Қорқыт (7-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Айырылып аздан кейін ұрығынан,
Жүреді жаяулықпен бұрыңғыдан.
Үлдіреп бақайшықтар, өкше дүңкіп,
Тас соғып қандар ақты жұлығынан.
Ой қуалап, жота қырлап, тоғай тынып,
Жүргенде өне бойын қияқ жыртып.
Баса алмай енді қадам, дал-дал болып,
Екі аяқ шойқалаңдап қалды сылтып.
Қобызын тартар екен енді не деп,
Дер ме екен дем бітер кез келді ме деп.
Осы жерде көз бұлдырап жатты Қорқыт,
Торсылдақ, түйе табан, жер қауын жеп.
Таңертең Үрпекбасқа, кешке таман
Қан іздеп аң ардасы желсе салаң,
Пышағын Жерұйықтан қылтылдатат,
Жалғыз көз жалмауыздар жалаң-жалаң.
Біреуін бірі жұлқып қырқыратып,
Жындарын сілкіп-сілкіп бұрқыратып.
Әлсізін көк тұмсықтар шеңгелге алып,
Төс етін түтіп жатыр шырқыратып.
Жас көлдеп қарсыласып, қан тамшылап,
Тағдырға иілмейді «мені алшылап».
Күшпенен өмір жоймақ әділсізге,
Қарғыспен шығып жатыр үн қаңсылап.
Қарсылық Қорқыт емес, барлық жанда,
Тірліктің тетігі деп ағар қанда.
«Қорқыт-ау, тырысып қал осың жөн»,—деп,
Айтқандай бек ұнады аңғарғанда.
«Мұнан да әділдіктің өшкен заңы,
Тәңір-ау, теңгергенің,—деді,—кәні?»
Көр болып жер жарығы үрейін ап,
Өлім боп қарайғанның кетті бәрі.
Ақылға сонда салды сұңғыла Адам:
«Құрғақпен,—деді,—кездім, кетті мазам.
Қалмаған қанжығалап қу өлімді,
Қаңғыртам, енді дария сумен ағам»,—
Деді де қамыс жинап қаттап-қаттап,
Теңізге салды келіп байлап-матап.
Желдіртіп желден озған маясындай,
Үстіне алды мініп бір-ақ аттап.
Құтылып есін жиды ажалдан көп,
Абалап қамалаған аларман боп.
«Келмейді мұнда өлім,—деп,—су жыбыры»,
Жұп-жұмсақ жүнді беттен сүйді шөп-шөп.
Тізгінін ағын алды, берді бетін,
«Таптым» деп ой жұбанды іс ретін.
Дегенмен аңқауланбай алақтайды
«Мені аяп өлім жоқ кешіретін».
Үнемі аққаннан соң ылғи тулап,
Босатты сыналарын қамыс-құрақ.
Жарылып ортасынан дай-дай болып,
Жазылып кетті сол кез буған шумақ.
Сұрапыл сол уақытта жел де тұрды,
Толқынды шегініп кеп толқын ұрды.
Соғылып алма-кезек батып, шығып,
Толқынның таласында Қорқыт жүрді.
Осылай бірде арқалап толқын жығып,
Жүргенде әр қамысқа мінуге ырғып.
Бұйрығы әлдекімнің кім біледі?
Қолынан қара қобыз кетті шығып.
Қайтейін, жүре берді ағында елтіп,
Айырылып қобызынан жүрген шертіп.
Сескенсін енді неден, жан шыға бер,
Қу өлім қутың қағып келді жетіп.
Шіркін-ай, шын қырқа ма өмірді енді,
Дейміз бе тап осы жерде өлім жеңді.
Жоқ, сонда қобыз айдап шықты аспанға,
Салуға таянғанда семсерді енді.
Өлімді көрді Қорқыт көкке кеткен,
Айналып қобызынан беттетпеген.
Өлімді көкке қуып шығарған соң,
Баладай күлмеңдеді жаңа ержеткен.
Қобыз да «қалмаймын» деп кетті бірге,
Күйменен Қорқыт тартып күңгірлеткен.
Жалғыз-ақ, Қорқыт күліп созды қолын,
«Қобызға жіберме,—деп,—енді көктен».
Екеуі жерге қайта оралмапты,
Дейтұғын қария сөзі ертеректен.
Тоқтасақ әңгімеге байқап енді,
Қобыздан өлім қатты үрейленді.
Қарамай алды-артына зытқан сайын,
Күркіреп көк бұлтындай күңіренді.
Аспанның кең асқарын даусы жарып,
Өлім мен қобыз жүрді шыр айналып.
Жамбасын жерге өлімнің тигізбеді,
Болдырып, өлім болды әбден ғаріп.
Қалмады қыр соңынан қайда барса,
«Көрейін, мені алшы,—деп,—Алла жазса.
Қар шыңнан бір асырмай тоқтамаймын,
Жалынып-жалбарынсаң енді қанша»,—
Деп қобыз баураңқырап иекке алды,
«Қалдырдым сен үшін,—деп,—Қорқыт шалды.
Кеудемен аңырап кеп кейде ұрады,
«Көрші,—деп,—жақсы болса, қорыққанды».
Өлім де өлер болды тыным алмай,
Күйзелді күйі кетті жерге қонбай.
Қысымға құдіретттей боп алған сайын,
Қорқыттан артық кетті сүреңі оңбай.
Осылай өлім қалды қиын жайда,
Күн тұрсын, жұма да, өтті жыл мен ай да.
Келетін орағытып мезгіл жетті,
Десеңдер сұрау қойып «Қорқыт қайда?»
Қорқыт қарт біраз болып дария Сырда,
Ботадай ойнақ салып жүрді қырда.
Алатау, Тарбағатай, Алтай барып,
Күдіксіз сайрандады әр қиырда.
Шулатып ну қамысын Шуға барды,
Қарсақбай, Қарағанды дуға барды.
Арқаның ерке тауы Қарқаралы,
Баса асып Баяндатып қуға барды.
Ұлы жүз үйсін-дулат, алшын, тама,
Аралап арғын, найман елді жара.
Есіл мен ерке Еділді өтті жарып,
Сахара төсін керген алтын саға.
Тұрды кеп Ақан шыққан Сырымбет деп,
Қол бұлғап шақырғандай «келе кет» деп.
Біржанның моласына зиярат қып,
Көлінде Бурабайдың жатты түнеп.
Шөмекей, жағалбайлы, қоңырат, қыпшақ,
Тағдырдан ел едің деп көрген қыспақ.
Шалқытқан өсиетіне ағасының
Құрметтеп ұғып апты сан құлыншақ.
Сырларын бастан кешкен не қиында,
Мәнерлеп әңгімелеп топ-жиында.
Баяндап күңгірт күннің уақиғасын,
«Қалғаны міні осы,—деп,—бар миымда».
Ұрпағым, жұрағатым ұл мен қызға,
«Табысым кезген жолғы бол,—деп—риза!»
Қобызын дүрілдетіп көппен бірге,
Сіздермен қонақта отыр Қорқыт мырза.