Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Алаша хан (2-бөлім)

Аңыздық жырлар · 3 мин оқу

Құланмен құлан болып аты кетті,
Жалғызға осылайша дағдыр жетті.
Ханға барып естірту қиын болып,
Патшаның қара халқы болған дертті.
Патшаның бұл туралы зары қатты,
Қайғысы жалғыз ұлдың жанға батты.
Ханға барып естірту қандай қиын,
Себебі, кімде-кімнің жаны тәтті.

Ел-жұрты бір бала үшін қайғы жеген,
Айтсақ өліп кетеміз босқа неген.
Ақыл таппай халық аңырып отырғанда,
Бар еді бір домбырашы Тұма деген.

Бұл Тұма жаннан асқан домбырашы,
Ән салып талай топта болған жаршы.
Май тамған оң қолынан балды бармақ,
Даусына жұрт таң қалған жөнсіз әнші.

Тұма айтады:—Ей, халқым, сөзіме ерсең,
Сертімді менің айтқан қабыл көрсең,
Мен барып ханның ұлын естіртейін,
Екі ердің құнындай мал жинап берсең.

Жөн болса көпшілікке менің мұным,
Бір өзіме бер екі ердің құнын.
Өліп кетсем ас-атау, көр кебінім,
Тірі қалсам, сол болсын алған тұлым.

Тұма бұлай бір сөзді айтып еді,
Айтқан сөзі қолайлы секілденді.
Бір патшаның жұртына шығын қылып,
Екі ердің құнындай мал жинап берді.
Мейлінше домбырасын күйлей алып,
Алдына падишаның Тұма келді.

Тартады зарлы күйін Тұма қанша,
Қабынып қайран жүрек басылғанша.
Он саусағын жорғадай екпіндетіп,
Домбырасын сөйлетті бейне адамша.

Алаша хан жалғыздан айрылғаны,
Халқының ақыл таппай қайғырғаны.
Домбырасын сөйлетіп адамзатша,
Міне, ақын Тұманың зар қылғаны.
—Ей, хан ием, хан ием!
Берген асың бал ием.
Күндердің күні болғанда,
Көп кісінің ақылы бір өзіңде бар ием!

Ақылы үлкен данасың,
Қиыннан ақыл табасың.
Жеті атаңнан бері қарай
Кең шапқан Тәңір шарасың.

Тәңірінің досты әулие,
Олардың да алған баласын.
Жошы жан еді жұлдызың,
Маңдайда тәжі құндызың.

Алаша хан атанып,
Билеген ханым жер жүзін.
Дұшманды қойдай айдап ең,
Түні менен күндізін.
Қосуға Тәңірім әкетті
Бейіште сарай хор қызын.

Ажалға айла жабылса,
Бұрынғы өткендер не етіпті.
Бір сағатта Дәуіттің
Отыз ұлын алып кетіпті.

Қайғысын Дәуіт зарлаған,
Баласының қайғысы
Көкірегінен қалмаған.
Отызға балап Тәңірім,
Бір перзент беріп алдаған.

Сүлеймен туып қуанды,
Қайғылы көңілі жұбанды.
Отызының қайғысын
Көңілінен сонда шығарды.

Мінеки, дәтім тақсыр бас,
Падиша бағлан болсаң да,
Өлімге хайла табылмас,
Дәлел, хаял қарындас.
Артыңда шулап қалады,
Көріңе бірге бара алмас.
Ақсары бас айтып сойсаң да,
Кіреді жерге ғазиз бас.

Баласыз арқар маңырауық,
Опасыз дүние қолжаулық.
Жалғыз ұлың өтіпті,
Өзіңе болсын денсаулық!

Сілкінтті осылай қара жерді,
Ұлынан ханның өлген хабар берді.
Қылышын керегеден суырып алып,
«Тұманы өлтірем» деп хан тап берді.

Ақынды өлтіруге ойланып қас,
Жендетке жан алушы болып ұқсас.
Мойына өткір алмас тақағанда,
—Дәт,—деді байқұс Тұма,—алдияр бас.

Дәт айтқан падишаға Тұма ғаріп,
Падиша тұра қалды құлақ салып.
—Бейшара, дәтің болса, тез айт!—деді,
Семсерін жалаң қаққан тартып алып.

Тұма айтады:—Өлсе өлген Жошы балаң,
Бала үшін қайғырып болдың алаң.
Мені өлтірем дегенің зорлығың ба?
«Өлді» деп ауыз қашан айтты саған?

Падиша райынан сонда қайтты,
Қасіретпен «аһ» ұрып ішін жарды.
—Сені өлтірмей қоямын қалай тірі?
Сен болмасаң, қолыңдағы домбыра айтты.

—Ей, падиша! Әмір еттің қауым елге,
Қаһар етіп отырсың қоймай демге.
Домбыра айтса басын ал, мә домбыраң,
Құр күй тартып отырған нең бар менде?
Падиша мына сөзге тоқтай қалды,
Не қыларын біле алмай ғажапланды.
«Айтқанымнан қайтпаймын» деді дағы,
Домбыраның мойынын жұлып алды.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз