Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Жүсіпхан Жұртбаев нұсқасы) (2-бөлім)

Аңыздық жырлар · Жүсіпхан Жұртбаев нұсқасы · 3 мин оқу

Ұлының молла қойды атын Асан,
Жүсіптей жүзі нұрлы көркем-әсем.
Бойжетті, ақыл еніп, жасқа толып,
Жабыдай жаман болып болмай бәсең.

Ержетіп он үш жасқа келген шағы,
Өнерлі, оқымысты асқан бағы.
Құс салып, ит жүгіртіп, мылтық атып,
Ғәдеті аң құмарлық мұның дағы.

Аң қарап бір күн шықты сахараға,
Әртүрлі аңдар болар кең далада.
Бір белдің шыға келсе ар жағында,
Бір нәрсе жарқырайды бір арада.

Көрді де жарқылдақты тамаша етті,
Байқады, бір аз ғана сабыр етті.
Таныды төрт аяқты аң екенін,
Ал енді ит қосуға үміт етті.

Жіберді аңға қарай итін қосып,
Өзі де тұра шапты алдын тосып.
Көрген соң түз хайуаны тұра ала ма,
Жөнелді о да самғап құстай ұшып.

Құмай ит еркін жетіп шала алмады,
Қасында дәмелі боп қала алмады.
Жеткенмен сұңқар құсы сыбап өтіп,
Тұяғын тура барып сала алмады.

Ұстапты бір арада иті барып,
Түсіпті құсы дағы жұмарланып.
Ұстаса бір мысықтай нәрсе екен,
Жөнелді қанжығаға байлап алып.
Келгені қайсы жақтан түспеді еске,
Күн батып айналады мезгіл кешке.
Барарын қайсы жаққа бала білмей,
Жүгіртіп шыға келер бір белеске.

Белестің біреу отыр аржағында,
Шалшықтау талды қайнар бар жанында.
Шаршаған кешке шейін атқа шауып,
Ит қаста, құс қолында, аң жанында.

Сол үйге кіріп келді сәлемайлап,
Ит бен құс, ат үшеуін үйге байлап.
Сол үйде кемпір мен шал, бір жігіт бар,
Тағы да бір қыз отыр гүл-гүл жайнап.

Әлгі шал тұрды отырған, алды салам,
—Аман ба, жолың болсын,—дейді,—балам!
Кім баласысың, қай ру, қай жерденсің?
Қайдан келдің, шырағым, кешке таман?

—Бұл жерге келгенім жоқ тура қастап,
Аң қудым, кете алмадым жолға тастап.
Осы жерге келгенде жаңа соқтым,
Сол аң келді бұл жерге мені бастап.

Аң қарап бүгін шықтым, үйім Сырда,
Ғәдетім аң құмарлық қиын қырда.
Саятшы атам—Сәбит, атым—Асан,
Атағы мағлұм болған ой мен қырға.

Шал қарап таңырқады бала сөзін,
Қадалып аудармады екі көзін.
—Тура айтшы, шырағым, жауабыңды?
Бүгін шықтым дейсің бе сенің өзің?

—Ей, ата, бүгін шықтым, сөзіме нан,
Жалған емес, рас, шын қуғаным аң.
Жас бала едім бұрын жер білмейтұғын,
Қайда кеттім білмеймін өзім де аң-таң.

Сонда қыз тысқа шықты есік ашып,
Аяғын кідірместен жылдам басып.
Шықты да ит пен құсты, аңды көріп,
Қыз қайта кіріп келді өңі қашып.

Қыз келіп атасына:—Тоқта,—дейді,
Құдайы қонақ екен, соқпа,—дейді.
Қосылған ылғи асыл жұрнағы екен,
Бұл күнде дәл осындай жоқ та,—дейді.

Ат екен жылқы заттан нағыз тұлпар,
Қолында ұстағаны екен сұңқар.
Ит екен құмай тазы жетегенді,
Жер басқан бір көргенде аңды сипар.

Бұлқайыр алтын жүндес алған аңы,
Жібек жүн құбылмалы оның заңы.
Бесеуі қосылыпты бір араға,
Өзі екен адамзаттың данышпаны.

Бүгіннен бұрылады-ау қалмай бәрі,
Келеді бұздырмауға кімнің әлі.
Қосылған қиуадан ылғи асыл,
Болып тұр осылайша ақуалы.

Бақ берген жаратқаны маңдайына,
Ісінің тамашамын шамдайына.
Ақылым жете алмай тұр бұл жігітке,
Не істеуге бейшараның жағдайына.

Кез болды осы жігіт қонаққа орай,
Қонақты мұнан бұрын көрдік талай.
—Себебін айтшы маған ұғындырып,
Байқадың не себептен бәрін сынай?

Осылар солай тұрса, таң атады,
Қозғалмай тұрғандарын ұнатады.
Ұйықтаса солай тұрып бәрі тыныш,
Бойына бәрінің де қан қатады.

Қан қатса, бұзылады бәрі тегіс,
Бұзылса түзелуі бір қиын іс.
Дәл бүгін бұзылмасқа себеп қылса,
Байғұсқа болар еді үлкен дұрыс.
Шал тұрып қызға қарап:—Балам,—дейді,—
Тапсырдым бұл жұмысты саған,—дейді.
Істеші себептерін бұзылмайтын,
Жоғыңды тауып бер деп маған,—дейді.

Қыз айтты:—Итін мұның суға байлау,
Сұңқарын солқылдаған талға байлау,
Аңын жерге көмдіріп кісі бойы,
Жетектеп таң асырып атын жайлау.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз