Есекқырған (1-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Бір жұлдыз атаныпты Есекқырған,
Іңірден шақырайып ерте туған.
Айтайық сол жұлдыздан біз бір аңыз,
Естіген ертелі-кеш ойдан-қырдан.
Бұл аңыз басталады ескі сөзден,
Белгісіз кім айтқаны көне кезден.
Қырылған ханы дағы, қарасы да,
Жұрдай боп тән орайтын қара бөзден.
Бұл жентек сағым алған алтын-жезден,
Сықылды қисық ағаш шыққан тезден.
Елімнің есте қалған ертегісі
Қанды жас селдей аққан екі көзден.
Қоныстан жұртым ауып, желдей кезген,
Түңіліп елден, жерден, ханнан безген.
Қан жұтып, зар еңіреп, қуғын-сүргін,
Бәріне қорлық-зорлық түгел көнген.
Момын жұрт қойын құрттап, құртын езген,
Қырықтық, қылбұрауды еті сезген.
Қолында алып-сатар мал мен мүлік,
Құрылып таразы да болып безбен.
Жүрген жан бас көтермей қара жерден,
Өгіздей иығы кетіп тартып өрден.
Аш-арық, аш-жалаңаш қатын-бала,
Әруақ кебін жамылып шыққан көрден.
Әңгіме сол бір тұстан бір ертегі,
Ертек те шындығынан сыр шертеді.
Нелер жыр, талай аңыз ұмыт болып,
Түскені біздің қолға бір бөлтегі.
Бір патша отыр тақта итін құшып,
Есегі қызықты оған көзі түсіп.
Қасына жақын келді тақсырының,
Аңғармай қалғанының іші пысып.
Ит жатыр патшасының тізесінде,
Тұмсығы алтын-күміс кісесінде.
«Мен саған бұл тазыдан жақынмын ғой,
Үстіме күнде мініп, түсесің де»,—
Деп ойлап хан иығына асты аяқ,
Ақырын салмақ салмай, тақсырды аяп.
«Жақтырмай қабақ шытып, зекіп қалса,
Азырақ хан иемнен жермін таяқ.
Немесе мені дағы құшақтар ол,
Патша ғой ел билеген, рахымы мол.
Сарайда есіркесе тайраңдармын,
Ұмыт боп тұсау, кісен есікте тұр».
Үміті сорлы есектің ақталмады,
Қасқырдай «арыс» етті хан қақпандағы.
«Есектің көзін жоғалт, тұқымын құрт!»—
Деп патша бура болды ақпандағы.
Есекті бауыздатты: «Басынды,—деп,—
Құлағын қасыма кеп қасынды»,—деп.
Көрген жұрт қайран қалды әміршіге,
«Хан неге бұнша бүйтіп ашынды?»—деп.
Не теңі еркелемек көк есекке,
Жүргенде тесік өкпе, құр есепте.
Орны есік көзі, босағада
Жататын иттен төмен су сенекте.
Итке хан үргені үшін қарғы таққан,
Есектен оттықтағы артық баққан.
Естісе-ақ дыбыс-сыбыс хабар беріп,
Үй қорып ертеңді-кеш ханға жаққан.
Бұл кепті түсінбеген байғұс есек,
Жатса да жамбасына қар-мұз төсеп.
Әл біліп, өзгелерді күндегенше,
Деп жүрмей, қара бастың қамын жесек.
«Тек жүрген—тоқ болады» дейді қазақ,
Қарны тоқ ешкімге де болмас мазақ.
Тең болмай терезесі, «теңесем» деп,
Әлсіздер мықтылардан шеккен азап.
Өткен күн ойлап тұрсаң, ол бір ғажап,
Аңдасаң ой-шұңқырын жіті қарап.
Аз екен хан мен патша қиянатсыз,
Бір-бірлеп саусағыңмен көрсең санап.
Шежіре сырын шерткен өткен күннің,
Жұлдызын атап берген айсыз түннің.
Ат қойып аң-құсқа да бұл адамның,
Аңдыған жолын, аузын апан, іннің.
Білсеңіз, есек ханды басынбаған,
Құлағын желкесімен қасынбаған.
Ханына жағынудың білмей жолын,
Сорлының содан бағы ашылмаған.
Өлді де есек қалды әлін білмей,
Табам деп оңай мәнсап жайға жүрмей.
Күштіге жақпайтынын ойламапты,
Абалап күні-түні ит боп үрмей.
Есекке айтқан мысық сонда былай,
Отырған хан қасында көзін қысып.
Қарғылы ит мысық жаққа ырылдаған,
Мияулап сөйлегенде тілі қышып.
Мысық па құйрық бұғып жол таппайтын,
Өнері көп қой оның алдатпайтын.
Төбетке мұрт шиырып, ол бір пырс еткен,
Аңдатып түрін оған қарматпайтын.
Мияулап сөйлеген ол пипың басып,
Қолымен бетін жуып, шеке қасып.
—Төбетім, көп үрем деп үй күзетіп,
Кетпесін асың суып, ұйқың қашып.
Есектер, көсілмеңдер мақтағанға,
Мықтылар бір туласа, жығар жарға.
Құласаң жар астына омақасып,
Шоқиды көз майыңды құзғын-қарға.
Ісіне әміршінің шара бар ма?
Хан иең қаһар тігіп отқа салса,
Кетпексің күлің ұшып тозаң-шаңға.