Асанқайғы (Жүсіпхан Жұртбаев нұсқасы) (3-бөлім)
Аңыздық жырлар · Жүсіпхан Жұртбаев нұсқасы · 3 мин оқу
Өзіне жұмсақ төсек беру керек,
Бүлдірмесін осындайды болған зерек.
Бір әйел бас-аяғын түгел сипап,
Ұйықтатпай таң асыру бұған керек.
Бұларды бұлай қылу бұған қайда,
Көрді де жалғыздықты мынандай да.
Жігіттің бұзылатын жайы осындай,
Ей, ата, мұны істейтін адам қайда?
—Ей, балам, итін байла суға апарып,
Аңын да көмдір жылдам жерді қазып.
Істей гөр білгеніңді аямастан,
Жігіттің обалына біз қалмалық.
Итті суға байлады, құсты талға,
Құрметпен жүгіріп жүр әлгі шал да.
—Өзіңнен басқа лайық кісі де жоқ,
Жігітті жатқыз,—депті,—төсек сал да.
Төсекке қыз салған соң, Асан жатты,
Ықыласын әлгі үйдің мың ұнатты.
Ұйықтатпай өне бойын таң атқанша,
Уқалап түніменен қыз сипапты.
Таң атып оянады ертең тағы,
Тиісті тұратұғын болған шағы.
Әй-жай боп отырған соң байланысып,
Әңгіме сөз сөйлейді шал баяғы.
—Жігітім, сөз айтамын, құлағың сал,
Жалған айтып болмайды сөзімде хал.
Бар көргенім жалғыз қыз дүниеден,
Сен маған күйеу болып, бұл баламды ал.
Баламның өз тұсында теңдесі жоқ,
Қыз да болса ұлдай боп көңіліме тоқ.
Баламды өз теңіне қосып өлсем,
Онан соң дүние де арманым жоқ.
Көңілі саған, балам, толған сынды,
Жалған емес, шырағым, сөзім шын-ды.
Алла қосса, осылай уәде болмақ,
Алмаймын деп сөзімді қылма мін-ді.
—Жарайды,—деп,—Асан да қабыл етті,
Түзу лебін көрсетті алал ниетті.
Бірі беріп, біреуі алмақ болып,
Қыз тоқтап сол арада сөзі бітті.
Енді Асан жата берді күйеу болып,
Алған соң шалдың қызын көңілі толып.
Санаса келген күнін жай отырып,
Қалыпты отыз сегіз күнге толып.
Ойына сонда түсті-ау ау салғаны,
Басында шығып еді аң қуғалы.
Анасы бір далада жалғыз қалған,
Тағы да азды-көпті иен малы.
Қырық күнде судан алмақ аудың шарты,
Бұрынғы аумайтұғын ата салты.
Не түссе несібіне ырза болып,
Қырық күнде бір ашылмақ аудың парқы.
Өкінді осыны ойлап Асан сонда,
—Не болды маған?—дейді,—Құдауанда!
... туғанды мұнда болмайды екен,
Алмасам ауды судан барып онда.
Сұрады Асан рұқсат шалдан барып:
—Кетіп ем дарияға ауды салып.
Қырық күндік шарты толған сол ауымның,
Алмасам бола алмайды енді барып.
Шал айтты:—Саған рұқсат бере алмаймын,
Жіберсем қайта сені көре алмаймын.
Үш күннен соң көшемін бұл арадан,
Бұл жерде сені күтіп тұра алмаймын.
—Ей, ата, бұл сөзіңнің бар-ды жөні,
Өтірік деп айтпаймын мен де мұны.
Бүгін барып бұл жерден, ертең ауды ап,
Және қайтып келемін бүрсүгіні.
—Әй, балам, бүрсүгіні келе алмайсың,
Уаданы түзу қылып бере алмайсың.
Қаласың бір жұмысқа сен айналып,
Онан соң қайтып мені көре алмайсың.
—Боламын,—дейді бала,—сертке берік,
Жөнелді шал атасы рұқсат беріп.
Үш күнге уәде байлап, қош айтысып,
Жөнелді Сырға қарай бала жүріп.
Сырдағы үйге келді аман жетіп,
Сағынып анасы да отыр күтіп.
Судан ауды алмаққа ниет қылды,
Сөйлесіп шешесімен сөзі бітіп.
Судағы бар үміті ауын алмақ,
Не түссе, алып болып қайта салмақ.
Шешесін соныменен бір уатып,
Кешегі кәрі шалға қайтып бармақ.
Сүйрейді судан ауын сыртқа қарай,
Әуре боп әлі келіп шығара алмай.
Бір сандық ауға түскен кісі бойы,
Екеуі аң-таң болды бұған қарай.
Шығарды ол сандықты судан қырға,
Көрмеген мұндай сұмдық бұрын Сырда.
Ішінде не бар, не жоқ, мағлұм емес,
Әйтеуір балқығандай сырты нұрға.
Сандықтың тамаша етті қылған ісін,
Кілтпен ашып көрді оның ішін.
Ішін ашса, ішінде бір қыз жатыр,
Бітпеген еш пендеге ондай пішін.
Ол қыздың келбеті туған айдай,
Кірпігі оқ қадалған, қасы жайдай,
Жіңішке зорға шығар нәзік дауыс,
Мінезі толықсыған сары майдай.
Қолында осы қыздың жазған хаты,
Адамнан артық екен инабаты.
Қырық шілтен әулиенің баласы екен,
Білінді кешікпей-ақ атар аты.