Асанқайғы (Жүсіпхан Жұртбаев нұсқасы) (5-бөлім)
Аңыздық жырлар · Жүсіпхан Жұртбаев нұсқасы · 3 мин оқу
Аққу боп әлгі қатын аспанға ұшты,
Әлеумет көріп пе едің мұндай істі.
Айырылып қалғаннан соң әлгі қыздан,
Түнеугі шалдың қызы ойға түсті.
Ойланды: «Енді оған барайын,—деп,
Байқайын қалай болар талайым,—деп.
Отырған шығар олар мені күтіп,
Тез барып қатынымды алайын» деп.
Жөнелді арғымағын мініп алып,
Білгелі өзі көрген жолға салып.
Жұрты жатыр, өздері көшіп кеткен,
Баяғы орнына көрсе барып.
Қонысы өзі көрген жатыр жайнап,
Тегістеп көрген жерін көрсе абайлап.
Мағлұм шал сол арадан көшерінде,
Кетіпті бір шыбыққа қағаз байлап.
Қағазды шал жазыпты мағлұм айлап:
«Кез келдің, балам, маған Құдай айдап.
Әлімше құрмет қылдым, күйеу қылдым,
Қолымнан келгенінше барын жайлап.
Уәйіс—менің атым деген шалмын,
Мекенім арасында жоқ пен бардың.
Кезесің, таба алмайсың енді міні,
Қыдырған дүниежүзін жаһан салмын.
Баламыз жүкті болған сенен деймін,
Көрмейсің еш жамандық менен деймін.
Туған соң таза сақтап балаңызды,
Жеткізіп өзіңізге берем деймін.
Айтарлық сөзім бітті, балам, сізге,
Қош айтқан шалдың сөзі өзіңізге.
Дүниелік жолдас емес ақыреттілік,
Тиеді қияметте, балам, сізге».
Қол қойған Уәйіс деп шал уә ассалам,
Сөз бітті осыменен қасыл калам.
Асан ер зарланады айдалада,
Мазмұнын мына хаттың білген заман.
—Айналайын, шал ата,
Құлағыңды сал, ата?!
Орныңа келдім, зар болдым,
Пана болмай дала, ата!
Келгемін іздеп жұртыңнан,
Бола алмады-ау мән, ата.
Адасып жүріп кез болдым,
Басында қуып аң, ата!
Екі бірдей жарымнан,
Айырылып болдым мен шата.
Балалықпен болжамай,
Басымнан өтті сан қата.
Жете алмадым сертіме,
Дауа барма дертіме?
Бұрынғымдай түзіліп,
Ата ма маған таң, ата?!
Елсіз жерде зар болып,
Дүния маған тар болып,
Іздегенім жар болып,
Болды-ау басым даң, ата!
Өтірікші атанып,
Көп қайғыға маталып,
Жол таба алмай шаталып,
Болды-ау мұндай заң, ата!
Қос ғашық жар жолдасым,
Жасы бірдей құрдасым,
Жолдас болып аз ғана,
Айырылып қалдым сор басым.
Жолдас қылдың, Құдая,
Қырық шілтен сырғасын.
Кез келтіріп түнеттің
Уәйістің ордасын.
Қадірін білмей айырылдым,
Қосып ең Құдай нортасын.
Қағып кетті қалың сор,
Келісіп еді ұрғашым.
Жар таба алмай бұ сынды,
Ғашық жардай пішінді,
Ертеңді-кеш зарығып,
Жылаумен өтер бұ басым.
Қайғырып Асан үйде жата берді,
Көзінде жас, көңілі қайғы-шерлі.
Бір күні Асан түнде жатыр еді,
Тұсынан біреу келіп «Асан» деді.
—Асан атты шақырған кімсің?—деді,
Танымаймын жөніңді айт, сені—деді.
Адамбысың, жынбысың, перімісің?
Мезгілсіз шақырасың мені—деді.
—Қызымын Уәйістің болған қатын,
Машайық жаһан кезген ата затым.
Қырқынан шықты балаң құндағынан,
Мінеки, менде болған аманатың!
Асан да тұра ұмтылды—тоқтай тұр,—деп,
Аз ғана маған жаным мойның бұр?—деп.
Қыз кетті құстай ұшып ғайып болып,
—Сөйлеуге рұқсат жоқ, аман бол!—деп.
Далада бала жатыр шықса тысқа,
Қашқан қыз ілестірмес ұшқан құсқа.
Алып келді баланы құндағымен,
Баланы асырауға кемпір ұста.
Мұнымен өте берді бірталай күн,
Асанды шақырады тағы бір түн.
Оянды, жатыр еді ұйқылы-ояу,
Көтеріп басын сонда деді,—Бұ кім?
Мен,—деді,—Шілтен қызы, құлағың сал,
Бар еді арамызда аз ахуал.
Үйіңнің төбесіне қойып кеттім,
Тұр дағы, Асан мырза, балаңызды ал.
—Тоқта,—деп айғай салды оған және,
Сөзім бар айтатұғын біраз ғана.
Жүгіре шықса, қыз түгіл дәнеме жоқ,
Жөргекте жатыр екен бір жас бала.
Баланы жөргегімен қолына алды,
Ойлады бұрын болған ахуалды.
Шешесі жоқ екі еркек жетім ұлды
Тынымсыз сорлы шеше асырады.
Ержетті жасқа толып екі бала,
Панасы бастан-аяқ хақ Тағалла.
Аман ғып енді Сырда отыруға
Асанды жатқызбады қайғы, сәна.
Сапарға даярлады Асан өзін,
Қыдырып желмаямен дүниежүзін.
Әр нәрсеге ат қойып «атансын» деп,
Асанның жұрт біледі айтқан сөзін.
Аралап дүниенің шетін шалған,
Жатқызбай ойындағы қалың арман.
Қасірет, қайғы қапшық болғаннан соң,
Атанып «Асанқайғы» сонан қалған.
Асанның айтқан сөзі жұртқа мәлім,
Білгенше баяндадым ахуалын.
Әр нәрсені бір көріп, баға беріп,
Қайғырып жылайды екен соғып санын.
Асан деп аты шыққан заманадан,
Білмейді кім екенін оқымаған.
Тарихын Ертегі ғып алып едім,
Жасымда Қаратаулық бір қожадан.
Жинадым Асанқайғы болған жайын,
Бар сөзі түгел емес бізде дайын.
Болған соң ақы қалам жазып едім,
Тамыз деп ақ қағазға көздің майын.
Бұл жинақ жазбақ міндет болды маған,
Жері көп арасында ұнамаған.
Сынап көріп түгелдей бас-аяғын,
Нұрлыбек ендігісі міндет саған!
Қажет жоқ соза беру алыс тартып,
Тоқтасын сөз аяғы қасыл қалам.