Алаша хан (3-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Семсермен домбыраны бір-ақ басты,
Көзінен қан аралас төкті жасты.
Естіртуге бата алмай тұрған халық
Ат қойып «Ой, бауырымдай!» шуылдасты.
Боялған қара терге Тұма зарлап,
Әнменен жердің жүзін жүрген шарлап.
Аздан соң есін жиып Алаша хан,
«Хан Жошы, жалғызым!» деп кетті сарнап.
—Көзі ашып көрген құлыным,
Босап кетті-ау буыным.
Туған айдай жарқырап,
Бөлекше еді-ау туымың.
Туымың жұрттан бөлекше,
Ақылға болдың ерекше.
Солқылдап барып жөнелдің,
Жер гүлі жиде-желекше.
Құрдай көзім қызарды,
Қу сақалым ұзарды.
Жасым келіп сексенге,
Еш қуат қалмай бөксемде,
Томардай басым қуарды.
Езіліп кеткен ет жүрек
Енді неге жұбанды!
Баяғы дәулет маған жоқ,
Балалы болар заман жоқ.
Нетемін жинап дүниені,
Не болар енді, балам жоқ.
Айдың көзі тұтылды,
Ақсауытым ұтылды.
Маңдайға біткен жалғыз көз
Ағарып шығып сытылды.
Айдың көзін бұлт алды,
Ақ маралды жұт алды.
Ғайып боп ұшып жалғызым,
Таба алмай шулап жұрт қалды.
Белдеуден кетіп тұлпарым,
Мінді жорға сұңқарым.
Іздегенмен маған жоқ,
Келмеске кетті сұлтаным!
Балқаштың көлін өрт алды,
Жүректің басын дерт алды.
Ұзатып өмір жасатпай,
Жалғызды Тәңірім ерте алды.
Алды мен артын шолақ қып,
Жал-құйрықсыз келте алды.
Осылай деп жылады байғұс ғаріп,
Іші күйіп, жүрегі оттай жанып.
«Көз қуаныш, таяныш, жалғызым»,—деп,
Екпетінен құлапты жерге барып.
Хан жылаудан босамай күндіз-түні,
Халқының қараң болды көрген күні.
Көшкенде үй сайманын артатұғын
Бар еді бір Акбілек деген пілі.
Не керек хан түскен соң мұндай кепке,
Жазылмас душар болды хасіретке.
«Мекеге барамын» деп жөнеліпті,
Артып ап үй-сайманын Ақбілекке.
Хан кетті де, ел қалды болып мұңлы,
«Тоқтаңыз» дей алмады айтқан тілді.
Бетпақтың даласына барып еді,
Мертігіп Ақбілектің белі сынды.
Бұрынғыдан екі есе болды ғаріп,
Елге үкім ете алмай қайта барып.
Бетпақтың даласында жатып алды,
Ішуге су, жеуге от жоқ, бос қамалып.
Қалған елге бұл жайдан хабар барды,
Не қыларын ел білмей, аң-таң қалды.
Хан жатқанда қоя алмай басқа сайлап,
Қалған ел де қайғырып бос сандалды.
Жазым боп Ақбілектің сынған белі,
Артында хан қайғылы қалған елі.
Ақыл таппай халық ақырып отырғанда,
Тағы да домбырашы Тұма келді.
Тұма айтты:—Сендерге ақыл мен берейін,
Жұмысты Тәңір арнаған мен көрейін.
Маған тағы құнын бер екі ердің,
Көшіріп падишаңды әкелейін.
Тұма мұндай бір сөзді айтып еді,
Айтқан сөзі қолайлы секілденді.
Хан Жошының тұсында әбден байып,
Домбыра алып Бетпаққа тағы келді.
Тұсына падишаның Тұма келді,
Әр форммен күй тартып сынады енді.
Басына көлеңкелеп шатыр тігіп,
Әр күйді безектетіп тарта берді.
Тартқаны бұл Тұманың мұң мен зар-ды,
Жырлайды неше түрлі қайғыларды.
Төсекте есеңгіреп жатқан патша,
Күйіне Тұма ақынның құлақ салды.
Тартқаны бұл Тұманың кайғы мен мұң,
Жырлайды қасіретті екпінді тым.
Жатқан патша жұмсады бір уәзірін,
—Үйге әпкел, халі-жайын сұраймын кім?
Біреу кеп:—Хан шақырад,—деді,—сізді,
Шақыруға жұмсады жатып бізді.
Шақырылған жұмыста жоқтау бар ма,
Домбырашы Тұманы үйге енгізді.
Падиша таң қалады формын көріп,
Қасынан отырғызды орын беріп.
—Бейшара, хал-жайыңды тез айт!—деді,
Басылмай отырғанда бойда желік.
Тұманың ханға жұмбағы
—Бір күні айдалаға жаттым келіп,
Бір алтын тауып алдым жолдан көріп.
Біреу келіп таласты «менікі» деп,
Менің бергім келмей тұр оған сеніп.