Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Адай шежіресі (2-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Жайықтан Ораз, Бегей болған екен,
Әлмамбет осы Ораздан болған екен.
Табынай, Зорбай, Шоңай, Бәубек, Қожа—
Алмамбет атаңнан туған екен.
Есенқұл, Есембетпен бұл—екеуі
Баубектен де бұл екеуі болған екен.
Бегіден жалғыз бала болған екен,
Атағын «Қадірқұл» деп қойған екен.
Ұзамай Бегей жаудан өліп-қалып,
Әйелін оның Шегем алған екен.
Туыпты Шегемнен жалғыз бала
Атын «Жаубасар» деп қойған екен.

Сапақ, Саяқ, Тәкімек,
Тікенекпен—төртеуі
Есекейден болыпты.
Аман, Түгел, Көкетік,
Есен менен Қарабас—
Жарақаптан туылған.
Айкөшек пен Ханкөшек,
Нұрбауыл мен Бөгежан,
Бекбердімен бесеуі
Қарабастан болыпты.
Майлы, Жайлы, Жамбасар—
Атаңнан Есен туыпты.
Жамбасардың баласы—
Тұрлығұл болса керек-ті.
Қарашым—Жетірудың Тамасы екен,
Асылы, Нұрқожаның баласы екен.
Себеппен елден жырақ бөлек кетіп,
Адайда Келімбердіге барады екен.
Сонан соң өз еліне қосыла алмай,
Сіңісіп, Адайларда қалады екен.
«Кім болам енді мен» деп бір күндері,
Кеңесін Келімбердіге салады екен.

Сөз айтқан Келімберді сонда былай:
—Қарашым, құлағың сал, сөзге мұндай.
Шығарсың бізге келген сен бір дәулет,
Берейін саған кеңес, шырағым-ай.

Мұғалім қара нар ғой талмайтұғын,
Ереді жүгі жолда қалмайтұғын.
Ашықса бір мінезі тағы бар еді,
Өзінің қатесін жалмайтұғын.

Берейін саған ақыл, Қарашым-ай,
Қосылдың елге ел боп жарасып-ай.
Тобышым қойдан жуас адам еді,
Жүре берер, болып қоңсы баласындай.
Кеңесім осы менің берген саған,
Басқамен не қыласың таласып-ай.

Тобыштың екі баласы—Жайық, Шегем
Қосылып, үшеу болды Қарашпенен.
Сіңісіп, араласып кеткеннен соң,
Болыпты тумасындай, болмас бөтен.

Қосылып солайынша Қараш бала,
Мұндағы Адаймын деп жүре берген.
Тарихтың дәлелдеуі осылайша,
Түсінед бұған адам есін білген.
Атадан Адай, Табын кем тумаған,
Ата мен бала, сірә, тең тумаған.
Ақылды адамзаттың бір белгісі—
Ерегесіп кісіменен сөз қумаған.
Тарихтың қалған сөздер осылайша,
Біле алмас түспей ізге, сөз қумаған.
Адайдан ер Қосай мен Бекет шықты
Халқына кейіндегі үлгі болған.

Табыннан Барақ пенен Асау,
Шықты бұлар да заманында.
Құдайкенің баласы:
Тазіке, Қосай болады-ай.
Байбол, Тіней, Бәпимен,
Сүйіндік, Бегіт, Өтеулі—
Қосайдан бұлар болады-ай.
Өтебай мен Сәдігей,
Қабағаймен үшеуі,
Тазікеден болады-ай.
Есембет пен Есенгүл,
Жұлдыз бен Мәмбетқұл—
Байболдан бұлар туады-ай.
Еміл, Есек, Оразақ,
Қоңыр, Нұрбай бесеуі—
Есенқұлдан болады-ай.
Тоқпанбет пен Тоқтамыс,
Арыстан мен Балтабай,
Елқонды, Бекет, Шалбарың—
Мәмбетқұлдан туады-ай.
Жұлдыздан Қадыр болады-ай,
Тоқтабай мен Қилыбай—
Қадірден бұлар туады-ай.

Енді Нұрқожадай атаңнан
Жеті бала туылған.
Неше алуан ер шықты
Көтеріп белін буынған.
Шежіре сөз осындай
Келе жатқан бұрыннан.
Аттарын айтып берейін,
Тыңдаушы болса, ұғынған.
Кердері екен—біреуі,
Әбубәкір бұлбұл осыдан.
Қызыл тілге келгенде,
Өтпеген ешкім тұсынан.
Дүние қалып келеді
Не жақсының басынан.
Ой табылар саналы
Кеуілдің шаттық хошынан.
Сөйлер сөзге келгенде
Алдына жан салмаған.

Ұстасқан жері меңдеген,
Бетіне ешкім келмеген.
Мына ноғай елінде,
Ділпараштың баласы
Қазақай деген ақынмен
Айтысқан екен екеуі.
Өзінше білгіш болғанмен,
Ширегіне келе алмай,
Келмеген дұрыс есебі.
Талай ақын келсе де,
Жеңіліп қайтқан нешеуі.
Алты аталы Әлімде,
Назар, Шүрен елінен
Қожа Ахмет молдаңыз—
Әбубәкір молдаға
Жеті жұмбақ жолдаған,
Тоқтамай шешіп жеңген-ді.
Нұрқожаның балдарын
Тегіс айтып берейін.
Отырған тыңдап, азамат,
Көтерілсін мерейің.
Айтайын, тағы басқасын,
Сөздің тауып жақсысын.
Тоқтау бар ма жырауға
Келісін сөздің ашқансын.
Басыла ма шын жүйрік
Еті қызып, шапқан соң.
Өздерің «сөйле» деген соң,
Жыршың неге тоқтасын.
Нұрқожаның баласын
Жырауың түгел айтып тастасын.
Рамазан, Тілеу, Кердері,
Керейт, Жабалғайлы, Тамамен,
Табын екен біреуі.
Өніп-өсіп өркендеп,
Жеті рулы ел болып,
Жетіру халқы ел болып.
Тыңдаушылар, құлақ сал,
Білгенімді сөйлейін.
Осы Табын халқынан,
Атақты жүйрік емеспін
Озып жүрген жалпыдан.
Айтайын сөзді Табыннан,
Мен бір жүйрік шабылған,
Тыңдаушылар бар шығар,
Жыраудың сөзін сағынған.
Туылған екен үш бала
Атамыз біздің Табыннан.
Аттарын айтып кетейін:
Ағым, Тоғым, Бозымай,
Айтайын сөзді созып-ай.
Жалықпай тыңда, халайық,
Жыраудың айтқан сөзін-ай.
Айтайын ата-тегіңді,
Көтерілсін кеулің-ай.
Бірінші, Табын Ағымнан—
Алты бала туылған.
Біртіндеп айтып берейін,
Шежіре сөзі осылай.
Көргенімді айтайын,
Не қылайын қосып-ай.
Айдар, Данда, Таушан-ай,
Қара Мөңке, Текемен,
Және біреуі Қожантай.
Айтайын білген жерімнен,
Шежіре сөзі осылай.
Қысқартып айтып кетейін,
Бұлар бәрі бірігіп,
«Тартулы Табын» атанған,
Таңбасы «көсеу» білсеңіз—
Осыменен тұрсын-ай.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз