Алаша хан (1-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Хан болған бір заманда Алаша хан,
Қараған қоластына бірқатар жан.
Көп әскер бұл қазақтан жинай алып,
Дұшпанын айдамаққа қылады қам.
Ұраны бұл қазақтың «Алаша» енді,
Осы үш жүз сол алаштың баласы еді.
Жау болып дұшпанымен шабысқанда,
Сарыарқа екеуінің таласы еді.
Сол кезде Алаша хан—қазақ ханы,
Неше мың жер қайысқан сарбаз саны.
Алаш—Алаш, Алаша хан болғанда,
Дұшпанға біздің қазақ не қылмады.
Айтайын әңгіме ғып сізге мұны,
Болады ақыр қандай мұның түбі.
Қартайып жасы жеткен мезгілінде,
Бар еді Жошы деген жалғыз ұлы.
Жалғыз ұл падишаға Тәңірім берген,
Тым көркем нұры өзгеше тамам елден.
Өзі сұлу хан Жошы жаннан асқан,
Сол кезде сегіз-тоғыз жасқа келген.
Хан Жошы жаннан асқан жаңа пері,
Атасы жұрт билеген кемеңгері.
Бір күні хан алдына жиналыпты,
Өзіне қарап тұрған барлық елі.
Жиналды хан алдына мұның бәрі,
Халайық үлкен-кіші, жас пен кәрі.
Қарауылшы, қазышы, уәзірлері,
Кәмел би, қайраты асқан батырлары.
Бәрі кеп хан үйіне бас құрады,
Сылқылдап әзілдесіп отырады.
Ішкен соң сый-сыяпатпен тамақтарын,
Халқынан «Жол білген?»—деп жөн сұрады.
—Ей, жұртым, отырмаңдар қарап босқа,
Айбатты нөкерімсің дұшпан-досқа.
Алдыма бірің қалмай жиналыпсың,
Айтыңдар келіп едің не жұмысқа?
Халық айтты:—Ханымыздың қазір көрген,
Нұрлы қып жалғыз ұлды Тәңірім берген.
Бізге бер аз ғана күн жалғызыңды,
Сол еді жұмысымыз сұрай келген.
Бізге бер аз ғана күн Жошы жанды,
Тамаша жаудан саят қусын аңды.
Қуалай арқар, құлан қызық көріп,
Не түрлі бізбен бірге көрсін сәнді.
Қасына қанша халқы біз ерелік,
Қызық пен қызметін бір көрелік.
Аң қуып көңіл шері тарқаған соң,
Қайтадан ертіп сізге әпкелелік.
Сыртында тілектес боп сіз тұрыңыз,
Иланып осы ақылға ұмтылыңыз.
Үйіңе балаң аман келгеннен соң,
Сіз дағы ат шаптырып, той қылыңыз.
Хан айтты:—Жошым сақ жерен еді,
Аз күнгі тірлігіме себеп еді.
Ақ, әдепті үйреткен тәрбиелеп,
Қызығын өзім көрсем керек еді.
Қап! Болмас-ты, берейін мен сендерге,
Жалғызды менен сұрай келгендерге.
Бір бала дәнемеге тығын болмас,
Сендерден алып қалып бермегенде.
Жошының арты құйрық, алды жалсыз,
Ажалды өлім келеді тым болжаусыз.
Не қылайын, сейілге апарыңдар,
Барса, тірі келмейді біздің жалғыз.
Барыңдар жалғызымды сейілге алып,
Ер Жәнібек дайындап, тұрман тағып.
«Өлді» деп кімде-кімің естіртсеңдер,
Аламын қылышпенен басын қағып.
Мынаған қуанды жұрт күліп-ойнап,
Жалғызды алып жөнелді гүлдей жайнап.
Естірткеннің алмақ боп басын қағып,
Хан қалды халқыменен уағда байлап.
Баланы алып бір үлкен тауға барды,
Тамаша таудан сейіл қуады аңды.
Арқар, құлан қуалап қызық көріп,
Жас бала неше түрлі көрді сәнді.
Ал бұлар тауға барып қуады аң,
Атқан аң да көп еді арқар, құлан.
Бір күні аң қуалап жүрсе бұлар,
Бұрқырап құбыла жақтан көрінді шаң.
Қарады бұлар шаңға таң-тамаша,
Мидай жазық, биттей жер емес таса.
Жайылған көп құланның бастығы екен,
Мың жарым ең кем болса, онан да аса.
Ал сонда бұлар қуып, құлан қашты,
Қап-қара жердің жүзін тұман басты.
Жошының мінген аты қолдан озып,
Құланға жалғыз барып араласты.
Тарта алмай басқан бала керліктіріп,
Қадала ат алып кетті-ау желіктіріп.
Қуса да артқы көпке бір шалдырмай,
Әкетті бүйірі қызып еліктіріп.
Не қылсын көп құланға жалғыз бала,
Ажалға себеп болды Хақ Тағала.
Көп құлан ортаға алып тістей тартып,
Қылыпты жас баланы пара-пара.