Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Өлең шежіре (4-бөлім)

Шежірелік жыр-аңыздар · 3 мин оқу

Қайырлы қазан, сырлы аяқ,
Шұбатқа толы зерені,
Мырзалықпенен байлығы—
Жылдан жылға үдеді.
Ат байланып, күндіз-түн
Ордаға қонақ түнеді.

Бос болмас орда қонаққа.
Пақыр менен міскінге
Садақа, қайыр таратқан.
Келеді адам жыл сайын
Патша менен манаптан.
Күш құйылған ордаға
Жиналды адам жан-жақтан.
Ел жиылып қазаққа,
Қосылды келіп ұзақтан.
Қазына алып, қажы барып,
Меккеден мешіт орнатқан.

Атамыз Әнес шайқының
Қабіріне зияраттап,
Қағбаға барып, он қайтқан
Патша алып халықтан,
Неше пақыр ғаріптен,
Неше әулие шайқыдан.

Қалдырмай сыйлап әруақты,
Қайырлы қазақ ер болды,
Құдай артық жаратқан.
Атасына тартқан ер болып,
Үш бала туды Қазақтан.

Біреуі оның—Ақарыс,
Той болған үлкен ат жарыс.
Екінші бала—Жанарыс
Халық жиып, той қылып,
Мал семізін сойдырып,
Күрескен палуан арпалыс.

Үшінші бала—Бекарыс
Сыйлады жат пен бейтаныс.
Қазақтан туған үш бала—
Өңкей көкжал, жолбарыс.
Қысқартып айтып кетейін
Ақынға әлі жол алыс.

Қазақтың үлкен баласы
Ақарыстан туады,
Алты бала анадан.
Аттарын айтып берейін,
Санаңыз мұны, тыңдаған.
Дулат, Үйсін, Сыйқымды—
Мұның туған ұлдары
Қаршыға құстай сілкінді.

Жаныс, Шымыр, Ботпайлар
Түскеннен жерге бұлқынды.
Бұлардан өрбіп тараған
Ұлы жүз дейді жұртымды.
Екінші ұлы Қазақтың
Жанарысқа келейін.

Талдап айтып Қазақтың,
Төресін ашып берейін.
Жиналған толы азамат,
Көтерілсін мерейің.
Өзім Қазақ болған соң,
Тегімді неге білмеймін.

Жанарыстан төрт бала
Тыңдасаңыз, азамат,
Қырындама, бер қара.
Бірінші туды Мырзасы—
Жақсылардың жолдасы.

Екінші туды Шорасы—
Атанып елге би Шора,
Әкесінің қонды мұрасы.
Үшіншісі—Қарасы,
«Қара батыр» атанды,
Бұ да Жанарыстың баласы.

Төртіншісі—Сарысы,
Бір-бірінен кем емес,
Төрт атаның туысы.
Бұлардан өнген халықты
«Орта жүз» деп атаған.

Қазақтың ділмәр кәрісі
«Орта жүз» деп атанған.
Арғын, Жаппас екеуі
Туылған екен Мырзадан.

Бағаналы, Найман—екеуі
Тараған туып Шорадан.
Қоңырат пен Қыпшақтар
Өрбіген, олар Қарадан.
Көшек, Байсын, Кенжалы,
Теңбілменен төрт арыс,
Төртеуі бір анадан.

Сарыдан туып тараған,
Жанарыстың ұрпағы—
Орта жүзге қараған.
Сөйлесем ата тегіңді
Кеуліңе жараған.

Енді Қазақтың кенже баласы
Бекарысқа келейін.
Талдап шешіп, біртіндеп,
Төресін ашып берейін.

Жиналған толы, халайық,
Көтерілсін мерейің!
Өзім қазақ болғансын,
Тегімді неге білмейін.

Тыңдаймын десең, азамат,
Атамыз Бекарыстан сөйлейін.
Атамыз Бекарыстан
Арғымақ, Алау бір туған.

Бұлардан өрбіп тараған,
«Кіші жүз» дейді жұртыңды.
Кіші жүздің ішінен,
Неше арыстан ұл туды,
Неше әулие пір туды.

Сүйегі болат жаралған,
Неше көкжал ер туды.
Жасанған жауын жапырып,
Алаштап ұран шақырып,
Не қасарма ер өтті,
Дұшпанға салып қиқуды.

Билер өтті кемеңгер,
Сөйлетпей білген құлқыңды.
Қарттарым өтті көп көрген
Ойменен танып нарқыңды.
Кенжесі қазақ халқының
Бұзбадың әдет-ғұрпыңды.

Түсінейік бұл жерде:
Бекарыстың баласы—
Арғымақ пен Алаудан кім туды?
Арғымақтан туылды:
Сабыр мен Нәбір—екеуі.

Алаудан туған Алшын би
Немере екен үшеуі.
Бұлардан өнген халықтың,
Айрылып болмас есебі.

Күншығысы—Түркістан,
Күнбатысы—Астрахан,
Екі ортаны жайлаған
Кіші жүздің баласы.

Арқа жағы Жармола
Құбылаға қарай кетеді.
Қыс болса, қыстап қыстауды,
Жаз болса, шығар жайлауға,
Ерсілі-қарсылы көшеді.

Ұлдар киіп алтайы,
Қыздарым киіп қырмызы,
Алтындай жайнап өседі.
Сарыарқаны жайлаған,
Шыңғыртып құлын байлаған.
Ұлдар мініп арғымақ,
Көш алдында ойнаған,
Бір салтанат осы еді.

Түсінгін, елім, бұл жерде:
Арғымақтың баласы—
Сабыр менен Нәбірден
Кім туып, кім өседі.

Сабырдан туған екі ұл,
Жалықпай сөйле, қызыл тіл!
Шежіреде осындай,
Сенбесең, халқым, өзің біл.

Екі бала Сабырдан—
Тама менен Табының.
Атаның жолын меңгеріп,
Би болды және білімді.

Шежірелік жыр-аңыздар

Барлығы: 179 аңыз

Тағы оқыңыз