
Тегіңді өлеңменен танытқан.
Медеткер бол деп тілеймін
Жасаған Жаппар Алладан.
Адайдың екеу баласы-ай—
Келімберді, Құдайке.
Енді Келімберді атаңнан—
Мұғал, Тобыш, Балықшы
Ақпан, Құнанарыс, Жеменей.
Туылған екен алтауы
Келімберді атаңнан.
Атаға тартып ұл туып,
Қалмай келед қатардан.
Әруақты пірлер және де
Әруақты батыр көп шықты,
Жауын көрсе, жасанған.
Батырлар да көп шықты
Бөрік ал десе, бас алған.
Ақындар да көп өтті
Ертелі-кеш сайраған.
Мырза, сақи көп еді
Пақыр, міскін жақтаған.
Қайырлы байлар көп өтті,
Үй тіктіріп оңаша,
Қонақ күтіп, жатпаған.
Сыпайы мырза тағы өтті
Лебізі жұмсақ мақтадан.
Ұлама, ишан көп өтті,
Мешіт салып, ортаға—
Шариғат жолын сайраған.
Қайырлы Адай нағашым,
Айшылық алыс жолдарға,
Сапарға шығып жол жүрсе,
Азық-түлік алмаған.
Қонақ келсе үйіне—
Көбең қозы соймаған.
Сапырулы сары қымыз,
Сабасын, сірә, жимаған.
Адай халқы үлгілі—
Зереңін орта құймаған.
Азаматы жақсы еді
Ішіне алтын сақтаған.
Көргенімді айтайын,
Асырып, аса мақтаман.
Ақпан деген атаңнан
Қаракүшік жалғыз-ды.
Қаракүшік баласы
Құты деген болады-ай.
Өтемей мен Төлемей
Құтыдан бұлар туады-ай.
Таңатар менен Шуақбай
Төлемейден болады-ай.
Құнанарыс атаңнан
Кімдер өсіп-өнеді?
Әлдеке, Жартыс, Жиенқұл,
Жүнді, Қайтпа, Қаспақбай,
Қайыпназар, Меспенен
Туған екен сегізі—
Құнанарыс атаңнан.
Әруақты Шабай, Аманжол—
Ер ауылы Адайдың Қожаннан.
Балықшыдан туылған
Қошан менен Есберді,
Жүйрікпенен үшеуі.
Жұмай, Мәмбет екеуі—
Туылған екен Қожаннан.
Иіннен Қармыс ер шыққан,
Әли мен Бәйімбет,
Жаулы, Шоғы—төртеуі
Туылған екен Мұғалдан.
Ескелді, Жары, Қосқұлақ
Туған екен Жаулыдан.
Жаналы мен Төленді
Наурызекпен үшеуі—
Қосқұлақтан туылған.
Әуелетіп аспанға
Лақтырып жіберген,
Жүгіріп шығып далаға.
«Қайда кетті аса» деп,
Асаны іздеп таба алмай,
Алақ-жұлақ етісіп,
Сонда қайран қалыпты.
Лақтырған пірдің асасы
Құдіретімен Алланың
Ұғланды деген таудың басына,
Қайнаған қалың көктасқа
Қадалып аса шаншылды.
Әулие Бекет қозғалмай,
Айрылып сонда қалады-ай.
Ұстазы мұны біледі,
Патихасын береді.
—Қолыңды жай, ер Бекет,
Асаның барған жерінен
Болсын,—деп,—сенің тұрағың,—
Пірі сонда Бекеттің
Патихасын беріпті.
—Асаны, Бекет, аларсың,
Асаның тұрған жерінен
Мешітіңді саларсың.
Рұқсат алып пірінен
Тұрыпты Бекет орнынан.
Оқыған жері—Хиуа
Мың шақырым жер еді.
Ұғланды деген тауымыз
Қазақстан жерінде,
Ұғланды тауында.
Мал баққан шаруа жылқышы
Қадалып тұрған көктасқа,
Темірден соққан көк аса,
Алайын деп асаны
Олай-бұлай тартады.
Шылбырын байлап атының
Тақымға салып көріпті.
Ала алмай тұрған асаны
«Бар шығар,—деп,—иесі»
Жылқышы сонда Қорықты.
Сонда дағы жылқышы
«Кім болар мұның есі» деп,
Қарауылдап жүріпті.
Төбеден түскен адамдай
Көп ұзамай арадан
Атаңыз Бекет келіпті.
Атанияз, Доснияз,
Бәйтелімен үшеуі
Бекет атаңнан туыпты.
Белгілі болып халыққа,
Атаның жолын қуыпты.
Қыдырбай мен Шырақбай—
Төлендіден болыпты.
Есекей, Жолай—екеуі
Шоғы атаңнан туыпты.
Қырықмылтық атанған
Осы Шоғы болыпты.
Махаббаты халыққа
«Қырықмылтық» атанған
Әлі күнге келіпті.
Жолмамбет, Бодан—екеуі
Атаңнан Жолай болыпты.
Тілеген мен Төлеген,
Орамал, Шекей, Жарылғап—
Жолмамбеттен туылған.
Көтеке, Сарша, Кенжебай—
Боданнан бұлар болғаны-ай.
Жылқайдар, Түйеке, Едіге,
Қайырбас, Қаржау—бесеуі
Кенжебайдың баласы-ай.
Жалмамбеттің және де,
Әйелінен соңғы алған,
Жеті бала болыпты,
Шежіреде осылай,
Кімде-кім көзімен көріпті.