Асанқайғы (Жүсіпхан Жұртбаев нұсқасы) (4-бөлім)
Аңыздық жырлар · Жүсіпхан Жұртбаев нұсқасы · 3 мин оқу
Сандыққа шілтен қызды салады екен,
Сырменен төмен ағып барады екен.
Кім алса судан ұстап осы қызды,
Некесін Қызыр қиса, алады екен.
Қызықты қызды көріп Асан бала,
Көрсетті не түрліні хақ Тағалла.
—Некемді Қызыр қиса, тиемін—деп,
Көрсетті сөз нұсқасын ол қыз және.
Ғашық болды Асан ер,
Қызды көріп қызыл гүл.
Тілі тәтті, сөз жұмсақ,
Сайрап тұрған бір бұлбұл.
Көлденеңнен кез болды,
Бұрынғы жары былай тұр.
Қылықты мінез, түрі жат,
Мына қызға көңіл бөл.
Ғашық болды Асан жас,
Ішке толып қайғысы.
Ала қалса бұл қызды,
Қатынға болар бай кісі.
Тура келді Асанға,
Кезіге ме жай кісі.
Қыздың түрі қызық-ты,
Сырты жұпар, исі май,
Қызыл жүзді, қара шаш,
Екі көзі айнадай.
Жіңішке бел, орта бой,
Сымбаты бұған сайма-сай.
Осындай қызды іздесең,
Түспес қолға оп-оңай.
Құйрығындай асылдың,
Біріне бірі боп сыбай.
Қиыстырған бұларды
Өзі шебер бір Құдай.
Қайғылы боп Асан ер,
Сөз айта алмай пәлен деп,
Ойлағаны Қызыр боп,
Тұра тұрсын осылай.
Суына қайта апарып ауын салды,
Мейман ғып әлгі қызды үйге апарды.
Кеш болып отырған соң жай-жайына,
Есіктен кіріп келген көрді шалды.
Шал келді үйдегіге сәлем беріп,
Бұлар да тұра келді шалды көріп.
Орнығып отырған соң оң менен сол,
Сұрасты бір-бірінің жөнін біліп.
Әуелі шал сұрады үйдің жайын,
Харакат қолындағы жарлы-байын.
Кемпір мен сен жігіттің жөнің бірге,
Сізлерден заты бөлек мынау айым!
—Ау салған кәсібіміз біздің, ата,
Күнелткен әдетімен Сырда жата.
Қырық күнде ауды судан бір алушы ек,
Сол ауға түскен бұл қыз бүгін, ата.
Бұл қыздың сандығында қазына мол,
Алуға рұқсатсыз бармайды қол.
«Некемді Қызыр қиса, тием» дейді,
Әзірге бізге берген жауабы сол.
—Өзі Шілтен әулие баласы екен,
Көңілі адамзатқа барасы екен.
«Қызыр» деген сөзінің мәнісі аз,
Болғанмен бар мен жоқтың арасы екен.
Бұл күнде Қызыр қайда табу бізге,
Ол тақсыр көріне ме көзімізге.
Бір кемпір, бір баланы ол не қылсын,
Елсізде балық аулап жатқан түзде.
Шал айтты:—Сапар айлап шықтым түзге,
Көңілімде арамдық жоқ Хақтан өзге.
«Үмітсіз шайтан ісі болад» деген,
Қызырды көрмеймін деп күдер үзбе.
Некесін осы қыздың мен қияйын,
Қызырдан қия алмай ма адам өзге?
Қызыр деп шалды айтады мен секілді,
Балаға жан ашыған біз секілді.
«Бірің ал, бірің ти»,—деп бата берді,
Екеуің көрінесің тең секілді».
Шығыпты бата беріп тысқа шалы,
Шалының білінген жоқ ахуалы.
Қонағы тысқа шығып жоқ боп кетті,
Іздесе білінбейді еш хабары.
Шал кетті, бұлар қалды жай-жайына,
Әркімнің өз жұмысы жағдайына.
Кемпір сорлы қуанып, келінді боп,
Келін де кемпірдің болды ыңғайына.
Сонымен бұл арада үш ай өтті,
Бұрынғы шалдың қызы ойдан кетті.
Бір күні Асан үйде отырғанда,
Шелек ап кемпір ұзап суға кетті.
Келіншекке Асан айтты қалжың сөзін,
Ықыласты махаббатпен қарап көзін.
Жауабына еш жауап қайтармады,
Адамдай ұнатпаған бұрып жүзін.
Асан айтты:—Сен неге қарамайсың?
Бойыңа неге мені баламайсың?
Келді де шапалақпен салып қалды,
Баламасаң, маған да жарамайсың.
—Ей, Асан, неге ұрасың мені?—деді,
Сүймесем келемін бе сені,—деді.
Әкемнің айтқан серті осылайша,
Тұрудың болмайды енді жөні,—деді.
Әулие түгел өткен адамзаты,
Олардан еш шыққан жоқ жаман аты.
Бейуаз үш айғаша сөз айтпауға,
Тапсырған атамыздың аманаты:
«Абайла, асығыс қып өзі тисе,
Қалжыңды айтпадың сөзі тисе.
Тоқтамай қайтып келгін бізге, балам,
Ашумен ажырайып көзі тисе».
Секіріп қыз шығыпты шаңыраққа,
Қарады мойнын созып атырапқа.
—Үш айлық балаң кетті, бізге аманат,
Жеткізіп береміз біз туған уақта.
Қош, енді мырза, мұнда тұра алмаймын,
Сөзіңе енді мойын бұра алмаймын.—
Деді да көкке қарап құс боп ұшты,
Қосылып саған қатын бола алмаймын.