Мазмұнға өту
Мақала жариялау
academ.kz онлайн сабақ беріп, қосымша табыс табыңыз·оқушы Kaspi арқылы тікелей сізге төлейді·комиссия 0% academ.kz қосымша табыс табыңыз·14 күн тегін 14 күн тегін Тегін бастау

: «» · ₸

Асанқайғы (Жүсіпхан Жұртбаев нұсқасы) (1-бөлім)

Аңыздық жырлар · Жүсіпхан Жұртбаев нұсқасы · 3 мин оқу

Сөйлейін бір хикая тыңда, жұртым,
Көңілдің әңгіме ашар қайғы бұлтын.
Қызыл тіл саған дағы келді кезек,
Үйлестір алтындай ғып сөздің сыртын.

Өтіпті бізден бұрын талай адам,
Өлмей тірі қалған жоқ заманадан.
Бай болсын, батыр болсын, патша болсын—
Бәрі де өлім-туым жалғалаған.

Бар өмір екі есіктің арасында,
Кезігер мезгіл жеткен шамасында.
Адамзат атына ие болғаннан соң,
Қаласың дүниенің жаласына.

Ал бұрын туып-өскен талай зат бар,
Оларға бөлек-бөлек қойған ат бар.
Түрлі тіл дүние айналған жерге ие боп,
Солардың арасында аз қазақ бар.

Үш жүзге бөлінеді қазақ аты,
Татардан бөлінеді арғы заты.
Кәрлі хан, қадырлы би, дәулетті бай,
Қайғылы қариялы діл санаты.

Мекені ол уақытта Сырдың бойы,
Сайрандап атрапты шалқып жатты.
Руы Ұлы жүзде қаңлы заттан
Бар екен бір саятшы Сәбит атты.

Үйі бар Сырдария жағасында,
Заманы Ормамбеттің шамасында.
Ау құрған, аң аулаған, ит жүгірткен,
Қаңлының кедей-шаруа арсынында.

Сәбиттің басқалардан кәсібі жат,
Істемес аңнан басқа еш қаракәт.
Басында-ақ жалғыз қатын, баласы жоқ,
Тағы да кемқос еді мал, қаражат.
Әдеті Сыр суына ауын салар,
Ауменен машығы сол балық алар.
Қырық күн сыртпен салып ауын суға,
Не түссе, қырық күн кеше ауқат қылар.

Болған жоқ бұл кәсібі тіпті жаман,
Жетіпті бір орталы жасқа таман.
Қатыны жүкті бопты жапырақ жарып,
Қураған гүл ашылып заманадан.

Сәбитке таң атады нұр шашылып,
Қайғының қоршап жүрген бұлты ашылып.
Жылаған бала үшін Сәбит байғұс,
Көңілі кетіп еді-ау кер жасырып.

Ауырды Сәбит бір күн науқас шалып,
Жатыпты ыңыранып төсек салып.
Қоштасты қатынына сайып қыран,
Меңдеген науқасынан көңілі қалып.

—Өсиет, ей, жолдасым, құлағыңа,
Болмайды енді жалған тұрағыма .
Қыдырған ой мен қырды қайран басым,
Ажалдың іліндім мен тұзағына.

Жеті айлық бала қалды ішіңізде,
Жаратқан сүйіндірсін ұзағына.
Ұл туар менен кейін мезгіл жетіп,
Бұл дәурен сізге барар бізден өтіп.
Біреуі өліп, біреуі тірі қалмақ,
Мирас бұл әуел бастан келер-кетіп.

Ұл туар мирасқор боп маған сізден,
Ие бол нәрселерге қалған бізден.
Орыныма тұтқа болар туған бала,
Иншалла, көрмесем де көзімізбен.

«Асан» деп ат қойыңыз баламызға,
Отыртып көре алмадым арамызға.
Көре алмай өз көзіммен пәрзәнтімді,
Қабырға жылай-жылай барамыз да.
Ақсұңқар құсым қалды, құмай тазы,
Мұны ұстар сері жігіттің өнерпазы.
Тұлпар ат төрт аяғы жез тағалы,
Мініске болдырмайтын қысы-жазы.

Осыны өз көзіммен тапсыра алмай,
Өмірдің, уа, дариға, болған азы.
Жылаймын, армандаттың, жалған дүние,
Жетеді біз пақырдың кімге назы?!

Жолдасым, енді аман бол бізден бұлай,
Сақтасын әр пәледен сені Құдай.
Қайтпасқа қосымды артып жөнелген соң,
Өтеді қалған күнің жылай-жылай.

Әйелім, сабырлық қыл, нетбес іске,
Қуғанмен ізін шалып жетпес іске.
Болмасқа бордай тозба, белді байла,
Адамзат ешбір қайла етбес іске.

Артын сұра Алладан көп зарықпай,
Жылап жасың біреуге өтпес іске.
Қайғы шығып басыңды қаңыратпасын,
Ем іздеме жарасы бітпес іске.

Ұмытпа мен секілді жұбайыңды,
Қуат көр жаратушы Құдайыңды.
Әрне болса бақытыңнан көресін де,
Еш уақыт жолдас қылма уайымды.

Жөнелді осылай деп Құдай жаққа,
Ұсынды иман айтып мойнын Аққа.
Жылап болып қатыны жабдық қылды,
Ақ жауып аруалатып қойғызбаққа.

Кебіндеп жұрты қойды таза қылып,
Қатыны жылап қалды наза қылып.
Бұрынғы әдетімен қатын байғұс
Жібермейді ауын судан қаза қылып.

Әдетпен ауын бақты суға салып,
Қарекет кәсібі үшін балық алып.
Өзі жүкті, тағы да қайғы басып,
Әйтеуір зорға жүрер өліп-талып.

Мұныменен бірталай күндер өтті,
Толған соң мезгіл келді, толғақ жетті.
Ұл тапты толықсытып толған айдай,
Сенімді бишараның бір үмітті.

Аңыздық жырлар

Барлығы: 81 аңыз

Тағы оқыңыз