Есекқырған (2-бөлім)
Аңыздық жырлар · 3 мин оқу
Жүресің күй таңдамай күшің адал,
Болған соң еті, сүтің бәрі арам.
Тарамыс, көке, жасық етің сенің,
Қап-қара қу ағаштай сіңір-тарам.
Есегім, ендігі әрі есірмессің,
Көргенің бұл қорлықты кешірмессің.
Ханыңыз тақтан түсіп қалған күні,
Жегіліп ол малғұнды көшірмессің.
Жүреді тыста мысық көзін қысып,
Мауықса, аунақшиды қолтығы ысып.
Білді ол «сөз бен билік күштіде» деп,
Болса да аузы қисық, мұрны пұшық.
Ит, мысық таласқаны бір саптаяқ,
Есекке ашылмас сор—қамшы, таяқ.
Өңезге үймелеген шыбындай боп,
Жүретін бәрі бірдей ханды жанап.
Ит, мысық күнін көрген ыдыс жалап,
Қалады дүрдиісіп, ішсе шалап.
Еті де, сүті де арам, не жүні жоқ,
Есекті кім санасын малға балап.
Шешуге бір ертекті қылдым талап,
Ішінен көп жұмбақтың алдым қалап.
Айта алмай білгенімді, көргенімді,
Жүруші ем алды-артыма жалтақ қарап.
Мұным бір күдігім ғой көз жетпейтін,
Көзіндей бәсең ине жіп өтпейтін.
Шешетін жер мен көктің жұмбағы көп,
Көзімнен, көңілімнен бір кетпейтін.
Жайына көзін қысып мысық кеткен,
Түбіне көк есектің күшік жеткен.
Бір түннен шақырайып жұлдыз шыққан,
Аңыз бар үлкендерден бұрынғы өткен.
Істейді ит иттігін әрқашанда,
Құмайы тазысы деп таңдасаң да.
Мияқта таққа мінсе, хан атанған,
«Жан-ау» деп көзіңді оған салмасаң да.
Үреді ит қатты абалап алдасаң да,
Шағады жылан-шаян арбасаң да.
Шай ит, мысыққа ас болмас-ты,
Өзегін өлмесін деп жалғасаң да.
Құламас тақтан патша қарғығанмен,
Тісіңді кәрің тігіп қайрағанмен.
Есекке салпақ құлақ не кешірім,
Есікке мықын байлап, матағанмен.
Патшаның зығырданы қайнағандай,
Бақылдап көк шыға құр ойнағандай.
Жүйкесі жұқарғанда әміршінің,
Болады қан-жынға әсте тоймағандай.
Билігі патшалардың ашуында,
Атқан оқ құлан-киік қасуында.
Бейнеті ақылсыздың ажалымен,
Асқақтап әлін білмей асуында.
Ит дағы алжымақшы көп үрген соң,
Есек те титықтамақ көп жүрген соң.
Хан дағы тесілмекші қатуланып,
Сыртқы жұрт келемеждеп көп күлген соң.
Сөз бар ғой «ел құлағы—елу» деген,
Көз дағы жіті келмек көруменен.
Болмақшы сөйлей-сөйлей адам шешен,
Қатады ит тұяғы желуменен.
Тізеде отырған ит көп сыр білген,
Ханның сөзін, ығын ішке түйген.
Қожасын қоримын деп үрсе дағы,
Нелер кәп құлаққа елдің жаман тиген.
Патшаға мәңгібақи кім жағады,
Қит етсе, итаршығамін тағады.
Төбеден Құдай ұрды дей бер, шырақ,
Түйілсе әміршінің қас-қабағы.
Атанған бір жұлдыз бар «Есекқырған»,
Тұсында залым патша, бір антұрған.
Итті де «көп үрді» деп өлтіріпті,
Жендетке қылыш қайрап дайын тұрған.
Өлгені ит, есектің түнгі бір шақ,
Мұндай шақ көп болады, сөзіме бақ.
Құрылған тор-тозақтан құтылмасаң,
Қарақтап сауысқаннан болсаң да сақ.
Бейнетті елемейді ит пен есек,
Болса да мұз бенен тоң оған төсек.
Діңкесі құрып жүрсе, өң мен түс не,
Өлгені, тірілгені болмай есеп.
Есте жоқ, есепте бар бәрі солай,
Қалғандай мал тезегі кеуіп жолай.
Қашанда бос орынға дәмелі көп,
Табам деп одан олжа тегін оңай.
Ит, есек хан қасына таласы сол,
Ішетін асы-суы болған соң мол.
Шығармас тегін олжа, тауға ешкімді,
Болды енді, міне, екеуі ақыры қор.
Ит, есек таусылмаған қырғанменен,
Қайтпаған беті дағы сынғанменен.
Аң мен мал кете алмаған тұрағынан,
Хан, патша ұрып-соғып қуғанменен.
Ит, есек титыңдаған азап шеккен,
Өткен соң сөз сүйектен, таяқ еттен.
Аянар ештемесі қалмағанда,
Патшаны алған олар бір күн беттен.
Сықылды есек пен ит шыққан өрттен,
Әлдебір жаңа тұрған ауыр дерттен.
Ашынып қан жұтқандай болғаннан соң,
Бір күні хан иесін қапқан, тепкен.